Қазір елімізде 20 қарашаға белгіленген кезектен тыс президент сайлауы шеңберінде үгіт-насихат кезеңі жалғасып жатыр. Осыған орай құзырлы орган осы кезде сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу тәртібі заңмен қатаң реттелетінін ескертіп өтті.
Нақты айтқанда, бұл салада кемінде 5 жыл тәжірибесі бар, сауал салу туралы Орталық сайлау комиссиясын алдын ала жазбаша хабардар еткен, тіркелген заңды тұлғалар ғана қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізуге құқылы. Ал хабарламада сауалнама жүргізуге қатысатын және онда жұмыс тәжірибесі бар мамандар, сауал салу жүргізілетін өңірлер, қолданылатын талдау әдістері туралы мәліметтер жан-жақты көрсетілуге тиіс.
Бүгінгі күнге дейін ОСК-ға осындай жазбаша хабарламамен 7 заңды тұлға жүгінген. Алайда Бас прокуратура сайлау күні дауыс беруге арналған үй-жайда қоғамдық пікірге сауал салуға тыйым салынғанын мәлімдеді. Сайлау күні сайлау учаскелерінен шығу кезінде ОСК-ны жазбаша хабардар еткен, белгіленген тәртіппен тіркелген заңды тұлғаларға ғана сауал салуды жүргізуге рұқсат етіледі.
«БАҚ сауал салу нәтижелерін жариялау кезінде оны жүргізген заңды тұлғаны және сауал салуға тапсырыс берген және төлеген адамдарды, өткізу уақытын, ақпарат жинау әдісін, сұрақтардың нақты тұжырымын, сұралғандардың санын және сауал салу нәтижелерінің қателік коэффициентін көрсетуге міндетті.
Сауал салу нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамдарын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді дауыс беру күніне дейін 5 күн ішінде және дауыс беру күні БАҚ-та жариялауға жол берілмейді», деп жазылған ведомство таратқан хабарламада.
Яғни БАҚ сауал салу нәтижелерін 15 қарашаға дейін жариялай алады. Ал сайлау күні сайлау учаскелерінен шыққанда жүзеге асырылған қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін 20 қарашадан кейін ғана БАҚ-та жариялауға рұқсат етіледі.
«Конституциялық заңның бұл талаптарын сақтамау Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабы бойынша жауаптылыққа әкеп соғады. Осыған орай барлық жеке және заңды тұлғаларды, бұқаралық ақпарат құралдарын сайлау процесінің бұзылуына жол бермеуге, оның ішінде сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу және жариялау кезінде Конституциялық заңды мүлтіксіз сақтауға шақырады», деп хабарлады Бас прокуратура.