Спорт • 17 Қараша, 2022

Ағайынды жас спортшылар джиу-джитсудан әлем чемпионатында жеңіске жетті

263 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында өткен джиу-джитсудан әлем біріншілігінде 8 жасар Арслан Берік пен 6 жасар Арсен Берік чемпион атанды. Жас спортшылар әлемнің жүздеген елінен келген үміткерлер арасында топ жарып, толағай табысқа қол жеткізді, деп жазады Egemen.kz.

Ағайынды жас спортшылар джиу-джитсудан әлем чемпионатында жеңіске жетті

Арслан мен Арсеннің спортқа деген құлшынысы мектеп табалдырығын аттамай тұрып басталған.

«Арслан да, Арсен де 4 жасынан спортқа қадам басты. Арслан үлкен ұлым, Арсен – інімнің баласы. Екеуі де спорт десе ішкен асын жерге қояды», дейді Арсланның әкесі Алмас Өтебаев.

Бразилиялық джиу-джитсудан өткен әлем чемпионатыда Арслан Берік 24 келіде жеңімпаз атанды. Ол финалда пәкістандық қарсыласынан айласын асырған. Ал Арсен Берік 20 келіде сынға түсіп, ақтық сында кувейттік спортшыдан басым түсті.

Айта кетелік, Абу-Дабидегі дүбірлі сынға әлемнің 120 мемлекетінен 5 мыңға жуық спортшылар қатысты. Жас спортшылардың салмағында АҚШ, Канада, Франция, Ирландия, Ұлыбритания, Кувейт, Сауд Арабиясы елдерінің өкілдері бақ сынады.

Бұл ағайынды спортшылардың үлкен спорттағы алғашқы жетістігі.  Арслан джиу-джитсудан бөлек, дзюдо, жүзу және баскетболмен айналысады.

«Болашақта джиу-джитсудың бір тармағы Олимпиада бағдарламасына енуі мүмкін. Сондықтан, осы спорт түрімен қарқынды түрде шұғылданып, алдағы уақытта елімнің намысын абыроймен қорғағым келеді. Футболда Криштиану Роналду, баскетболда Майкл Джордан, бокста Геннадий Головкин, бразилиялық джиу-джитсуда Гальбаниді үлгі тұтамын», дейді Арслан.

Бүгінде жас спортшылар алдағы ірі жарыстарына дайындалып жатыр.