Егер Еуразияның, оның ішінде, әсіресе, Қазақстан мен оның көршілес жатқан мемлекеттерінің геосаяси тарихына назар аударатын болсақ, онда кең-байтақ аумақтағы аса ірі өркениетті байланыстырушы елдерді көреміз. Олар Қытай, Үндістан, Таяу Шығыс пен Еуропа елдері, т.б. Бұл жерде біздің еліміз арқылы өткен Жібек жолының маңызы зор. Жібек жолы – бұл тек қана жібек матасын артқан шұбатылған керуендер, түрлі елдердің көпестері ғана емес. Шын мәнінде жібектің осы жолдағы аса басты тауарлардың бірі болғаны да рас. Бірақ бұл жолда түрлі елдерде өндірілген түрлі тауарлар саудасы да қызып тұрған. Сонымен бір мезгілде, осы жол төңірегінде түрлі халықтар арасында білімдер, идеялар, ақпараттар алмасылып отырған.
Осы жолмен діни оқулар, философия кең таралған, бұл жол арқылы саяхатшылар, зерттеушілер, сондай-ақ, сол уақыттағы жансыздар мен барлаушылар жүріп тұрған. Бүгінде тәуелсіздік алған Қазақстан Республикасы мен оның негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаев елімізді Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы алтын көпір етуге ұмтылыс танытып отыр. Яғни, бұл өңірдің бұрынғы қызметін тарихи тұрғыдан қалпына келтіру деген сөз. Осыдан 20 жыл бұрын мемлекетіміздің негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаев М.В. Ломоносов атындағы ММУ-дің профессорлық-оқытушылар құрамының алдында жария етілген Еуразиялық экономикалық одақ тұжырымдамасы қалыптасқан тарихи өмір шындығына, демек, біздің тарихымызға, уақытымыз бен болашағымызға толықтай сәйкес келеді. Тіпті, Кеден одағына кіре отырып Қазақстан Қара және Балтық теңіздеріне баж салығынсыз шығуға мүмкіндік алды. Қазіргі кезде Владивосток арқылы Тынық мұхитына да еркін өткел тауып отырмыз, теміржол және автомобиль магистралі құрылыстарының аяқталуы елімізді Еуропа мен Азия арасындағы аса қуатты көлік дәлізіне айналдырса, бұл өз кезегінде Азия-Тынық мұхиты өңірімен байланыстарымызды одан әрі қарай да дамытуға оң ықпал ететін болады.
Өткен ғасырдың 70-ші жылдарының тарихшылары XIX ғасыр – Еуропа ғасыры (фунт стерлингтің, франктің, мәдениеттің, техникалардың үстемдік құруы, бүкіл әлемді дерлік жаулап алу, т.б.), ХХ ғасыр – Америка ғасыры (әлемдік валютаға айналған доллардың үстемдік құруы, идеологияның, құндылықтардың, экономиканың, әскери әлеуеттің, т.б. артықшылықтары), ХХІ ғасыр Азия-Тынық мұхиты өңірінің ғасыры деген тұжырым жасаған-тын. Қазіргі даму барысы бұл ұстанымдардың ақиқат екенін айғақтап отыр. Заман талабына жауап беретін әлемдегі екінші және үшінші экономикалық державалар, аса жаңа технологиялар, әскери әлеует, саяси салмақ, идеология мен құндылықтар, бәрі-бәрі осы өңірде орналасқан.
Егер біздің таяудағы, яғни КСРО кезеңіндегі тарихқа қайта оралар болсақ, онда Қазақстан мен Орталық Азия Республикалары РСФСР аумағында өте қуатты рынокқа иелік етті және Еуразиялық экономикалық одақ құру, шын мәнінде, әлемдегі аса ұзын шекарасы бар көрші елдердің өзара тиімді сауда-саттық үдерісін қалпына келтіреді. Кеден одағы жұмысының алғашқы жылдарының нәтижесі-ақ осы бірлестіктің өзара тиімді екенін көрсетіп берді. Еуразиялық экономикалық одақ құрумен байланысты өзара тиімді ынтымақтастықтың арта түсетіні сөзсіз. Біздің өндірісіміз, бизнесіміз тек жылыжайлық жағдайларда дами алмайтыны түсінікті. Ол әлемдік экономиканың бәсекеге қабілетті ортасына мүмкіндігінше жылдам кірігуі тиіс. Осындай қатаң бәсекелі күрессіз біз қазіргі өркениеттің күреңдісінде қаламыз.
Кей кездері біз Қазақстанда өндіріс жоқ деген сөзді естіп қаламыз. Бір жағынан алып қарағанда, мұндай ұстанымдағылардыкі ішінара дұрыс, бірақ басты себептердің бірі өнімдерді өткізу рыноктарының жоқтығы болып табылады. Барлық мемлекеттер үшін басты, тіпті, ең басты деуге болатын экономиканың қозғалтқышы өнім өткізу рыногының, яғни тұтынушылардың жеткіліктілігі десек, қателеспейміз. Еуразиялық экономикалық одақ құра отырып, біз 170 миллион адамға арналған ортақ рынокқа шығамыз. Міне, біздің өнімдеріміз үшін өткізу рыногы дегеніміз осы, яғни еліміздің экономикасын өрге шығаратын қозғалтқыш – тұтынушы-сатып алушы. Бірақ бұл бос кеңістік емес, бұл жеткілікті түрде толысқан рынок. Сол жерден біздің өндірушілеріміз лайықты орнын таба білуі, яғни бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Әрі қарай да дамығылары және байығылары келетін Беларусь және Ресей өндірісшілерімен арадағы бәсекелестік қатаң болады. Дегенмен, қазіргі қолда бар барлық оң нәтижелерге қарамастан, біз өз экономикамыздың шынайы сұлбасын көз алдымызға елестете аламыз. Біздің өндірісшілеріміз, шағын және орта кәсіпкерлеріміз өздерінің бәсекелестерімен күресте белгілі бір деңгейде жеңіліс табады. Мұның бірнеше себептері болса, солардың бірі Беларусь пен Ресейде қалыптасқан өндірістік базаның болуы. Жеңіске жету үшін біздің өндірісшілеріміз бен кәсіпкерлеріміз үш басты міндетті шешулері тиіс: бірінші – бұл өндірілетін өнімнің сапасын айтарлықтай жақсарту. Бұл бағытта ғылыми тұрғыдан атқарылатын жұмыстар шашетектен. Екінші – бағаны барынша төмендету. Үшінші – біздің бизнес 100 және одан да көп пайыздық табыстан бас тартып, 10 пайыздық табысты қанағат тұтуы тиіс. Өйткені, бүкіл әлемде осындай үрдіс қалыптасқан. Міне, осындай жағдайда біздің өндірісшілеріміз бен кәсіпкерлеріміздің Беларусь пен Ресей рыноктарынан лайықты орындарын табатындарына мен сенімдімін.
Сонымен бірге, біздің кәсіпкерлеріміздің сөздеріне қарағанда, түрлі себептер мен желеулерді көлденең тартатын ресейлік шенеуніктер мен бюрократтар Қазақстан тауарларын Ресей рыноктарына шығаруға тосқауыл қояды екен. Мұнымен Еуразиялық экономикалық комиссия айналысуы тиіс. Әріптестік, мен айтар едім, достық қарым-қатынастар тек адал да әділетті бола алады. Алдау мен арбаудың кез келген әрекеті еуразиялық интеграцияның қарсыластар санын ұлғайтып, оны банкроттық пен ыдырауға алып келуі ықтимал.
Енді бүгінгі күн шындығына тоқталайық. Мысал ретінде Ресей ұсынған жылына 60 мың тонна ет квотасын алуға болады. Бұл біздің ауыл шаруашылығымыз үшін орасан мүмкіндік. Алайда, біздің аграршыларымыз ондаған мың бас ірі қара сатып алу базасында Ресейге 60 мың тонна ет экспортын жолға қоюға ұмтылыс танытып отырған жәйт басқа мәселенің ұшығын шығарды. Сиырдыкі болса да жаңадан ондаған, тіпті, одан да көп ауыз пайда болды. Бұған жем-азық базасы дайын емес болып шықты. Оңтүстікте өндірілетін жем-азық жаппай сатып алына бастаса, өз кезегінде бұл оның қымбаттауына алып келді. Іс жүзінде бұл жем-азық өндірушілер үшін өз өнімдерін ұлғайтуға жаңа мүмкіндіктер береді. Тұтынушылар мен сатып алушылар саны артқан сайын қосымша жұмыс орындары ашылатыны табиғи жайт. Сөйтіп, тізбек жалғаса түседі. Мәселен, 2020 жылға қарай Ресейге жылына 100 мың автомобиль экспортын жолға қоюды да тізбекті реакция деуіміз керек. Өйткені, көліктердің доңғалағы мен қосалқы бөлшектері, басқа да керек-жарақтары Қазақстанда жасалатын болады.
Ресей және Беларусь рыноктары жаңа жұмыс орындарын талап етсе, жем-азыққа сұраныс та күрт артады. Бұл – қосымша еңбекақы, тұрғындар табысының артуы деген сөз. Халық табысының артуы оның сатып алу қабілетін жоғарылатса, ол өз кезегінде экономика өсімінің локомотивіне айналады. Мұндай мысалдарды басқа салалар бойынша да келтіруге болады.
Соңғы мәліметтерге иек артсақ, біздің өнімдеріміздің Кеден одағы елдеріне экспорты 3 пайызға ғана қысқарыпты, бұл жаман көрсеткіш емес. Енді осы мәселені жіліктеп көрелік. Бәрінен бұрын, біз қай жерде ұтқанымызды, қай жерде ұтылғанымызды анықтап аламыз. Мәселен, шикізат экспорты 12 пайызға қысқарса, кондитер өнімдерінің экспорты 3 есеге артқан, яғни өсім 200 пайыз деген сөз. Сондай-ақ, цемент 17 есе, яғни 1600 пайыз, трансформаторлар 16 есе, яғни 1500 пайыз өскен. Бірақ, жалпы дайын өнім экспорттың пайдасына емес, сондықтан 3 пайыз төмендегенін көрсетеді.
Өзіміз білетіндей, біздің стратегиялық міндет – әртараптандыру, шикізат экспортынан дайын өнім экспортына көшу. Жоғарыдағы сандар осы бағытта жұмыс істеліп жатқанын көрсетсе керек. Демек, Еуразиялық экономикалық одақ құру біздің дұрыс жолмен келе жатқанымызды айғақтайды және мен осы стратегиялық бағытқа күмәнмен қарауға еш негіз жоқ екенін анық аңғарамын.
Камал БҰРХАНОВ,
саяси ғылымдар докторы, профессор, Парламент Мәжілісінің депутаты.