Әдебиет • 17 Қараша, 2022

Әзағаң мұрасы әспеттелді

303 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ертіс-Баян өңірі Әзағаңның – Әзілхан Нұршайықовтың шығарма­шылығын әрдайым әз тұтып, айрықша құрметтейді. Себебі жазушының өзі үшін «әдебиет айдынына көтерген космодромы болған» Кереку жерінде «Махаббат, қызық мол жылдар» романының алғашқы жолдары қағаз бетіне түскен екен.

Әзағаң мұрасы әспеттелді

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Әзілхан Нұршайықовтың 100 жылдығына орай Павлодарда «Өмір жолы» атты дөңгелек үстел мәслихаты ұйымдастырылды. Жазушы 1953-1956 жылдары облыстық «Қызыл ту» газетін бас­қарып, кейін «Социалистік Қазақ­станның» облыстағы меншікті тілшісі қызметін атқарды.

Дөңгелек үстелге мұрындық болған Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің бас­шысы Ербол Қайыров атап өткендей, қабырғалы қаламгердің 100 жылдық мерейтойы – елге ортақ торқалы той. Биыл музей қыз­меткерлері Алматыға арнайы барып, Әзағаның қызы Жанар Нұр­шайықованың үйінде болып, жазушы көзі тірісінде тұтынған жеке заттарын, сирек кітаптарын аттай қалап алып келген. Бұған қоса архивтерден Павлодар жерінде жүріп айтулы тұлғалармен түскен фото­суреттері, қолжазбалары да алыныпты. Осының барлығы қа­зіргі күні көп­шілікке таныстырылып, музейге ағылған жұрттың наза­рына таныстыры­луда.

Торайғыров университетіндегі журналистика кафедрасының профессоры Серік Елікбай соғыс­тың сұр шинелін киіп, бейбіт өмірге оралған жас қаламгердің, қазақ солдатының бейбіт өмірге деген сүйіспеншілігін, махаббат сезімін, ой иірімдерін «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабынан табуға болатынын жеткізді.

– Жастық шағымызда сүйіп оқы­­ған «Махаббат, қызық мол жылдар» романы сүйіспеншілік тақырыбындағы таптаурын дүние емес, нағыз қазақ азаматына тән мөлдір сезім мен буырқанған жастық отының шынайы көрінісі еді. Оны соғыс өртінен енді оралған қазақ солдатының дүниетанымы арқылы қарапайым тілде жеткізу шебердің шеберінің ғана қолынан келетін әдеби үрдіс. Ал Бауыржан Момышұлы жайлы жазылған «Ақиқат пен аңыз» туындысы май­талман шығармаларының ішін­дегі ең ұшар шыңы еді. Екеу ор­тасындағы әңгіменің үлкен романға жүк болып, онда кешегі даңқты баһадүрлеріміздің жал­ғасындай Бәукеңнің ерлік істері көз алдымызда болып жатқан оқиғадай өрбітіле жазылды, – дейді С.Елікбай.

Әзілхан Нұршайықов пен жазушы-драматург Мұқан Иманжанов араларынан қыл өтпес достар болғаны белгілі. Оның үстіне М.Иманжановтың «Есеновтің тағдыры» атты әңгімесі кейін Әзағаңа жоғарыда аталған махаббат тақырыбындағы роман-бестеллердің жазылуына түрткі болады. Филология ғылымдарының докторы, профессор Айтмұхамбет Тұрышев қос тағдыр иесінің бір-біріне жазған хаттары жайында сыр шертті. Қаламгерлердің хат арқылы ел мен жердің, халықтың мұң-мұқтажын көтерген тұстарын әсерлі баяндады. Ал Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ардагер журналист Ғалымбек Жұматов қаламгермен өткен кездесулер жайында әңгімелеп, Кереку өңірі тұлғаның жазушылық жолға бет бұруына түрткі болғаны туралы тарқата айтты. Ал Торайғыров университетінің ғылыми хатшысы Әйгерім Шахарман көптеген мәліметпен бөлісті.

«Өңірлік басылымның негізін кезінде есімі Алты алашқа мәлім Бейсенбай Кенжебаев қаласа, одан кейін газетті мүлде бөлек белеске шығарған екінші тарлан Әзағаң болатын. Сол атпал ағаларымыз салып кеткен сара жолды жалғастырған газет бүгінде Ертіс-Баян халқының шынайы ықыласына ие болып, оқырманның оң бағасын алып отыр. Жуықта республикалық «Үр­кер» сыйлығын жеңіп алға­нымыз соның бір дәлеліндей. Газет редакциясы үшін Әзілхан Нұршайықовтың жасап кеткен еңбегі ұмытылмайды», деп атап өтті «Saryarqa samaly» газетінің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев.

Дөңгелек үстел барысында ақынның өмірі мен шығарма­шы­лығынан көрме ұсынылды.

 

ПАВЛОДАР