Жапон текті 100 000-нан астам адам өз үйлерінен қуылып, қаңырап бос қалған түрмеге қамалады. Оқиға осы тұстан әрі қарай өрбиді. Солардың ішінде түрме лагеріне қамалған он төрт достың және олардың отбасыларының басынан кешкен оқиғалары көзбен көргендей шынайы баяндалады. Кітаптың әр тарауы әртүрлі жасөспірімдердің көзқарасын сипаттайды, олардың жасы өскен сайын, уақыт алға жылжыған сайын оқиға хронологиялық түрде дамып отырады. Жазушы кейбір оқиғаның бір бөлігін айту арқылы өзіндік ерекше әдіс таба білген. Бұл шығарма New Yor Times-тың бестселлер кітаптарының тізімінде тұр.
Романның бірінші бөлімінде жасөспірімдер Сан-Францискодағы Жапантаунның бір ауданында тұрады. Кейбіреулерін ақ нәсілділер қудалап, «еліңе қайт» деп кеудесінен итереді, сатқынсыңдар деп айыптайды. Бұл шын мәнінде, Батыс қоғамындағы эмигранттардың басынан өткізген сан түрлі оқиғаларының бір парасы ғана дерсіз.
Алдынан небір қиындықтар кездессе де, арманшыл жастар кері қайтпайды. Алға жүре береді, өмірді әрі қарай жалғастырады. Тіпті ештеңеден тайсалмай, кейде көңіл көтеру үшін софтбол және бейсбол командаларын құрады, жақын маңдағы қауымдас командалармен қарсы ойындар ойнады. Қалай болса да, олардың іс-әрекеттерінен Америкаға деген адалдық менмұндалайды.
Шығарманың шынайы да нанымды суреттелуінің бір себебі автор Трейси Чидің кей туыстары да сол лагерьде қамалуы болса керек. Шындықтан тысқары ештеңе жоқ. Біз өткен дәуірдегі тарихи оқиғаларды бұрмалайтын ақ қағазға түсірсек, соның өзі тарих үшін үлкен жетістік болмақ. Олай болмаса, онда тарихтың қайталану заңдылықтарын түсіну қабілетімізді жоғалтамыз. Бірақ шындық пен тарих қатар жүрсе, көркем шығарманың өзегі де, оқырманға берері де мол болары даусыз. Минноу – осы романдағы басты кейіпкер. Ол айналасындағы түрлі қоғамдық құбылыстарға назар салып, ертерек есеюді ойлайды. Бұл Америка тарихындағы қайғылы кезеңнің әсерлі оқиғасы.
Бір сөзбен айтқанда, бұл роман төзімділік туралы әңгімелердің жиынтығы. Адам баласының мына өмірде мыңдаған, миллиондаған күрестерде жеңіп барып азаттыққа, еркін өмірге, бәріміз іздеп жүрген бақытқа қол жеткізетінін айтқысы келген тамаша туындының бірі де осы.
Кітаптың соңында автор осы шығармасы туралы: «1942 жылы Перл-Харбор бомбаланғаннан кейін Америка Құрама Штаттарында жапондарға қарсы басқаша көңіл күй пайда болды, менің ата-әжем үйінен қуылып, жүз мыңнан астам жапондықтар қамалған түрме лагерінде отыруға мәжбүр болды. Әу бастан бұл оқиға менің отбасыма қатысты екенін білдім, өйткені бұл тарих – менің тарихым», деп жазады. Жазушының осы сөзінен кейін біз бұл кітаптағы оқиғаның шынайы өмірде болғанын, автор өз отбасының басынан өткен ауыр тағдырды роман етіп жазғанын түсіндік. Ол бұл романын жазу арқылы АҚШ-тағы жапондықтардың қандай қиын күндерді өткізгенін жаңа ұрпаққа түсіндіргісі келген сияқты.