Экономика • 15 Қараша, 2022

Еуроодақтың қызығушылығы ерекше

654 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атырау облысының экономикасына инвестиция салуға ниетті елдер қатары көп. Соның дәлеліндей, өткен аптада Еуропалық одақтың Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускаспен бірге 11 елдің елшісі келді. Олардың қатарында Хорватия, Болгария, Португалия, Нидерланд корольдігі, Эстония, Бельгия, Германия, Словакия, Франция, Испания, Аустрия елдерінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшілері бар.

Еуроодақтың қызығушылығы ерекше

Облыс әкімі Серік Шәп­кенов­тің мәліметіне қара­ған­да, биылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Атырау облы­сы­ның Еуроодақ елдерімен сырт­қы сауда айналымы 14,4 млрд долларға жеткен. Ал экспорт – 14,1 млрд, импорттың үлесі 269,02 млн долларды құраған.

– Еуропалық одақ – еліміздің басты экономикалық әрі сауда серік­тесінің бірі. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Атырау облысында ауыл шаруашылығы, балық ша­руашылығы, денсаулық сақ­тау және білім беру саласын дамыту жөнінде берген тапсыр­масына сәйкес Еуро­одақ елдері­мен тығыз байланыс орна­туға, бірлесе жұмыс істеу­ге дайынбыз. Өңірдегі арна­йы эконо­микалық аймақта инвес­тор­ларға қолайлы жағдай жаса­лып отыр. Болашақта полиэтилен және бутадиен өндірісін өркендету жос­пары бар, – дейді С.Шәпкенов.

Еуроодақ елдерінің елші­лері Атырау облысындағы көлік-ло­гистика саласын жаңғыр­туға, өнеркәсіптік инфрақұ­рылым мен жасыл экономиканы дамытуға инвестиция салуға қызығушылық таныт­­ты. Еуропалық одақ­тың Қазақ­стандағы елшісі К.Янкаускастың пікіріне ден қойсақ, мұндай кездесу Қазақстанмен ынтымақтас­тық­ты дамытуды көздеген мем­лекеттерді жақындата түседі.

– Әрине, бұл – бір-бірімізбен экономикалық байланысты жақсартып, тарихымыз бен мә­де­ниетімізді терең білуге ашыл­ған мүмкіндік. Еуроодақ құра­мындағы елдің бәрі қазір­дің өзінде Қазақстанның басты сауда серіктесіне айналып отыр. Қазақ жерінде қазба байлық мол. Жаңғырмалы энергетикалық ресурс саласында үлкен әлеует бар. Атырау облысына алғашқы сапары­мда Азия мен Еуропаны жал­ғай­тын көпірді көруге асық­пын. Еуроодақ елдері осы өңірге де озық технологияларды әкеліп, инвестиция салуға дайын, – деген пікірін білдірді К.Янкаускас.

Мәселен, Литва Республика­сының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Гинтаутас Васюлистің айтуына қараған­да, екі ел арасында достық, әріптестік қарым-қатынастың буыны бекіді. Биылғы қаңтар-тамыз айларында Атырау облысы мен Литва арасындағы сыртқы сауда айналымы 232,5 млн долларды құраған. Оның ішінде экспорт көлемі 231,1 млн долларға, импорт 1,4 млн долларға жеткен.

Демек бұл еларалық бай­ла­нысты одан әрі бекем­дей түсу үшін өзара тиімді сауда-эко­номикалық ынтымақ­тас­тықты дамытуға мүмкіндік мол екенін көрсетіп отыр. Өйткені мұндай байланыс ынтымақтастық пен достық қа­рым-қатынасымыздың дамуы­на қосымша серпін беретіні даусыз. Оның үстіне Атырау облысында инвесторлардың инвестициялық жобаларды жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасалған.

Қойнауы қазынаға толы Атырау облысымен серіктес болуға Батыс ел­дері ғана емес, жекелеген про­вин­циялар да ынта танытып отыр. Солардың қатарында Түр­киядағы Мерсин провин­циясы да бар. Мұнайлы өңірмен әріптестік байланыс орнатып, алыс-беріс пен барыс-келісті жетілдіруді көздеп келген аталған провинциядағы Мезитли ауданының мэрі Нешет Тарханның мәліметіне сүйенер болсақ, қазірдің өзінде сыртқы сауда айналымының көлемі 1,3 млрд долларға бағаланып отыр. Әрине, экспорттың үлесі 1,3 долларды құраса, импорт – 15 млн доллар.

ас

– Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Түркиямен арадағы дипло­ма­тиялық қатынас үздіксіз дамып келеді. Атырау облы­сында түрік кәсіпкерлері бірнеше жобаны сәтті жүзеге асырып отыр. Дегенмен ауыл шаруа­шылығы, туризм мен мә­де­ниет саласындағы байланыс­ты бекемдей түсуге болады. Эко­номикалық әлеуеті жоғары біз­дің облыста мұнай-химия саласын өркендетудің нақ­ты қадамы жасалды. Осы орайда полиэтилен мен пропи­лен өндірісінде түрік бизнес­мен­дерімен бірлесе жұмыс істеуге болады, – дейді С.Шәпкенов.

Ресей Федерациясының құ­рамындағы Башқұртстан Рес­­пуб­ликасының компания­лары атыраулық әріптестерімен іскер­лік байланысты жандан­ды­ру­­ға ынталы. Мәселен, «ОЙЛТИМ компания» ЖШҚ құрыл­тай­шысы әрі бас директоры Вла­димир Лавров, аталған кәсіп­орынның даму жөніндегі дирек­торы Радик Халитов пен Баш­құрт­стан Республикасының елі­міз­дегі «Конгресс-бюро» АҚ өкілі Орал Азнабаев атыраулық кәсіп­керлермен серіктес болуға ниет білдірді. Бұл компания бас­шы­­лары қазақстандық мұнай­шы­ларға кен орнын мобиль­ді жай­ғастыру жобасын ұсын­ды. Өйт­кені кез келген кен орнын 2-3 ай­да толығымен жабдық­тауға болады.

– Біздің бай тәжірибеміз бар. Өз жобамызды ұсынумен бірге тапсырыстарды жергілікті кәсіпорындарға орналастыру нұсқаларын қарастыра аламыз. Әсіресе «Атыраунефтемаш» зауы­тының ауқымы мен мүм­кіндігіне тәнті болдық. Жақын арада компания өкіл­дері қажет­ті жабдыққа тапсырыс беру үшін зауытқа қайта келеді. Біз ұзақмерзімді ынтымақтастық орнатуды көздеп отырмыз, – дейді Р.Халилов.

 

Атырау облысы