Бұл жобаның негізгі мақсаты – еліміздің әр өңірінен ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар арасынан таланттыларды анықтап, олардың шығармашылық қабілетін шыңдап, өнерінің дамуына жағдай жасау. Онда дарынды жеткіншектер «Вокалдық өнер», «Би өнері» және «Аспапта орындау» атты аталымдар бойынша өнер көрсетті.
Фестивальға қатысқан балаларды Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев құттықтап, инклюзивті білім беру мен қоғамды дамытуда мұндай жобаның маңызы зор екенін атап өтті.
«Өнер – адамның жанын ғана емдемейді, оның тәніне де тірек болады. Балалардың талантын ашуда мұндай алаңдар қашанда қажет. Сондықтан осы жобаны жүзеге асыруға атсалысқан азаматтардың барлығына алғыс айтамын. Сіздер балаларды бақытты, ал қоғамды мейірімді етуге үлес қосып отырсыздар», деді министр.
Гала-концерттің бір ерекшелігі балалар Роза Рымбаева, Айжан Нұрмағамбетова, Құрмаш Махан, Салтанат Меңдіғалиева, Әлібек Әлмадиев, Рухия Байдүкенова, Дидар Абдухалық секілді танымал әншілер және «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Меломен» тобы, Turan фольклорлық-этнографиялық ансамблі, Forte Trio және Saz&Soul шығармашылық ұжымдарымен бірге өнер көрсетіп, көрермендерге тамаша тарту жасады. Сондай-ақ фестивальге қонақ ретінде «Қанаттылар» инклюзивті театрының жетекшісі Арнұр Искаков, халықаралық байқаулардың лауреаты Алтыншаш Мұқатаева және жас әнші Севда қатысып, кештің шырайын кіргізді. Сонымен қатар жобаға қатысушы балалардың өздері жасаған бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер туындылары да келушілердің көңілінен шықты. Мәдени шараға BI Жұлдызай корпоративтік қоры, BINOM SCHOOL және «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қамсыздандыру орталығы қолдау көрсетті.