Қоғам • 17 Қараша, 2022

Туысымды іздеймін...

263 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желіде хабар-ошарсыз кеткен жақындарын іздейтіндер көп. Өкінішке қарай, кейбір жағдайда жоғалған адамның қайтыс болғаны тура­лы қаралы хабар тарап жатады. Іздеу жұмыстары ертерек қолға алынса, тірі қалар ма еді деген өкініш өзекті өртейтіні анық. Бұл ретте, құқық қорғау органдары іздестіру шараларын қалай ұйымдастырады? Із-түзсіз кететіндер көбіне кімдер? Хабарсыз кеткен ет жақындарын іздеген адамдар ең алдымен нені ескеруі қажет?

Туысымды іздеймін...

Осы сұрақтарға жан-жақты жа­уап беріп, кеңінен мәлімет ұсынған Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Нұржан Темірбаев ХХІ ғасырдағы тех­но­­ло­гияның дамуын ескере отырып, іздеудегі адамдардың жүрген жерін анықтауға мүмкіндік беретін техникалық құралдарды тиімді пайдалануға болатынын айтады. Бір атап өтерлігі, адамды іздестіру бойынша жедел іздестіру іс-шараларын жүргізуде техникалық құралдарды пайдалану туралы ақпарат құпия сақталады. Яғни жариялауға жатпайды.

Қолда бар деректерге сүйенсек, 2022 жылы хабар-ошарсыз кеткен кәме­­лет­ке толмаған 186 балаға іздестіру жарияланған, оның 176-сы табылып, алтауының тағдыры әлі белгісіз күйінде қалып отыр. Сонымен қатар биыл тәртіп сақшылары кезекші тәулікте іздестіру жарияланбастан хабар-ошарсыз жоғалған 9 148 адамды табуға тырысқан. Оның 8 952-нің жүрген жері анықталса, 196-ы әлі табылмапты.

– Статистика көбіне ер азаматтардың жоғалатынын көрсетіп отыр. Бұл олардың маусымдық жұмыстарға, әртүрлі рейстерге (автокөлікті айдап әкету, жүктерді тасымалдау және т.б.) қызметтік ісса­парларға шығуына байланысты. Әйелдер арасында көбіне ішімдікке салынып кеткендер, ал жасөспірімдер арасынан қолайсыз отбасынан шыққандар жоғалады. Кәмелетке толмағандардың отбасынан кетуінің бас­ты себебі – ата-аналарымен жанжалдасуы. Мұндай жеткіншектердің көбінің әке-шешесі маскүнем, еш жерде жұмыс істемейтін болып келеді. Отбасында береке-бірлік болмаған соң оң-солын танып қалған бала жеке тұрғысы келеді. Жауапсыз әке-шешесі ата-ана құқығынан айырылғаннан кейін балалар кәмелетке толмағандар үйінен қашып кетеді, кейін оларға хабар-ошарсыз жоғалғандар ре­тінде іздеу жарияланады.

Сондай-ақ балалардың ұзақ уақыт ойын клубтарында жүруі, ата-ана­лары­ның жазасынан құтылу үшін үйден және мектептен қашу фактілері де жиі тіркеліп жатады. Адамдардың хабар-ошарсыз жоғалуының 100 жағдайының 80-нен астамында жоғалғандардың жүрген жері анықталып, олар туыстарына қайтарылады, – дейді Нұржан Темірбаев.

Кейінгі жылдары көптеген жас, әсі­ре­се кәмелетке толмаған қыздар интер­нет­тегі танысу сайттарына кіруді әдетке ай­налдырған. Әдетте олар осындай сайт арқылы таныс тапқанын ата-аналарына, жақын туыстарына айтпай, жасырын ұстайды. Танысының айтқанына еріп, үйден кетіп қалатындары да аз емес. Тіпті интернет желісі арқылы танысқан адамымен бірге тұрып, өздері туралы ұзақ уақыт хабар бермей кететін жастар да кездеседі. Тәртіп сақшылары мұндай кезде іздестіру жұмысының қиындайтынын алға тартады.

– Азаматтардың жоғалуы туралы әрбір арыз, хабарлама бойынша полиция қызметкерлері олардың жүрген жерін анықтау бойынша дереу шаралар қабылдайды. Арыз қабылдайтын полиция қызметкері арызданушыдан жауап алады, одан адамның жоғалу мән-жайлары, өмір сүру салты, туыстық және өзге де байланыстары туралы жан-жақты ақпарат алынады. Тіпті жоғалған адамның түр-әлпетінің белгілерін, соңғы анықталған орнын сипаттау талап еті­леді. Бұдан әрі арыз берушінің және куәгерлердің қатысуымен жедел тергеу тобы хабар-ошарсыз жоғалғанның соңғы тұрған жерін, тұрғын үйін, пәтерін, қызметтік үй-жайды, автомобилін тек­середі.

Жоғалған адамдардың тұрған жерін анықтау мақсатында ауруханалар, мәйіт­ханалар және басқа да арнайы мекемелер тексеріледі, сондай-ақ жоғалған адамдар туралы соңғы оқиғалар ақпараты назарға алынады. Құқық қорғау органдарының нормативтік-құқықтық актілерінде көз­делген өзге де жедел іздестіру іс-шара­лары жүргізіледі. Егер бастапқы іс-шаралар барысында жоғалған адамның тұрған жері анықталмаса, криминалдық полиция бөліністерінде іздестіру ісі бас­талады. Бұл іс-шаралардың шеңбе­рін­де жедел іздестіру және өзге де ке­шен­ді жұмыстар жүргізіледі, – дейді Н.Темірбаев

Ересектер мен балаларды іздестіру әдістері ішінара ерекшеленеді. Әдетте үлкен адамдар саябақ, компьютер клубы, сауда орындарына әуес болмайды. Олар көбіне жұмыс бабымен басқа қалаға кетуі, достарымен сауық құрып жүруі мүмкін. Кішкентай балалар қыдыратын жерлерге, ойын залдарына қызығады. Осылайша, жоғалған адам соңғы рет болған мекенжайдан бастап жақын маңдағы баруы мүмкін жерлер қарастырылады.

«Адам жоғалу фактілері көбіне еліміз­дің ірі мегаполистерінде болатыны түсінікті. Мәселен, Алматы тұрғындары көбіне түнгі уақытта арызданады», дейді жергілікті полиция қызметкерлері. Адам 24 сағат ішінде табылса, онда іздестіру жедел нәтиже берді деп есептеледі. Одан кейін жоғарыда атап өткеніміздей, адамға іздеу ісі ашылады. Істің бас­­талу мерзімі болады. Жоғалған адам он жылға дейін ізделеді, жан-жаққа сұраным жіберіледі. Із-түзсіз кеткендер қылмыскер емес, сондықтан табылған күннің өзінде олар өз еркімен қалаған жерінде қала алады. Ал егер ақыл-есі кем азаматтар болса, олар ата-анасына, қамқоршысына қайтарылады. 18 жасқа толмаған жеткіншектер болса, Қазақ­­станның әр қаласындағы бейімдеу орталықтарына жіберіледі. Бұл уақытша тәрбиелеу орталықтарында олар әке-шешесі алып кеткенше болады.

Азамат шетелге кетіп қалған деген күдік болса, полиция оған халықаралық іздеу жариялайды. ТМД және басқа да елдерге бағытнама жіберіліп, қызмет­керлермен хабар алмасу арқылы ондай тұрғындар да табылып жатады. Елімізде іздеу жарияланған адамдардың дені көрші Қырғызстан, Өзбекстан, Ресейге кетеді екен.

Марқұмдарға да жеке іздеу ісі ашылатынын атап өткен жөн. Мәйіт табылған кезде бөлімшеге жақын ауданнан бастап, база арқылы адамның саусақ іздері, суреті арқылы хабар-ошарсыз кеткендерді мәйіттермен сәйкестендіреді. Марқұмды суретке түсіріп, жеке іздеу ісін ашып, бағытнама жасалады. Осылайша, жақын аудандарға ақпарат беріліп, жоғалған азаматтар қатарында бар-жоғы тексеріледі. Жоғалған адам мен табылған мәйіт арасындағы ақпарат сәйкес келуі мүмкін. Кейде адамдар туыстарын танымай жатады. Себебі мәйіт көп жатып қалған жағ­дайда оны анықтау мүмкін болмайды. Осындайда мәйіттің қаны мен туыстарының қаны бойынша сараптама жасалады.

Қазіргі заманауи технологиялармен, яғни адамның тұрған жерін мобильдік құрылғылары арқылы анықтауға әбден болады. Түрлі мобильдік қосымшаларды жасап шығарушылар ата-аналарға балаларын бақылайтын бірнеше нұсқа ұсына алады. Бастысы, баланың қолында телефон болу керек. GPS жүйесі бар сағаттар да осындай функцияларды жақсы атқара алады.

IT-мамандардың айтуынша, Android жүйесіндегі кез келген телефон иесінің аккаунт логині мен кілт сөзін білсеңіз, оның бағытын анықтау қиынға соқпайды. Басқа телефоннан немесе компьютерден аккаунтты активациялау кезінде жүйе бірнеше әрекетті ұсынады, оның ішінде телефон иесінің тұрған жерін анықтау да бар. Бұл арқылы оның кіммен болғаны, кіммен сөйлескені, нені суретке түсіргені, яғни осы сәтте не істегенінің бәрін көруге мүмкіндік бар. Мұны айтып отырғанымыз, полицейлер де іздеуге заманауи технологияларды қолданады. Мобильді телефонның жеке IMEI кодымен спутник арқылы адамды тауып алуға болады. Мұндай жағдайда құрылғы оның қолында, сондай-ақ міндетті түрде желіге қосылған болуға тиіс. Жақыныңыз жоғалмасын!