«Астана Балет» театрының директоры Александр Совостьянов өз сөзінде гастрольдік сапарға асқан жауапкершілікпен қарап, көрермен көңілінен шығатын бағдарлама ұсынылғанын жеткізді.
Аншлагпен өткен өнер сапарының алғашқы күні отандық балет труппасы Л.Шифрин, А.Пьяццолло, К.Гардель және С.Косуги музыкасына Рикардо Амарантен қойған «A Fuego Lento» неоклассикалық балеті мен Оскар Уальдтің пьесасы желісімен Фазыл Сай музыкасына театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри қойған «Саломея» спектаклін сахналап, қазақ балет өнерінің мерейін асырды.
«Балет әртісі үшін гастрольдік сапардың жөні бөлек. Осы ретте Тбилисидің көне театрының сахнасында өнер көрсету – зор жауапкершілік жүктеді. Бұл біз үшін кезекті сынақ болса да, одан сүрінбей өттік деп айта аламын. Көрермендер әртістеріміздің өнеріне дән риза болды», деді театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
Әсіресе Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахри қойған «Ұлы дала мұрасы» атты концерттік бағдарлама Грузия жұртшылығын ұлттық музыкамыздың әуезді әуеніне ұйытып, көркем бейнелер мен хореография өрнегіне тәнті етті.
«Театрымыздың бет-бейнесі бай классикалық мұра мен заманауи балет өнерінің негізінде қалыптасты. Соның арқасында ұлттық биімізді үлкен сахнаға шығарып, әлемге көрсету мүмкіндігі туды. Біз қазақ биін ой елегінен өткізіп, оның үйлесімділігі мен сұлулығын аша түсетін соны хореографиялық миниатюралар шығаруға ерекше көңіл бөліп келеміз. Ұлттық хореографиялық пластика – қазақ мәдениетін танытудың бір амалы. Сол себепті, ұлттық би театрымыздың барлық гастрольдік сапарының сәнін келтіреді», деді Айгүл Тәти.
Айта кетейік, бекзат өнер ордасының гастрольдік сапарына Мәдениет және спорт министрлігі қолдау көрсетті.