Президент • 16 Қараша, 2022

Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруымыз қажет - Мемлекет басшысы

416 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының жұртшылығымен кездесуде қазақ халқы үшін маңызды құндылықтарды атады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруымыз қажет - Мемлекет басшысы

«Мен облыстарға сапарымда жалпы елдің мәселелерін көтеріп жүрмін. Аймақтарда айтылған ой-пікірлерімді бүгін қорытқым келіп отыр. Біз жаңа қоғам құрып жатырмыз. Соңғы бірнеше жылда саяси реформа аясында көптеген өзгеріс жасадық. Бірақ біз тек саяси мәселемен шектеліп қалмаймыз. Алда экономикалық, әлеуметтік және басқа да бағыттар бойынша ауқымды жұмыс тұр. Дегенмен, түпкі мақсатымызға жету үшін бұл жеткіліксіз. Біз өзгерісті, ең алдымен, өзімізден бастауымыз керек. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруымыз қажет. Әр азаматтың, бүкіл қоғамның санасы өзгермейінше, басқа реформаның бәрі бекер. Ұлттың жаңа сапасы жаңа құндылықтар арқылы қалыптасады», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Осы орайда, Мемлекет басшысы қазақ халқы үшін маңызды қасиеттер мен құндылықтарға қысқаша тоқталып өтті.

«Бірінші маңызды мәселе. Біз еңбекқор болуымыз қажет. Қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс. Шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету. Түрлі қаржы пирамидасына, құмар ойындарға әуес адамдар ақшаның оңай жолмен келмейтінін түсінуі керек. Маңдай терімен табыс тапқан адам оны мақсатсыз шашып, ысырап қылмайды. Үнемшіл, қанағатшыл әрі ұқыпты болады», деп атап өтті Президент.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі академик Асқар Жұмаділдаевтың сөзін негізге алып, жастарды адал еңбек етуге шақырды. 

«Академик Асқар Жұмаділдаев айтқан пайыммен толық келісемін. Халқымыз осындай күрделі заманда ең алдымен, әлемге прагматикалық көзбен қарауы керек. Жастарымыздың санасы сергек, еті тірі, ширақ болуы қажет. Көрші мемлекеттердегі жас азаматтар шетелге барып, кәсіпорындар, дүкендер ашып, жақсы өмір сүру үшін жаңа дағдыларды игеріп жатыр. Олар, шын мәнінде, бәсекеге қабілетті еңбекқор адамдар. Қазіргі жағдайда мен бір жерде өмір сүремін, балаларыммен өмір бойы бірге тұрамын деген ұғым әбден ескірген. Сондықтан құрметті ағайын, бәріміз озық болайық! Сонда ғана жастарымыздың көзі ашық, көкірегі ояу, ойлары ұшқыр болады, көптеген сын-қатерге төтеп бере алады. Өз жағдайын өздері жасап, жақсы өмір сүре алады», деді Мемлекет басшысы.

Президенттің қоғамда дұрыс құндылықтар орнықпаса, жемқорлық, масылдық, ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдер тамыр жаятынын қадап айтты.

«Біз жастарға озық біліммен қатар өнегелі тәрбие беруге тиіспіз. Ұрпақтың бойына адамгершілік қасиетті сіңіре алмасақ, білімнің пайдасынан зияны көп болуы мүмкін. Қанша жерден білімді болса да, жақсылыққа ұмтылмаған адамнан еш қайыр жоқ. Қоғамда дұрыс құндылықтар орнықпаса, жемқорлық, масылдық, ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдер тамыр жаяды. Қатігездік, немқұрайлық, жалқаулық – ұлттың болмысына теріс әсер ететін жағымсыз әдеттер. Қазіргі алмағайып заманда біз сабырлы, байыпты болуымыз қажет. Түрлі арандатуға ілеспей, әр нәрсеге ұстамдылықпен қарауымыз керек. Барлығын бір сәтте өзгертемін деуге болмайды. Халыққа қажетті шараларды біртіндеп жүзеге асырып жатырмыз.

Елімізде жауапкершілік идеологиясы орнығуға тиіс. Ойланбай жасалған бір қадам, аңдамай айтылған бір ауыз сөз, ашумен істелген бір әрекет бүкіл елге қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан әрбір адам ел алдындағы жауапкершілігін терең сезінуге тиіс. Біз әрдайым өзара бауырмалдық пен тілектестікті, мейірімділікті дәріптеуіміз керек. Азаматтардың бір-біріне қамқорлығы елге деген жанашырлыққа ұласады. Біз отаншыл және мемлекетшіл болуымыз керек. Шын мәнінде, туған жеріңді сүюден асқан бақыт жоқ. Жүрегі Отаным, елім, жерім деп соққан адам ештеңеден қаймықпайды. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Ең басты байлығымыз – туған еліміз. Сондықтан мемлекет мүддесі қашанда барлығынан биік тұрады», деп қосты ол.