Спорт • 13 Қараша, 2022

Болашақ чемпиондар белдесуі

386 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Балалар жылы» аясында КСРО спорт шебері, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Құрметті спорт қайраткері Амангелді Аймағам­бетовтің құрметіне еркін күрестен 2008 жылғы және одан кіші жасөспірімдер арасында қалалық ашық біріншілік өтті.

Болашақ чемпиондар белдесуі

Амангелді ағаның есімі аймақтың спортсүйер қауымына жақсы мәлім. Кеңес өкіметі тұсында еркін күрестің шебері атанып, талай мәрте байрақты додаларда топ жарған спортшы әкеден ерте қалған. Әкесі 37-ші жылы «халық жауы» деген жаламен ұсталып кеткен соң балалар үйіне өз еркімен барады. Онда өзі қатарлас балалармен алысып-жүрісіп жүріп күрестің негізгі тәсілдерін алғашқы мұғалімдерінен үйрене бастайды. Кейін Павлодар қаласына келіп, жоғары спорттық білім алады. Спорттағы өрлеу жолын біздің облыста бастаған ағамыз шеберлігінің арқасында дүйім республикаға танымал болып, Қазақстан спортының тарихында өшпес із қалдырды. 1959 жылы аймақтар арасында өткен аламанда жартылай ауыр салмақта сынға түсіп, финалда атақты Әбілсейіт Айхановпен белдескен. Одан ұпай санымен ұтылса да Амангелді аға Павлодар облысының пайдасына күміс жүлдені олжалайды.

Биыл 17-ші рет өткізілген дәстүрлі додаға Астана, Петропавл, Қостанай, Көкшетау, Семей, Өскемен, Степногор қалаларынан және Павлодар өңірінен 350-ге жуық жас балуан жиналып, ер балалар 14, қыздар 9 салмақ дәрежесінде күш сынасты.

– Турнирдің ойдағыдай ұйым­дастырылуына облысымыздағы грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы, ағайынды кәсіпкер Сәдуақасовтар, облыс­тық кәсіподақ ұйымдары демеу­шілік жасады. Менің даңқты шә­кірт­терім, күрес бапкерлері Оразалы Мұхаметәлінов, Нұрлан Оразалинов құрметті мейман ретінде Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Дәулет Шабанбай ашылу салтанатына қатысып, абыройымды асырғаны үшін алғысым зор. Жас ұландар жақсы дайындықпен келгені көрініп тұр, әсіресе, жоғарғы салмақтағы спортшылардың аяқ алысы ұнады. Бұл турнирді республикалық деңгейге көтергіміз келеді, – дейді ардагер спортшы.

Сайыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері естелік сыйлық­тармен, кубоктармен, медальдармен және грамоталармен марапатталды. Жарыстың бас төрешісі Ерназар Қасқырбайұлы олардың барлығы Екібастұз қаласында өткізілетін республикалық турнирге жолдама алатынын атап өтті.  Жалпы, аймақтардағы спорт мектептерінде жаттығатындардың дені ауыл балалары екені айқын.  Мұндай аймақтық ашық бәсекелер арқылы жасөспірімдердің арасынан мықтылары іріктеледі.

 

ПАВЛОДАР