Алматы қаласында 4 қарашадан бері 531 сайлау учаскесі ашылған. Сайлау учаскелерінің мекенжайлары көрсетілген толық тізім «Вечерний Алматы» және «Алматы ақшамы» газеттерінің баспа нұсқаларында, олардың сайттарында, сондай-ақ Алматы қаласы әкімдігінің сайтында жарияланған. Сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтары өз сайлау учаскесін тексеруі үшін «1315» бірыңғай нөмір құрылған. Барлық ұялы байланыс операторларының абоненттері үшін қоңырау шалу тегін. Call-орталықтар демалыс күндерін қосқанда күн сайын 8.00-ден 20.00-ге дейін үздіксіз жұмыс істейді.
Жанна Асанова алматылықтардың сайлау учаскелеріне 2ГИС және Yandex Maps картасы қосымшаларының көмегімен бара алатынын, дауыс беру орындары картада белгіленетінін атап өтті.
– Қала әкімдігінің «Open Almaty» қоғамдық қабылдау сайтында және білім басқармасының мемлекеттік қызметтер порталында сайлаушылар тізімдерінен өзіңізді тексеруге мүмкіндік беретін сервис қолжетімді. Сайлаушылар тізімі тұрақты тіркеу қағидасы бойынша жасалған. Қазіргі мәлімет бойынша Алматы қаласындағы сайлаушылар саны 1 миллион 170 мыңнан асты. Сайлау учаскелеріне барлығы 11 мыңнан астам есептен шығару куәліктері тапсырылды, – дейді Ж.Асанова.
Ж.Асанованың айтуынша, барлық сайлау учаскесі сайлау жәшіктерімен, мемлекеттік рәміздермен жабдықталған. Учаскелік комиссиялар да кандидаттар туралы ақпараттық материалдармен, сондай-ақ сайлаушыларды қызықтыратын әдістемелік құралдармен толықтай қамтамасыз етілген. Бұл ретте кандидаттар туралы ақпараттық материалдарды үгіт материалдарымен шатастырып алмаған жөн. Барлық сайлау учаскесінде үміткерлер туралы ақпарат бірыңғай форматта ұсынылған.
Аумақтық сайлау комиссиясының жетекшісі зағип сайлаушылар үшін арнайы трафареттердің дайындалатынын айтты. Сондай-ақ ол ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған бейнероликтер, ақпараттық материалдары бар аудиожазбалар әзірленіп, мүгедектер арбасына арналған кеңейтілген орындар дайындалатынын жеткізді.
АЛМАТЫ