Қоғам • 15 Қараша, 2022

Отын қоры жеткілікті

441 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өңірде қатал қыстың сынына қапысыз дайындық жасалып, қазандықтарға қажетті отын мен көмір күні бұрын межеленген жоспар бойынша жеткізіліп жатыр.

Отын қоры жеткілікті

Қысы ұзақ өңірде отынды ер­терек қамдап алған абзал. Ар­қаның апталап соғатын ақ бо­раны мен үскірік аязы арқаны кеңге салуға мүмкіндік бере қой­майтынын ел жақсы біледі. Об­лысқа қысқы маусымға қажетті көмір көлемі 1 млн 321 мың тоннаны құрайды. Кей жылдары қазандыққа қажетті көмір мен мазут уақтылы жеткізілмей, ел­дің арқасын аяз қарығандай алаң­дайтын уақыты да болған. Қатал қыс жайбасарлықты кешір­мей­ді. Соңғы жылдары бұл тарапта ауқымды қиындық бола қойған жоқ. Биыл да ертерек қамданғандықтан, қажетті қор уақтылы жинақталуда. Облыстың коммуналдық саласына 490 мың тонна көмір қажет болса, бү­гін­ге дейін оның 57 пайызы жет­кізілді. Бюджеттік салалар да тыңғылықты дайындалды. Өңір­дің білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік және комму­нал­дық салаларына энергия ресурстарын қажетінше жеткізу үшін алдын ала келісімшарттар жасалған. Бұл жұмыс алдын ала түзілген кесте бойынша жүргізіліп келеді. Қазір қазандықтарда екі айға еркін жететін отын қоры бар. Жоғарыда айтқан салаларға жылыту маусымына жоспар бойынша 118,4 мың тонна қажет болатын болса, 117,1 мың тонна көмір жеткізілген.

Облыс орталығын жылумен қамтамасыз ететін «Көкшетау жылу» мекемесінің 20 күндік қа­жеттілігі 40 мың тонна болса, қазір мұнда 50 мың тонна қор бар. Степногор жылу электр орта­лы­ғы­на 20 күнге 52 мың тонна көмір қажет болса, дәл қазір 157 мың тон­на көмір жеткізілген. Мазут қоры да жеткілікті.

Ендігі бір мәселе, өңірдегі жеке тұрғын үйлерді қажетті кө­­мір­мен қамтамасыз ету. Бұл та­­рапта былтыр біршама қиын­­дық орын алған болатын. Көпшілік жақсы жанатын, күлі аз қалатын Шұбаркөл көмірін алғысы келеді. Көмірдің бұл түрі уақытында жеткізілмей, көмір қоймаларында кептеліс пайда болып, кейістік туындаған. Биыл мұндай келеңсіз көрініс орын алған жоқ. Жекеменшік үй иелеріне шамамен 831 мың тонна көмір қажет. Күздің алғашқы айларында-ақ халыққа қажетті көмір уақтылы жеткізіле бас­тады да, өңір тұрғындары өз қа­­жеттіліктерін алып, қыстан қы­­сыл­­майтындай жағдай туындады. Қазір жүз мыңнан астам тұрғын үйді қамтамасыз етуге қажетті көмірдің 65 пайызы жет­кізілді.

Биыл тұрғындар тарапынан өкпе-наздың туындамауы­на әсер еткен тағы бір жай бар. Облыс әкімдігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нис­трлігімен, «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоға­мы­мен, көмір өндіретін кәсіп­орын­дармен бірлесе отырып, өңір тұр­ғындарына қажетті көмірді уақтылы тасымалдауға қол жет­кізді. Көмір тасумен айналысатын 62 оператор облыс қалалары мен 16 ауданды қамтамасыз етті. Үш айдың ішінде салмағы 485 мың тонна болатын 6 992 вагон көмір жеткізілді. Оның ішінде тұрғындар тарапынан сұранысқа ие болып отырған Шұбаркөл көмірінің 160 мың тоннасы бар. Қазір көмір сататын базаларда 55 мың тонна көмір бар. Облыс орталығында 3 мың тоннадан астам көмір жинақталған. Қажет еткен адамдар өздеріне қолайлы уақытта сатып ала алады.

Бір жақсысы, биыл көмір ба­ғасы айтарлықтай қымбаттаған жоқ. Қазан айында темір жолмен тасымалдау тарифінің өзгеруіне байланысты 4 пайыздық үстеме қосылып, Шұбаркөл көмірінің әр тоннасы 16 100 теңге болды. Қаражыра, Майкөбе көмірлерінің құны да былтырғы деңгеймен шамалас.

Қытымыр қыста қысылмау үшін тиісті орындар өз ісін тын­ды­­­рымды атқарып, бар шаруаны уақ­тылы үйлестіруде.

 

Ақмола облысы