Қазақстан • 13 Қараша, 2022

«Арселор» қауіпсіздікке неге жауапсыз?

187 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жуырда ғана Қарағанды шахтасында орын алған келеңсіз жағдайдың себебі Үкімет деңгейінде тексеріліп жатыр. Қаралы хабар болған күні-ақ Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жетекшілік ететін Үкіметтік комиссия дереу іске кіріскен-ді. Комиссия алдағы уақытта шешім шығаруға тиіс.

«Арселор» қауіпсіздікке неге жауапсыз?

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшылығы апатты азайту үшін аянып қалмайтындарын айтып, ант-су ішіп әлек. Олардың сөзіне сүйенсек, компанияға құйылған инвестиция қомақты. Кейінгі жылдары 1 млрд долларға дейін жеткен. Биылдың өзінде 147 млн доллар инвестиция бөлінген. Бірақ қап-қап ақша қат-қабат қайғыдан құтқарар емес. Жеті қат жер астына түсіп, көмір қазатын кенші мамандығының өзі тәуекелге толы десек те, айдың-күннің аманында асылынан айырылып, аһ ұру бұл мәселеде солқылдаққа орын жоқ­тығын көрсетеді. Қоғам талабы да сол.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Биджу Наир қайғылы оқиғаның қайталанғанына қапалы екенін жеткізді. Сондай-ақ ол қаза тапқандардың отбасыларына моральдық және қаржылық қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Өзге міндеттемелерін де мүлтіксіз орындауға бейіл екендерін еске салды.

– Мұндай жағдайдың қай­та­ланғаны өзекті өртеп отыр. Оқи­ғадан соң іле-шала мар­құм­дардың отбасына бардық. Олар­ға барынша қаржылық және моральдық көмек көрсетіп жатырмыз. Қазір оқиғаның себебін анық­тау үшін тергеу басталды. Иә, біздің алдымызда шах­талардағы қауіпсіздікті қам­та­ма­сыз етуге байланысты зор мін­дет тұр. Мен осында кә­сіп­орындарымызды жұмыс­кер­ле­рімізді қауіпсіз ету үшін келген едім. Бұл қауіпсіздіктерді ертерек қамтамасыз ете алмағаным да менің жаныма батады. Алайда командамыз толықтай жұ­мыс­қа жұмылдырылған. Біз бұл міндетті де орындаймыз, кәсіп­орын­дарымызды қауіпсіз етеміз, – деді Биджу Наир.

Атқарушы директор Виджай Гоэль алдағы уақытта қайғылы жағ­дай қайталанбас үшін ком­па­нияның шаралар кешенін қабыл­дай­тынын айтты. Бұл күнде Ле­нин атындағы шахтада жұмыс тоқтап тұр. Шахтада жұмыс іс­теудің және оған байланысты тәуе­­келдердің тұжырымдамасы қайта қарастырылатын болады. Осы­ның негізінде атқа­ры­лар ша­­р­а­­лардың жоспары жасал­мақ.

– Жұмысты жақсарту үшін сырттан сарапшылар тартылады. 1 млрд доллар көлеміндегі инвес­тиция ендігі нәтижесін бере бас­тады. Бұл қаражат жұмыс­шы­ла­рымыздың қауіпсіздігін, қор­ша­ған ортаны қорғауға және құ­рал-жабдықты жаңғыртуға жұм­са­ла­ды, – деді Виджай Гоэль.

Шетелдіктер Қарағанды шахталарына қожалық еткен жылдары қанша апат болғаны туралы нақты статистика айтылмайды. Бірақ Ленин атындағы шахтада осыдан 16 жыл бұрын 41 адамды алып кеткен қайғылы жайт әлі елдің есінде. Онда техника қауіпсіздігін сақтамаған деп, шах­таның 6 жұмыскері сот­талған еді. Бұл жолы кім жа­заланбақ?

Ширек ғасыр бойына «Ар­селор­Миттал Теміртау» АҚ шах­­таларында дегазация жүргіз­беді деген мәлімдеме, расы керек, жұрттың жүйкесіне ши жүгіртті. Онсыз да ширығып тұрған қо­ғам­ның қитығына тиіп кеткен-ді. Былай қарасаңыз, шахтадағы сірескен газды шығармау – қолдан жасалған жарылыспен пара-пар. Бұл қаншалықты шындық? «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің директоры Арман Қалықов департамент тарапынан газды шы­ға­ру үшін барлық шараны жү­зе­ге асырғандығына сендірді. Оның айтуынша, гулеген ақпар шындыққа жанаспайды.

– Көмір департаменті дегазация жасау үшін бар жерүсті, жер­асты бұрғылаулар әдісін қол­­данады. Кей жылдары түрлі мақ­­сатта 400 шақырымға дейінгі ұңғы­малар бұрғыланды. Былтыр 310 шақырым бұрғыланды. Сон­дай-ақ метан газын сорып алу үшін неміс өндірушісінің зама­на­уи вакуумдық-сорғы стансаларын қол­данамыз. Шахталарда мұндай 26 станса бар. Бұл – ТМД-дағы ең ірі дегазация стансасы. Кейінгі 20 жылда АҚШ, Аустралия, Ресей, Қытай компанияларымен бірлесіп жұмыс істедік. Газ­сыздандыру тәсілдерінің бәрін шахталарда қолдандық. Атқа­рыл­ған істің байламы біреу ғана. Ол – біздің сілемдер төмен газ­далған деген байлам. Яғни сі­лем­дерді бұзғанда ғана газ шыға­тындығы. Газсыздандыру жұ­мысы бір минутқа да тоқтаған емес, – дейді Арман Қалықов.

Биджу Наир кеншілер үшін қауіпті жұмысты жүргізетін заманауи құрал-жабдықтар алуға биыл 40 млн доллар жұмсал­ға­нын айтты. Оның сөзіне сүйенсек, шах­таларда қашықтықтан бұр­ғы­лай­тын құрылғылар да бар.

– Биыл көмір департаментіне 147 млн доллар бағытталды. Оның 40 млн доллары газсыздандыру құралдарына жұмсалады. Біз алмаз жалатылған арнайы 25 бұрғылау құралына тапсырыс бердік. Оның бесеуін алдық. Құралдарды неміс компаниясы біздің шахталардың ерекшелігін ескере отырып орнатты. Төртеуі жұмысқа кірісті. Оның бірі – Ленин атындағы шахтада, – деді Биджу Наир.

Кісісі өлген үйге дәл қазір ат ба­сындай алтын берсе де, басына түскен қайғысынан құтқара алмасы анық. Дегенмен компания басшылығы қаза тапқан кен­шілердің отбасына ұжымдық шарт­қ­а сәйкес 10 жылдық жала­қы төлейді. Отбасына пәтер бе­­­ріліп, балаларының бірінші ж­о­­­ғары оқу орнының ақысы өте­­ле­ді. Былтыр дәл осы кезде қа­за тапқан 6 кеншіге қатыс­ты атал­­ған міндеттемелер орындал­ған екен.

 

Қарағанды облысы