Қазақ ұлттық ғылымының негізін салушының құрметіне 2023 жылдан бастап Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Мемлекеттік сыйлық беріле бастайды, сондай-ақ ТҮРКСОЙ тарапынан әзірленген «Ахмет Байтұрсынұлы» медалі туыстас халықтардың қаламгерлеріне, ғалымдарына тұрақты түрде беріліп тұратын марапат болмақ. Қазақстанда да осындай ведомстволық медаль дайындалған, онымен гуманитарлық саланың өкілдері марапатталатын болады. Конгресте мұндай марапаттар ғалымдарға, қаламгерлерге үлкен мәртебе, әрі зор жауапкершілік жүктейтіні айтылды. Сондай-ақ Алаштың ардақты азаматы, тіл реформаторы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы конгрестің Түркістанда өтуіне үлкен мән берілді. Өткен жылы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» деп белгіленген болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс жұртшылығымен кездесуінде Түркістанға рухани және тарихи елорда мәртебесін беру туралы ұсыныс айтты. Қазір осы бағытта жұмыс жүргізілуде. Яғни Түркістан түркі елдеріне ортақ рухани астана ретінде дамуда. Конгреске қатысушылар айтулы іс-шараның айнымас бірліктің символы болып саналатын қасиетті шаһарда өтуі де осындай рухани үдерістердің заңды жалғасы екенін айтты. Енді ретімен баяндасақ.
Халықаралық конгрестің ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды оқыды. «Ұлт ұстазы атанған Ақаң түбі бір, тарихы тамырлас елдер үшін аса құнды ғылыми-танымдық мұра қалдырды. Сол себепті оны барша түркі жұрты құрмет тұтады. Әзербайжан, башқұрт, өзбек түрік халықтарының белгілі ғалымдары бас қосқан бүгінгі конгресс соның айқын дәлелі», делінген Президент құттықтауында. Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов модераторлық еткен жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды әлемнің бірнеше елінен келген ғалымдар мен зерттеушілердің Түркістанда бас қосуы үлкен мәртебе екенін атап өтті. «Тіл реформаторы Ахмет Байтұрсынұлы – ұлтты сүюдің асқақ үлгісін көрсеткен тұлға. Қазақ әліппесінің негізін салушы, ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін насихаттау мақсатында Түркістан облысында танымдық сайыстар, сұхбаттар, конференциялар мен семинарлар, ашық сабақтар тұрақты түрде өтіп келеді. Қайраткердің туған күніне орай «Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры» салтанатты мерекелік іс-шарасы кең көлемде атап өтілді. Облыста жастар мен оқытушылар арасында «Ұлт ұстазы», «Үздік оқытушы» байқаулары өтті. Көркем әдебиетті насихаттау бағытында «Ахмет оқулары», «Алаштың ардағы – Ахмет», «Қазақ өлкесінің бәйтерегі», «Қазақ әліпбиінің атасы» сынды іс-шаралар өтіп келеді. Өңірде 32 көше, 11 мектепке Ахмет Байтұрсынұлының есімі беріліп, ескерткіш, 2 бюст орнатылған. Биыл бір көше мен 2 мектепке А.Байтұрсынұлының есімін беру туралы ұсыныс қолдау тауып, бекітілді. Қазақ руханиятының ұлы көшбасшыларының біріне айналған Ахмет Байтұрсынұлы мұраларын кең көлемде насихаттау бағытындағы жұмыстар жоспар бойынша өз жалғасын табады», деді Дархан Сатыбалды. Осы арада айта кетелік, бүгінгі күнге дейін ұлт ұстазының есімі республика көлемінде 1 ауылға, 204 көше мен 37 мектепке, 1 музейге, Қостанай халықаралық әуежайына берілген. Сонымен қатар Алматы қаласында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Қостанай қаласында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік универститеті жұмыс істейді, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «А.Байтұрсынұлы орталығы» ашылған. Жыл басынан бері тұлғаның есімі Астана қаласының №48 мектеп-лицейіне, Жамбыл облысындағы Қордай ауданының №51 орта мектебіне және Шу ауданының мектеп-гимназиясына, Петропавл қаласының №9 орта мектебіне, Рудный қаласындағы №19 мектепке берілді. Сондай-ақ ұлт ұстазының ескерткіші күні кеше Алматы қаласында ашылды, Түркияның Анкара қаласында да орнатылмақ.
Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында атқарылған маңызды іс-шаралар жөнінде баяндама жасаған Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов мерейтойды жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізу мақсатында Президент Жарлығымен Мемлекеттік комиссия құрылып, жалпыреспубликалық жоспар бекітілгенін айтып өтті. Жоспарда халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейдегі 63 іс-шара қамтылған. «Ахмет Байтұрсынұлы – күрескерлігі және қаламгерлігімен білім, ғылым, әдебиет, көсемсөз, саясат, аударма салаларының қай-қайсысына да өшпес есімін жазған айрықша тұлға. Егер ХХ ғасырдың басы қазақ қоғамы үшін Жаңғыру дәуірі болды десек, осындай ұлттық ояну дәуірін Ахмет Байтұрсынұлы сияқты елшіл зиялылар жасады. Тұңғыш ұлттық әліпби, алғашқы оқулықтар, азаттық ұранын көтерген «Маса» жинағы, барша Алаштың баласын оятқан «Қазақ» газеті Ахмет Байтұрсынұлын реформатор тұлға ретінде сипаттайтын зор тарихи қадамдар. Кеңестік кезеңде тұңғыш Оқу-ағарту министрі, Академиялық орталықтың жетекшісі ретіндегі тарихи еңбектері елімізде білім мен ғылым жүйесін қалыптастырудың жарқын мысалдары. Осы кезеңдерде Ахаң баулыған, одан тәлім алған қаншама азаматтар біздің рухани тарихымызға іргелі үлес қосты. Жалпы, Ахмет Байтұрсынұлы мектебі, оның дәстүрі сан ғасырлық тарихымыздың ішінде ең үлкен тағылым арнасы болғанын жақсы білесіздер. Адамзат үшін қайшылықты болған ХХ ғасырдың басында топтасқан қазақ оқығандары ұлттық тарихымыздағы ең алғашқы мәдени-интеллектуалды шоғыр болды. Осы зиялы топ азаттық үшін аянбай күреске шығып, елшілдік туын көтерді. Отаршыл үкіметке жазылған 1905 жылғы алғашқы құзырхаттардан бастап, 1917 жылдың көктем-жаз мезгілдерінде ұйымдастырылған облыстық, І, ІІ жалпықазақ сиездеріне дейін Қазақстанның барлық өңірін қамтыған азаттық күресі Алаш автономиясын, Алашорда үкіметін құрумен қорытындыланды. Соның нәтижесінде, қазақ жерінде қайтадан ұлттық мемлекеттілік қалыптасты. Бірақ кеңестік саясат оның сақталуына мүмкіндік бермеді. Десек те Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш қайраткерлері жаңа большевиктік билікпен ымыраға келіп, кеңестік платформада болса да, мемлекеттілікті жаңғыртты. Соның арқасында тарихта тұңғыш рет қазақ жерінің ұлттық территориясы межеленіп бекітілді. Бұл шын мәніндегі ұлы оқиға қазіргі тәуелсіздігіміздің негізгі алғышартын қалыптастырған қадам еді. Сол себепті де, біз бүгінгі тәуелсіздіктен Алаш қозғалысын бөліп қарай алмаймыз. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышпайұлы, Жанша және Халел Досмұхамедовтер, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, тағы да басқа азаттық күрескерлерінің тарихи еңбегін бүгінгі және болашақ ұрпаққа үлгі ету баршамыздың перзенттік борышымыз.
Елімізде және шетелдерде атқарылған жұмыстарды бірнеше бағытта көрсетуге болады», дей келе вице-министр атқарылған жұмыстарға тоқталды. Мерейтой барысында елімізде және шетелдерде көптеген конференция ұйымдастырылды, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. «Ахмет Байтұрсынұлы мен «Алаш» қозғалысының басқа да қайраткерлерінің еңбектерін шетел архивтерінен іздестіріп, ғылыми айналымға енгізу» жобасы бойынша Ресей Федерациясы, Өзбекстан Республикасының мемлекеттік орталық архивтерінде ғалымдар жүргізген жұмыс нәтижесінде тың құжаттар табылған. Бұрын жарияланбаған кейбір еңбектеріне қол жеткізілді. Экспедиция қорытындысы бойынша арнайы жинақ жыл аяғына дейін шығарылатын болады. Сондай-ақ вице-министр баяндамасында А.Байтұрсынұлының толық академиялық шығармалар жинағын әзірлеу және шығару мерейтойлық жылдың үлкен бір табысы болғанын айтып өтті. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен жарық көрген 12 томдық толық шығармалар жинағы шықты.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырысымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы таңдамалы еңбектерінің қазақ, ағылшын, орыс және түрік тілдерінде әзірледі. ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб-пәтерінде шетелдік және отандық ғалымдардың, көптеген мемлекеттің осы халықаралық ұйымдағы өкілдерінің қатысуымен кітаптың тұсаукесері өткізілді. Көптеген мәдени іс-шара өткізілді. Ал республикалық «Алтын домбыра» айтысы биыл Тәуелсіздік күні қарсаңында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналады. Мерейтой аясында ұлт ұстазының туған жері – Сарытүбекте музей-үйі салынды. Отандық және шетелдік зиялы қауым өкілдерінің, ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы (Франция) штаб-пәтерінде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аталып өтті. ТҮРКСОЙ аясында отандық және шетелдік зиялы Ыстанбұл қаласында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстел, фотокөрме 1 қарашада өткізілді. «Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы бауырлас түркі халықтарын тағы да тоғыстырды. Соның арқасында біз туысқандығымызды бұрынғыдан да терең түсініп, бұрынғыдан да қаттырақ сезіне бастадық. Мерейтой шараларына қатысқан отандық ғалымдарымызбен бірге Әзербайжаннан, Башқұртстаннан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Татарстаннан, Түркиядан атсалысқан ғалымдарға рахмет айтамыз. Ахмет Байтұрсынұлы сияқты ұлы тұлғалардың есімі мен еңбегін ұлықтаудың дәстүрі енді үлкен даңғылға шықты деп ойлаймын», деді вице-министр Талғат Ешенқұлов.
Конгресте ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Рамос Габриеланың Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған құттықтау сөзі бейнежазба арқылы берілді. Сондай-ақ ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Билял Чакыджы құттықтау сөзін оқыды. Ахмет Байтұрсынұлының әдебиеттану саласындағы еңбектерінің теориялық және әдіснамалық негіздері тақырыбында баяндама жасаған филология ғылымдарының докторы, профессор Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркология ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Шәкір Ибраев әдебиеттанудың ғылыми парадигмаларын еуропалық үлгімен түгендейтін уақыт әлдеқашан келіп жеткенін айтты. «Ол үшін біз материалистік философияның ықпалынан арылдық па деген заңды сұрақ туындайды. Бұл сұраққа жауап беру үшін біз алдымен А.Байтұрсынұлының еңбектерін еуропалық контексте пайымдап алғанымыз орынды болмақ. Ғалым мұрасының өміршеңдігі және жол көрсететін өнегесі осында деген ойдамын», дейді ғалым. Сондай-ақ конференцияда Әзербайжан Меджилисінің депутаты, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының академигі Низами Джафаров, Өзбек мемлекеттік әлем тілдері университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Маханбет Жүсіпов, Ресей Ғылым академиясы Өфе федералды зерттеу орталығы Тарих, тіл және әдебиет институтының ғылыми жетекшісі, Башқұртстан Республикасы Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Фирдаус Хисамитдинова, Эге университетінің (Түркия) профессоры Мұстафа Өнер, «Астана» халықаралық қаржы орталығы директорының орынбасары, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы баяндама жасады. Ахмет Байтұрсынұлының Түркістан сапары және Ташкенттегі Қазақ университетін дамытудағы рөлі туралы баяндаған «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры, филология ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы түркі әлемінің бірлігі туралы терең мазмұнды ой қозғады. 1922 жылдың тамыз айында Түркістанның бас қаласы – Ташкент Ахаңды саясат адамы емес, ғалым ретінде қарсы алғанын атап өтті. «Бұл қазақ ғылымының абыройын көрсетеді. Әлбетте, бұл сапарында Ахмет Түркістандағы екі облыстың Қазақстанға қарау мәселесін тиісті орындарға сөз еткен де болуы керек. Бұл қосылудың қажетті екенін зиялыларға дәлелдеген де шығар. Бірақ ол жағы «Ақ жолда» жазылмапты. Қалай дегенде де газет А. Байтұрсынұлын ғалым есебінде және бір мәшһүр етуді көздеген тәрізді. Үлкен құрмет 1922 жылы тамыз айында Ташкентте жасалған екен. Ахаңның тарихтағы орны, тіл біліміндегі орны, түркі ынтымақтастығындағы орны байыпталған. Сол кездегі Түркістан өлкесінің ақпаратын жүйелеп отырған «Ақ жол», «Тілші» газеттерінде Түркістан зиялылары атап өткен Ахаңның 50 жылдығы біраз байыпталған. Түркістан республикасының астанасы – Ташкент қаласына жасаған іссапардың мақсатын «Ақ жол» газетіне тілшілік қызметін ұсынған Ғазымбек Бірімжанұлы: «Келген жұмысы – Түркістандағы екі облыс қазақты Қазақстанға қосып, қазақ елін біріктіру» деп көрсетіпті», деді Д.Қамзабекұлы.
Конгресс аясында Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық жинағының, таңдамалы шығармаларының 4 тілде (қазақ, орыс, ағылшын, түрік) әзірленген кітабының, профессор Қаржаубай Сартқожаұлының «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» 3 томдығының, филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадықовтың «Серт», «Ұстаз жолы» кітаптарының тұсаукесері өтті. Сондай-ақ Қазақстан, Түркия, Өзбекстан ғалымдары ТҮРКСОЙ-дың «Ахмет Байтұрсынұлы» медалімен, Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ахмет Байтұрсынұлы» ведомстволық төсбелгісімен марапатталды.
Халықаралық конгресс пленарлық секция отырыстарымен жалғасты. Секциялық отырыстарда ғалымдар «Ахмет Байтұрсынұлы және түркі тілдерінің теориясы мен тарихы», «Ахмет Байтұрсынұлы және сөз өнері», «Ахмет Байтұрсынұлы және қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар» тақырыптары аясында тағылымды баяндамалар жасап, пікір алмасты.
Халықаралық түркітанушылар конгресінің қорытындысы бойынша қарар қабылданды.
ТҮРКІСТАН