Экономика • 13 Қараша, 2022

Жиһаз өндірісі тығырықтан қалай шығады?

641 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Келешекте үлкен әлеуетке ие болу мүмкіндігі бар бірегей сала – жиһаз өнеркәсібі. Бұл – бізде даңғыл жолға түсіп кете қоймаған бағыт. Дегенмен соншалықты тұралап қалған да кәсіп емес. Көбіне шикізат көзі импорттық болғандықтан, өндірістің аяғы тұсалып қала береді. Алайда саланы дамытудан үміт бар. Биылғы 9 айда жиһаз өндірісі 4,2 пайызға өсіп, қаржы айналымы 46,7 млрд теңгеге жетті.

Жиһаз өндірісі тығырықтан қалай шығады?

Мұндай өсімге әсер еткен басты себеп – инвестицияның молынан салына бастауы. Жыл басынан бері өнеркәсіптің осы түріне 3 млрд теңгеден астам инвестиция құйылған. Бұл былтырғы 8 аймен салыстырғанда 63 пайыз­ғ­а көп. Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, инвестиция жаңа жобалармен жұмыс істеп тұр­ған кәсіпорындарды одан әрі дамытуға бағытталған. Мә­се­лен, биыл Шымкент қала­сын­да жиһаз өндіретін «Mega Smart B2B» ЖШС іске қосылса, Сол­түстік Қазақстан облысында «Сапа Инвест Плюс» ЖШС жиһаз өнеркәсібі үшін шикі­зат компоненттерін шығару кәсіп­орны пайдалануға берілді.

«Өңірлер арасында жиһаз өнімдерін шығару бойынша жетекші орынды Алматы қаласы алады. Мегаполисте жиһаз өндірісінің көлемі 13,3 млрд теңгені құрайды. Шаһар аума­ғында осы саладағы бар­лық жұмыс істеп тұрған кәсіп­орын­дардың 30 пайызы шоғыр­лан­ған. Сондай-ақ жиһаз өндірісі бойынша көшбасшылар қатарын­да Алматы (3,5 млрд теңге), Қарағанды (3,4 млрд теңге) және Павлодар (3,4 млрд теңге) облыстары кіреді», делінген министрлік хабарламасында. 

Елімізде жиһаз өнімдерін тұтыну нарығы өткен жылы 221 млрд теңгені құраған. Сарап­шы­лар халық санының өсуі, көші-қон, кірістің ұлғаюы, инфра­құрылымның кеңеюі, сондай-ақ жаңа тұрғын үй жобалары мен коммерциялық үй-жайлар құры­лысының өсуі есебінен жи­һаз өнімдерін әлемдік тұты­ну­дың тұрақты өсуін болжайды. Бұл ретте ведомство жиһаз өнімдерін өндірудің қосымша өсуі­не ықпал ететін фактор ре­тінде – 2023 жылдың шілдесінде бар­­лық мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъек­тілері үшін офистік жиһаз сатып алуға мораторий мерзімінің аяқталуын атап өткен. Дегенмен әзірге шектеу күшін жойған жоқ.

Ұлттық статистика бюро­сы­ның 28 қазандағы мәлі­метін­ше, кеңседегі ағаш жиһаз­дар­ды өндіру 10,1 пайызға азайып, 173 307 бірлікті құраған. Қа­зақ­станда негізінен асхана мен қонақүйлер үшін ағаш жиһаз­дар, асүй жиһазы, жатын бөлме гар­нитуры, орындықтар мен үстел­дер, сондай-ақ металл жабынды арнайы жиһаздар дайындалады. Өндірістің ең үлкен өсімін орындыққа арналған металл жақтауы бар жиһаз сегменті көрсеткен (9,8 пайызға өскен) – тоғыз айда 869 128 бірлік өнім өндіріліпті. Сондай-ақ асүй жиһазына да сұраныс бар (72 991 бірлік, +8,8 пайыз).

Өндірістің адымын аштырмай тұрған басты себеп шикізат жетіспеушілігі екенін жоғарыда айттық. Бұған дейін Қазақстан ағашты Ресейден сатып алып келген. Енді геосаяси ахуалдың күр­деленуіне байланысты им­порт мәселесі де қиындай түсті. Жиһаз және ағаш өңдеу өнер­кәсібі қауымдастығының басшы­сы Қанат Ибраевтың айтуынша, бұ­рын бір текше метр тасымал құны шамамен 3-3,5 мың теңге болса, енді оның құны 12 мың­ға дейін жеткен. Өзіндік құн ішін­дегі логистиканың шығыны 40 пайызды алып тұр. 

«Ресейден тасымалдап келген материалдардың өзіндік құны қымбат болып тұр. Бірнеше позиция бойынша тағы да қым­баттау болады. Шамамен баға 20-25 пайызға өседі», дейді «Mega Smart» ЖШС техникалық департаментінің жетекшісі Руслан Тұрмаханов. 

Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының хабарлауынша, өндіріс орындары шикізатты екі айдан ас­там уақыт бойы күтуге мәжбүр. Соның салдарынан елдегі кеңсе жиһаз­дарын өндіру көлемі 10 па­йызға төмендеген. Бара-бара жағдай тіпті күрделенуі ықти­мал. Сарапшылардың айтуын­ша, осыған дейін елімізде шикі­зат өндіретін зауыт ашу жоспар­лан­ған, алайда шетелдік инвесторлармен ортақ мәміле табылмаған. 

«Әлемдегі жағдай да әсер етті, оның үстіне шетелдік инвесторлар да бас тартты. Бізде шамамен 2-2,5 млн текше метр орман бар, оны іскерлік айналымда пайдалануға, ағаш жа­сауға немесе өңдеуге жіберуге болады», дейді қауымдастық басшысы.

Шикізат бізге Ресейден ғана емес, Еуропа елдерінен және Беларусь пен Қытайдан да әке­лі­­неді. Егер импорт көлемі артса, онсыз да қалт-құлт етіп тұр­ған отандық өндіріс біржола құлдырауы ықтимал. 

«Адамдардың жиһазға қарау­ға мұршасы жоқ. Құрылыс­тың белсенді жүріп жатқанына қарамастан. Мемлекеттік сатып алу бойынша да қызығушылық төмендеуде. Ең қиыны, мемлекет іскерлік белсенділікті қол­даудың орнына, елде әлі күнге кеңсе жиһаздарын сатып алуға салынған тыйым күшін жоймай тұр. Сала үшін сұраныс керек. Тым құрығанда, кейінге қал­дырылған жасанды сұраныс. Сонымен қатар Ресеймен шекаралас аймақтардағы ондаған ағаш кесетін зауыттар жабылу алдында тұр. Ол жақта өңдел­меген материалды тасуға тыйым салынып, дайын өнім экспортына көбірек мән беріле бастады. Соның салдарынан жүздеген қазақстандық жұмыссыз қалуы ықтимал. Қостанай облысынан бізге шағым келіп түсті. 300 көлік жүргізушісі осы салада жұмыс істеген. Бұл тек жү­р­­гізу­шілер ғана. 300 КамАЗ қаң­тарылып тұр. Бұған ағаш кесетін зауыттардағы адамдарды қосыңыз. Ондай зауыттардағы орташа адам саны 20-25 болады. Қазір көбі жабылып жатыр. Шығыс Қазақстанда да жағдай осындай», дейді Қ.Ибраев. 

Оның айтуынша, өзімізде шикізат дайындайтын зауыттар ашуға болады. Бірақ астары терең «бірақтар» алдан орағытып шыға береді.

«Өндіріс дегеніміз – толық­қанды кешен, ол үшін шикізат қоры мол болуға тиіс. Біз болсақ орман шаруашылығы бойынша көп мүмкіндікті қолдан сусытып отырмыз. Бізде 1,5-2 млн текше метр көлемінде санитарлық ағаш кесуге және одан 600-700 текше метр плита материалын жасауға болады. Оның жартысы төменгі сорт болсын делік, соның өзінде 300-400 текше метр жылдық ішкі тұтыну көлемінің 30-40 пайызын жабуға жеткілікті болар еді. Бәрін де істеуге болады, бірақ ол үшін мемлекеттің қолдауы қажет. Тиісінше, біздің басты сатып алушымыз да – мемлекет. Осыған дейін адамдар қымбат жиһазға молынан тапсырыс беріп келсе, қазір тапсырыс күрт азайған. Клиенттер әлдеқайда арзан, дайын жиһаздарды таңдай бастады», дейді қауымдастық басшысы. 

Өндірістің басы-қасында жүрген азаматтардың айтуынша, саланы өндірушілер мүддесін ескере отырып дамытуға болады. Ол үшін салалық қосымша құн салығы ставкасын заң арқылы төмендетсе, жиһаз бизнесін несиелеу кезінде преференциялар жасалса деген ұсыныстар айтылды. Ал Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму ми­нистр­лігі 2023 жылы жиһаз өндірісі бойынша төрт ірі жоба іске қосылатынын хабарлады. Қазір кәсіпорындар құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп, құрылғылар сатып алып жатқан көрінеді. 2025 жылға дейін мемлекет тағы 12 жобаны іске асыруды көздеп отыр.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»