ESG – әлемдік нарық үшін тренд. Бұл үрдістен біз де қалыс қала алмаймыз. Алда инвестициялар мен жаңа технологияларды тарту және қолданыстағы технологияны жаңарту, заңнаманы халықаралық талаптарға сай бейімдеу сынды маңызды міндеттер тұр.
Жиында Қазақстан қор биржасының (KASE) басқарма төрағасы Алина Алдамберген ESG қағидаттарын сақтау компаниялардың тұрақты дамуында және олардың қаржыландыру көздерін әртараптандыру қабілетінде маңызды рөл атқаратынын, бұл міндеттерді шешу күрделі жағдайлармен бетпе-бет келіп отырғанын айтты. Енді белді буып, кез келген мүмкіндіктің жалына жармасудан өзге жол жоқ.
Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру және ESG критерийлерін енгізу – стратегиялық басымдықтардың бірі. Биржа 8 жылдан астам уақыт қазақстандық биржа нарығында ESG күн тәртібін тұрақты түрде алға жылжытып келеді. «Инвесторлар ESG талаптары мен қағидаттарына сәйкес келетін жобаларға артықшылық береді. Климаттық облигациялар бастамасының мәліметтері бойынша, биыл үшінші тоқсан соңында шығарылған ESG борыштары мен өтпелі облигациялардың жаһандық көлемі 3,5 трлн доллардан асты», деді А.Алдамберген.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова күрделі геосаяси жағдайларда орнықты экономикалық өсуге бағдарлануды сақтау маңызды міндет болып қала беретінін және оның негізі жасыл, төмен көміртекті экономикаға көшу екенін атап өтті.
2021 жылдың қорытындысы бойынша ESG-қорларға инвестициялар ағынының көлемі үш есе өсіп, 330 млрд доллардан асты, ESG облигацияларына 25%-ға ұлғайып, 3,5 трлн долларға жетті. Былтыр қазан айында «Париж келісімі мен Қазақстанның көміртегі бейтараптығы мақсаттарына қол жеткізу жолдары» конференциясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның парниктік газдардың нөлдік қалдықтарына қол жеткізу жөніндегі үндеуін қолдап, 2060 жылға қарай Қазақстанның көміртегі бейтараптығы стратегиясын әзірлеу туралы хабарлады. «Бұл стратегия халықаралық тәжірибені ескере отырып, көміртегі ізін азайту үшін Қазақстан жүзеге асыруға тиіс нақты шараларды біріктіреді. Биыл барлық мүдделі мемлекеттік орган осы стратегияны әзірлеу және келісу бойынша белсенді жұмыс жүргізді», деді М.Әбілқасымова.
Қазақстанда былтырдан бастап «жасыл» қаржыландыру үшін қажетті құқықтық орта қалыптасты. Жаңа Экологиялық кодекс қабылданды, оның аясында табиғи ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға, қоршаған ортаға теріс әсер ету деңгейін төмендетуге, энергия тиімділігі мен үнемдеуге, климаттың өзгеруі салдарын жеңілдетуге және климаттың өзгеруіне бейімделуге бағытталған «жасыл» жобалар таксономиясы енгізілді.
«Агенттік қазақстандық компаниялардың «жасыл», әлеуметтік облигациялар, орнықты даму облигациялары және орнықты дамуға байланысты облигацияларды шығару мүмкіндігін көздеді. 2021 жылдан бастап орнықты жобаларды қаржыландыру үшін KASE-де жалпы сомасы 131 млрд теңгеден астам ESG-облигациялардың 9 шығарылымының листингі өтті. Оның ішінде 2022 жылы KEGOС, ҚДБ және АДБ сияқты компаниялардың 64 млрд теңге сомаға 3 шығарылымы орналастырылды», деді агенттік төрағасы.
Ведомство қаржы секторында ESG-қағидаттарын енгізу жұмысын бастады. Бұл жұмысқа жауапты инвестициялық саясатты пайдалану бойынша халықаралық көшбасшы институттар тартылды. ESG стандарттарын енгізу процесінің кезең-кезеңімен жүргізілуі маңызды. Бұл қаржы ұйымдарына жаңа реттеуші талаптарға бейімделуге мүмкіндік береді.
Бірінші кезеңде ESG-ақпаратты жария ету жүйесі енгізіледі. Ол үшін агенттік пен IFC сарапшылары ESG өлшемшарттары бойынша ақпаратты жария ету жөніндегі нұсқауды дайындады. Мұндай қаржылық емес есептілікті жария етудің басты міндеті – мүдделі тараптардың қаржы ұйымының қоршаған ортаға, әлеуметтік салаға және экономикаға әсері туралы ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету, сондай-ақ ESG-факторлардың қаржы ұйымының қаржылық көрсеткіштеріне әсерін бағалау. «Оны дайындау барысында халықаралық ұйымдардың, оның ішінде «Орнықты даму туралы жалпы ережелер және климатпен байланысты ақпаратты жария ету» ХҚЕС жаңа стандартының жобасын дайындаған Орнықты дамудың халықаралық стандарттары жөніндегі кеңестің (ISSB) орнықты дамуы жөніндегі есептіліктің 5 негізгі стандартын негізге алдық», деді М.Әбілқасымова.
Агенттік қаржылық емес ақпаратты: елеулі ESG-ақпаратты анықтау, ESG-факторларды басқару, корпоративтік басқару сияқты үш блок шеңберінде жария етуді ұсынады. Бірінші блокта «қоршаған орта», «климат», «қызметкерлер», «өнімдер және тұтынушылар», «қаржылық инклюзия», «этика» сияқты элементтер бойынша ақпаратты жария ету қамтылады. Екінші блок шеңберінде ESG-факторларды тиісті түрде басшылыққа алуды және басқаруды қамтамасыз ету үшін қаржы ұйымдары пайдаланатын құрылым мен процестерді жария ету ұсынылады. Бұл блокқа орнықты дамуды басқару, стратегия, тәуекелдерді басқару және тиімділіктің негізгі көрсеткіштері (KPI) кіреді. Үшінші блок корпоративтік басқару мәселелерін қамтиды және ESG практикасына бейілділігі, директорлар кеңесінің қызметі, бақылау ортасы, акционерлердің құқықтары және мүдделі тараптармен өзара іс-қимыл туралы ақпараттан тұрады.
Қаржы ұйымдары бұл құжатты олардың қызметіне әсерін бағалау туралы есепті дайындау және жариялау үшін пайдалана алады. Бұл кезеңде агенттіктің ұсынымдары ерікті сипатта болатынын атап өткен жөн. Нәтижесінде, ESG-тәуекелдер қаржы ұйымдарының қадағалау жүйесіне ықпалдастырылады. ESG-тәуекелдерін мониторингтеу банктер бойынша SREP жыл сайынғы қадағалап бағалауы шеңберінде жүзеге асырылады. Алдағы уақытта агенттік банктер үшін климаттық тәуекелдерді стресс-тестілеуді өткізуді жоспарлап отыр. Стресс-тестілеудің әдіснамасы мен сценарийлері 2023 жылы әзірленеді. Соның негізіне NGFS (Network for Greening Financial System) орталық банктер мен қаржы реттеушілерінің халықаралық қауымдастығы әзірлеген 6 сценарий алынады. «Ұлттық банк, халықаралық институттар, қаржы ұйымдары мен бизнестің үйлесімді іс-қимылы экономиканың орнықты дамуын қамтамасыз ету жөніндегі ортақ мақсатқа қол жеткізуде инвестициялар ағынын жұмылдыруға мүмкіндік береді деп үміттенеміз», деп қорытындылады М.Әбілқасымова.
«ESG – болашақтың күн тәртібі» пленарлық талқылауы барысында Орталық Азия үшін БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының қосалқы өңірлік кеңсесінің басшысы Айдай Құрманова климат мәселелерін жақсарту және «жасыл» жұмыс орындарын құрудағы басты ойыншы екенін атап өтті. Экономиканы «жасылдандыру» процесі қымбат жоба, бірақ бізде одан өзге жол жоқ. БҰҰ бағдарламалық кеңсесі басшысының айтуынша, Қазақстанда «шағын және орта бизнестің жасыл қаржы өнімдеріне қол жеткізуінде шешілмеген мәселе жетеді. Банк несиесінің қымбаттығы ШОБ-тың жасыл жобалармен айналысуына кедергі келтіреді. Дегенмен мемлекет ESG талаптарына көбірек көңіл бөле бастаған. Қаржы министрлігі былтыр мемлекеттік сатып алуларға экологиялық көрсеткіштерді енгізу бастамасын қолдады.
«Жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығының басқарма төрағасы Олжас Ағабеков Париж келісімі бойынша дамыған елдер жыл сайын дамушы елдерге көмектесуге 100 млрд долларға дейін қаражат жинауға міндеттеме қабылдағанын айтты. Сондай-ақ қатысушылар 2022 жылы Қазақстанда «жасыл» қаржыландыру үшін барлық қажетті құқықтық орта қалыптастырылғаны туралы ақпаратпен бөлісті. Елімізде заңнамалық деңгейде «жасыл» қаржыландыру, оның ішінде «жасыл» облигациялар, «жасыл» несиелер және басқа да қаржылық құралдар ұғымдары бекітілген. Биылдан бастап ESG облигацияларын шығару және тексеру мәселелері заңды түрде реттеле бастады.
Қазіргі дерек бойынша электр энергиясындағы жасыл генерацияның үлесі – 3 пайыз. Ал 2030 жылға қарай оны 15 пайызға жеткізу туралы міндеттеме алдық. Ұлттық экономика министрлігі 2030 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жұмысы аясында 229 млрд доллар инвестиция қажет екенін айтып отыр. 2060 жылға дейінгі кезеңде тағы 648 млрд доллар қажет болады.
ESG инвестицияларына қызығушылықтың артуы дамушы нарықтарға тұрақты қаржыландырудың кеңейтілген және жетілген экожүйелерін құруға мүмкіндік береді.
АЛМАТЫ