Білім • 14 Қараша, 2022

«Алтын Жұлдызды» ұстаз ауыл балаларымен кездесті

379 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ардақты педагог Қазақ­станның тұңғыш Еңбек Ері Аягүл Миразова Жам­был ауданындағы Берік­тас ауылындағы орта мек­тепке арнайы келіп, оқу­шылармен кездесті.

«Алтын Жұлдызды» ұстаз ауыл балаларымен кездесті

Кездесуді осы мектептің ал­ғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Жанбол Өмірзақов ұйым­дастарды. Ал өзінің ең­бек жолын ауыл мектебінде педа­­гог-ұйымдастырушы болып бастаған, қазір Алматы қала­сы Медеу ауданы Ж.Жабаев атын­дағы №161 лицей директоры, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты Роза Сұ­ран­шиева ардақты ұстаз Аягүл Миразоваға жол бастап кел­ді. Ауыл мектебіне алғаш аяқ басқан құрметті қонақтарды ұстаз­дар мен оқушылар Шолпан Қисымбетованың «Аягүлім» әнімен қошеметтеп қарсы алды. Оқушылар мектеп, ұстаз туралы жыр-шумақтарын арнаса, домбыра оркестрі Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін тамылжыта орын­дап, мың бұралған биші қыздар «Қазақ биін» ұлттық таным-талғамға сай көркемдеді.

Мектеп ішін аралаған қадірлі ұстаздарға 10-сынып оқушысы Сабыржан Әлібек «STEM» каби­неті туралы ағылшын тілінде әңгімелеп беріп, балалардың қолынан шыққан түрлі роботтарды таныстырды. Кабинеттің жасақталуы мен оқушылардың жұмысына риза болған ұлағатты ұстаз робот техникасы сабағы оқушының ой-өрісін дамытып, оқып, үйреніп, зерттеулер жүргізіп, өз жобаларын жү­зеге асыруға мүмкіндік бе­ре­тінін айтты. Мұнан кейін мек­тептің 1980 жылғы түлегі, интернационалист-жауынгер, «Қы­зыл Жұлдыз» орденінің иегері, Ауған соғысында ерлікпен қа­за тап­­қан Серік Әшімовтің мұра­жайымен оқушылар таныстырып, ерлік жайында мағлұмат бер­ді. Ал Аягүл Төреқызы мұра­жайдың «Тілек бұрышына» өз қолтаңбасын қалдырды.

Жалпы, ауыл мектебіндегі әскери-патриоттық тәрбиенің жақсы жолға қойылғанын Аягүл Төреқызы әскери жетекші Жан­­­бол Тоқтасынұлының а­л­ғаш­­­қы әскери дайындық ка­би­не­тін аралап көргендегі алған әсерінен аңғаруға бола­ды. Ұлттық құн­ды­лықтар негі­зінде отан­шыл­дыққа, жеке тұлға­ны жан-жақты, ұлтжанды, қаһармандық рухта, адамгершілік қасиеттерге баулу дәл осы бөл­меден бастау алып тұрғандай көрінеді. Әскери кабинетті аралап көр­генде адамдар өздерін мұра­жайда жүргендей сезінеді. Бір айта кететін жайт, интернационалист-жауынгер Серік Әшімовке арналған мұражай мен оқушылар білім алатын ал­ғашқы әскери дайындық каби­нетіндегі тулар, вымпелдар, су­реттер, көрнекіліктерді Жан­бол Тоқтасынұлы өзінің жеке қаражатына жасаған. Мектеппен танысқан Аягүл Төреқызы өзі басқарған кездегі білім орда­сының жетістіктерін, ұлттық мек­­теп туралы, ұстаз бақыты төңі­регінде сыр-сұхбат кезінде сұ­рақ­тарға жауап берді.

Өз кезегінде Беріктас ауы­лын­­дағы орта мектеп директо­ры Райгүл Аманқұлова бұл кез­десудің ұстаздар мен оқу­шы­лар үшін өте әсерлі болғанын, тәр­биелік мәнінің зор екенін тілге тиек етіп Аягүл Төреқызына алғы­­сын білдірді. Ал ауыл әкімі Сандуғаш Молдағалықова құр­метті қонақтарға деген ыстық ілти­патын айтып, іс-шараны түйіндеді.

 

Алматы облысы