Президент • 15 Қараша, 2022

Президент жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын күшейтуді тапсырды

214 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Президент жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын күшейтуді тапсырды

Жанат Элиманов Қасым-Жомарт Тоқаевқа агенттіктің биылғы 10 айда атқарған жұмыстары туралы есеп берді.  

Мемлекет басшысына қылмыстық істерді жаппай қозғау тәжірибесінің жойылғаны және адал бизнесті қылмыстық қудалаудың азайғаны жөнінде баяндалды. Агенттік төрағасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарының саны жыл сайын азайып келе жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, өткен жылмен салыстырғанда тіркелген істер саны 30 пайызға төмендеген.

Жанат Элимановтың айтуынша, қабылданған шаралар келтірілген шығындарды өтеуге, 300 миллиард теңгеден астам активті қайтаруға, сондай-ақ 25 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесуге мүмкіндік берді. Ақшаны қолма-қол шығарумен айналысатын 119 топтың қызметіне тосқауыл қойылды.

Бұдан бөлек, Президентке 25 қаржы пирамидасы жойылып, жәбірленушілердің 8,3 миллиард теңге шығыны өтелгені хабарланды.

Агенттік төрағасының деректеріне сәйкес, қаржылық пирамидалармен күрес аясында заңсыз мазмұндағы 8,8 мыңға жуық сайт пен аккаунт бұғатталған. Президенттің тапсырмасын орындау шеңберінде қаржылық барлау қызметі есірткі сататын 15 интернет-дүкенді әшкерелеген. Олардың жалпы сауда айналымы 4,4 миллиард теңгені құрап, 27 мыңнан аса азаматты қамтығаны анықталды. Бұл істерге қатысты материалдар Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік қызметіне жолданды. Цифрлық активтерді пайдалана отырып, қылмыстық жолмен тапқан кірісті жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес аясында Агенттік Binance ірі халықаралық криптобиржасымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған.

Сонымен қатар Президентке  Қазақстанның «қаржыны жылыстатуға қарсы күрес» ұлттық жүйесі  ФАТФ талаптарына сәйкестігі бойынша Өзара бағалаудан өтіп жатқаны жөнінде мәлімет берілді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы қаржы пирамидалары мен алаяқтық әрекеттердің жолын кесу бойынша жұмысты жалғастыруды, сондай-ақ Агенттіктің өз ішінде жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын күшейтуді тапсырды.