Жалпы, Үркер ауылында 30 мыңнан астам адам тұрады, көпшілігі көпбалалы отбасылар. «I-Ybray, болашағыңды бағдарла» жобасы негізінен қалалар мен моноқалаларда тұратын 10 мен 16 жас аралығындағы балаларды оқытуға бағытталған. Бұл – коммерциялық бағдарламалау мектептеріне бармайтын және ата-аналарының мүмкіндіктері жоқ балаларға айтарлықтай қолдау. Сондай-ақ бағдарламалау және цифрлық құзыреттіліктері бойынша информатика пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттырады. Жылына 100-ден 300-ге дейін баланы тегін оқыту жоспарланған.
14 пен 16 жас аралығындағы жоғары сынып оқушылары Python бағдарламалау курстарын аяқтағаннан кейін сұранысқа ие құзыреттіліктерді алумен қатар, IT компанияларда кіші курс ретінде жұмыс істей бастайды немесе веб-сайттар мен басқа да қарапайым тапсырыстарды орындай алады. 10-14 жас аралығындағы балалар кәсіптік бағдар алып, цифрлық дағдыларын жетілдіреді. Бұл IT мамандығын таңдамаса да, келешектің цифрлық экономикасының білікті маманы болуға мүмкіндік береді. Айта кету керек, бұл бастамаға «Цифрлық трансформация» қоғамдық қоры, «Logicom» АҚ және «Шаг» компьютерлік академиясы белсенді түрде атсалысты.
Тегін бағдарламалау сабақтары бойынша «I-Ybray» жобасы 2017 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. «Цифрлық трансформация» қоғамдық қорының жетекшісі Азиза Шөжеева қазіргі таңда цифрлық трансформация экономиканың барлық саласын қамтып, IT мамандарына, соның ішінде бағдарламашыларға және т.б. үлкен сұранысты тудырғанын атап өтті. Елімізде 2021-2022 жылдары IT мамандарына сұраныс артып, 55%-ға өсті. Соңғы төрт жылда «Ақпараттық технологиялар, интернет, телекоммуникация» кәсіптік саласы бойынша бос жұмыс орындарының саны 88,5%-ға өсті. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында қазақстандық жұмыс берушілер 20 мыңға жуық бос жұмыс орнын жариялады.
Қазақстанда 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында орташа жалақы 387 мың теңге болды. Яғни 2019 жылмен салыстырғанда жалақы өсімі 60%-ды құрады. Екінші жағынан, орташадан жоғары жалақысы бар IT мамандарына тұрақты сұраныс болғандықтан, NEET жастары санының өсіп жатқанын көреміз. Егер Қазақстанда жастар елдегі жалпы халықтың 20%-ға жуығын құраса, олардың 6,9%-ы NEET санатына енген.
«Бұл – 15 пен 29 жас аралығындағы 255 мыңнан астам адам. Қазақстан экономикасын цифрландыру мақсатында кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін мектеп жасындағы балаларды бағдарламалау негіздеріне және цифрлық құзыреттіліктерге жаппай оқыту қажет. Бұл мәселені тегін IT-бағдарламалау сабақтарын құру бойынша әлеуметтік жобаның бір бөлігі ретінде шешіп жатырмыз», деді А.Шөжеева.
Жалпы, 2017-2022 жылдар аралығында бүкіл ел бойынша жобада 25 мыңнан астам бала оқытылды. «I-Ybray» жобасы жастарға жаңа цифрлық әлемде өзін-өзі жүзеге асыру және қаржылық тұрақтылық мүмкіндіктерін көрсетеді.
Үркер ауылындағы жиынға Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері Бибігүл Нұрашева, Жұлдызай Ысқақова, «Аманат» партиясы қоғамдық кеңесінің мүшесі Батырбек Мусин және басқа да қоғам қайраткерлері қатысты.