Қазақстан • 18 Қараша, 2022

Жер жүдесе, ырыс кем

316 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты биылғы Жолдауында «Қазір ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат жоқ. Жер құнары, су ресурстары мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер жан-жақты шашырап жатыр» деп атап көрсетілген болатын.

Жер жүдесе, ырыс кем

Өңірдегі ауыл шаруашылығы құры­лымдарының инновациялық белсенділігі әлі де төмен. Олар ғылыммен, ғылыми тех­никалық прогрестің дамуымен ынты­мақтаса алмай отыр. Сол себепті де бұрын жетек шаншысаң, арба өсіп шығатын құнарлы, құйқалы жер көрер көзге тозып барады. Әсіресе ұзақ жыл пайдаланылған егістік алқаптары. Экология мен егін шаруашылығының негізгі қағидасы – қайтарым немесе топырақ құнарлылығын арттырудың ғылыми негізі.

Мызғымас өсиетте былай делінген. Егер диқан өсімдік қалдықтарымен, гумус­пен, минералды, органикалық тыңайт­қыш­тармен бірге топыраққа қажетті қорек­ті сіңіре алғанда ғана құнарлылық сақталады. Осы шаруа тап-тұйнақтай атқарылғанда мол өнімнен дәмеленуге болады. Ал қазір бұл тарапта мақтанарлық жайт өте аз.

Астықты өңірдің санатындағы Ақ­мола облысының ауыл шаруашылығы құ­рылымдары ерте көктемде 4 662,6 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар тұқымын сіңірген болатын. Биыл ауа райы біршама қолайлы болды. Көктен иген соң ғана ырыс кеміген жоқ. Соның өзінде де облыс бойынша гектар берекесі 11,7 центнерден айналғанымен, бірқатар ауданда көр­сеткіш мүлде төмен. Атап айтатын болсақ, Қорғалжын ауданында гектар бере­келілігі небәрі – 6,9, Целиноград ауданында – 8, Степногорда 8,5 центнерден айналды. Бұл қызыл қырмандағы дәнді түгін қалдырмай тапсырғандағы нәтиже.

Ғалымдардың пайымдауынша, көр­сет­кіштің төмендеуі жерге деген жана­шыр­лықтың азаюынан. Бірқатар аудандарда тыңайтқышты пайдалану деңгейі төмен. Қазіргі уақытта жоғары өнімілікті қалыптастыру және топырақтың құнар­лы­лы­ғын сақтау үшін қолжетімді минералды тыңайтқыштарды пайдаланатыны белгілі. Соңғы уақытта әлемдегі ахуалға байланысты тыңайтқыштың бағасы қымбаттап кетті де жер емшегін емгендер дарқан табиғат еңбегімізді елер деген сыңайдағы үмітпен ғана жұмыс істеуде.

Оқырманға түсінікті болуы үшін бір дерек келтіре кетелік. Еліміз бойынша минералды тыңайтқыштарды қолдану көрсеткіші мынандай. Мәселен бізде бір гектар егістікке 5-6 килодан ғана келеді. Енді салыстырып көріңіз, іргедегі Ресейде бұл көрсеткіш 45 килоға, Еуропа елдерінде 130 килоға, АҚШ-та 170 килоға тең. Содан да болар, олардағы егін шығымы таң­ға­лар­лық. Украина мен Канададағы гектар бере­келілігі біздің диқандардың түсіне де енбейді.

Осындай жағдайда отандық ғылым еңбегі еш, тұзы сор фермерлерге не ұсы­на алмақ? Биология ғылымының док­торы Әбілжан Құсайыновтың айтуы­на қара­ған­да, егістік алқаптарының тозуы бүгінде ауыл шаруашылығы құ­ры­лымдарының қай­тарым заңын сақ­тамауына байланыс­ты орын алып отыр. Яғни алаған қол береген емес.

Ғылым мен аграрлық саланың ынты­мақ­­тас­тығы мейлінше жақынырақ болса, бұл саланың ғалымдары ауыспалы егіс жү­йе­сін, топырақ өңдеу, өсімдіктерді зиян­кестерден, арамшөптерден қорғау, ты­ңайт­қыштарды қолдану төңірегінде тиімді ұсыныс айта алады. Әрі бұл ерек­­ше шығынды да қажет етпейді. Дәл осындай жанды қарым-қатынастың болмауы агроөнеркәсіп секторын алға бас­тырмай тұр. Көпшіліктің көзін жет­­кізу үшін Әбілжан Тоқанұлының тәжіри­бесін келтіре кете­лік. Жергілікті ға­лым­дар «Фосфогипс – өндірістің қал­дық­тарын кәдеге жарату жолымен Сол­түс­тік Қазақстанның сортаң жерлерін мелиорациялау» жобасын әзірлеген. Айтпақшы, Степногорск тау-кен комбинаты өндірісінің мұндай қалдықтары ұзақ жылдан бері Ақсу және Заводская, Жұмысшы кенттерінің маңында үйіліп жатыр. Шамамен 9 млн тоннаға жуық. Тығырықтан шығар жол іздеген ғалымдар Ақкөл ауданының «Еңбек» серіктестігінің 240 гектар жерін жалға алып, алқапқа фосфогипс сіңіріп, көп жылғы екпе шөптер еккен. Алғашқы жылы өнім көлемі 50 пайызға артыпты.

– Фосфогипс тұзды жерлердің су-физикалық қасиеттерін жақсартатын тамаша мелиорант, – дейді Әбілжан Тоқанұлы, – яғни тұзды суларды ұрықтан­дыру арқылы қоршаған ортаны ластайтын қалдықтарды жоюға болады. Шын мәнінде фосфогипс үйінділерінің мәселені өте күрделі.

Ғалымдар аз мөлшерде азықтандыру нәтижесінде Зеренді ауданының «Ұмай жер» серіктестігінің алқабының әр гектарына бір тонна фосфогипс сіңірген. Нәтижесінде бидайдың шығымы 25 па­йыз­ға көтерілген. Осы мысалдардан-ақ тиімді екендігі көзге көрініп тұрған жоқ па?

Шағын серіктестіктер мен шаруа қо­жа­­лықтары минералды тыңайтқыштың бағасы қымбат болған соң бұл мәселені өздігінен шеше алмайды. Сондықтан, үнемі топырақты азықтандырып отыру үшін арзанын іздейді. Бұл орайда да тығырықтан шығар жол бар тәрізді. Ол күл қожы. Елді мекендердегі күл-қо­қыс­тан қалай құтыларымызды білмей отырғанда тиімді пайдаланып, алқаптарды құнарландыру кәдесіне жаратсақ кәнеки. Ғалымның айтуына қарағанда, топырақ қасиетін жақсартатын осы тыңайтқышты қолданған кезде картоп өнімділігі 70 пайызға, майлы дақылдан 50 пайызға, арпа 37 пайызға көп шығады екен.

Топырақтың тұздануы – бүгінгі таң­дағы өте маңызды мәселе. Жалпы, еліміз бойынша өнімділігі төмен 100 мың гектардан астам алқап бар. Ендігі арада ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер отандық ғылыммен қоян-қолтық жұмыс істемесе, жер де жомарттық таныта қой­май­ды. Ал ғылыми жетістіктерді дұрыс пай­даланған уақытта егіс көлемі ғалымның айтуынша, бірнеше есеге артуы әбден мүмкін. Қазір біз миллиондаған гектар алқапқа дән сіңіріп, көлемнің көбімен ғана ұтып жүрміз. Бірақ жерді бағалау, күтіп ұстау ауыл шаруашылығы құрылымдары ғана емес, әр азамат үшін парыз емес пе?!

– Ауыл шаруашылығы құрылымдарына пайдаланған тыңайтқыштары үшін субсидия төленеді, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Медет Досжанов, – ағымдағы жылы минералды тыңайтқыштарды субсидиялау бағдарламасы аясында жергілікті бюджеттен 3,1 млрд теңге қаражат бөлініп, толық игерілді. 320 шаруашылық субсидия алды. Облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 110 мың тонна көлемінде тыңайтқыш сатып алды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мың тоннаға көп. Минералды тыңайтқыштарды енгізу алаңы – 1,2 млн гектар.

Соңғы үш жылда минералды тыңайт­қыштарды өңірдің Жақсы, Зеренді, Сан­дықтау аудандары молырақ пайда­ланған. Биылғы егін орағынан-ақ нәтижесі көрініп тұр. Мәселен, Сандықтау ауданы гектар берекелілігін 20 центнерге жеткізді. Бұл облыстағы ең үздік көрсеткіш. Зеренді ауданында­ ­гектар берекелілігі 15,2 центнерден айналды. Күтімі бар жердің берекесі де көп екенін дәлелдеудің еш қажеті жоқ.

Органикалық тыңайтқыштар туралы әңгіме өз алдына бір бөлек. Тыңайт­қыштың бұл түрінің құрамындағы қо­ректік заттар өсімдіктерге мейлінше зор қуат берер еді. Әрі көң кез келген елді мекеннің жанынан табылады. Бар шығын – алқапқа тасымалдап жаю ғана. Өңдеу кезіндегі органикалық қалдықтар топырақтың құнарлылық дең­гейін көр­сететін қарашірік түзеді. Біз сол да­лада шашылып жатқан көңді топырақ құ­на­рын жақсартуға пайдалана алмай отырмыз. Ғалымдар көңнің құрамында өсімдіктерді азықтандыруды қамтамасыз ететін топырақтың физика-химиялық қасиеттерін әлдеқашан дәлел­де­ген. Орга­никалық заттардың көзі мейлінше мол бола отырып, жерді аздырып, тоздыру орны толмас өкінішке ұрындыруы әбден мүмкін.

Жерді ұтымды пайдалану, ауыл шаруа­шылығы мақсатында пайдаланылмай жат­қан жерді қайтару, төрт түлік малға ауадай қажетті құнарлы жайылымдардың тапшылығын жою өңір үшін өзекті мәселе. Қазір облыста 1 млн 863 мың гектар жер іс жүзінде кәдеге аспай жатыр. Оның 191 мың гектары – егістік, 1 млн 670 мың гектары – жайылымдық жер.

Ақкөл ауданындағы «Қанағат» шаруа қожалығының басшысы Қуат Өтеш­­­баев­тың айтуына қарағанда, мал шар­уа­шылығын дамытудың ең басты мә­селесі – жер құнарын арттыру болып отыр. Табындап сиыр, үйірлеп жылқы бағып отырған шаруа қожалығының жайылымдық, шабындық жерлері тозып біткен. Амалсыздан екпе шөп егіп, жайылымдық жерінің жағдайын жақ­сар­туға талаптанған. Екпе шөптің тұқымы тым қымбат болғанымен, жер тозса еңбегі зая кетет­інін түсініп отыр.

– Бір гектар жерге 20 кило тұқым сіңірдік, – дейді шаруа қожалығының басшысы, – оның алдында оңтүстіктен жоңышқа тұқымын әкеліп еккен болатынбыз. Үш жыл бойы талаптандық. Бірақ нәтиже көңіл көншітер емес. Ең бас­ты се­бебі, ылғалдың аздығы. Суармалы егіс­тік алқабына айналдыру үшін су көзі жоқ. Кей жерлерде ұңғыма қазғаны үшін мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп, субсидия бөлінеді деп естиміз. Бірақ бізге ондай жанашырлықты түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Шағын шаруаға өз қаражатына ұңғыма қазып алу өте қиын. Қазір бір метрі 40 мың теңге шамасында. Біздің өңірде су шамамен елу метрден шығады. Сонда бір ұңғыма қазуға 2 млн теңгеден астам қаражат қажет екен. Субсидияның ешбір түрін алып көрген емеспіз.

Сөз арасында шаруа қожалығының мәселесі шаш етектен екенін де айта кетелік. Бұл басқа тақырып болса да, сәл ғана сыналай кетсек айыбы болмас. Қуат Амангелдіұлының айтуына қарағанда, ат тұяғы жететін жерде орталықтандырылған ет өткізу орны жоқ. Әзірге алыпсатарларға көтерме бағамен беріп, жем болуда. Таяуда 4 сиырының етін Астананың алыпсатарларына 1 550 теңгеден әзер өткізіпті. Жү­де­ген, құнары азайған жерде жанын жал­дап мал бағып отырған малсақ қауым­ның алға бас­қан адымын кері кетіріп отырған жай аз емес-ау.

– Төрт түлік малды тоқымдай жерге бақ­қан соң тозбай тұра ма? – дейді шаруа­шы­лық басшысы, – мәселен, жылқы баққан жайылымға сиыр жаямыз. Жылқы жарықтық тісінің бітіміне орай шөпті тамырымен жұлады, одан кейін тілімен орап азықтанатын сиырға не қалсын?!

Мұндай мәселе ел ішінде жиі кезде­седі. Айталық, Ерейментаудың Ажы ауы­лындағы шаруашылық басшысы Ғибадолла Әубәкіров жайылымдық жер­дің тозуына байланысты қиындық көріп отыр. Ешкімге алақан жаймай, өз шаруасын дөңгелеткен шаруашылық 1993 жылы құ­рыл­ған. Қазір мың жарым бас жылқысы, 600-дің үстінде қара малы, бір отар қойы бар. Мал жаятын жердің тозуына байланысты Павлодар облысының жайылымын пайдалануда. Жер құнарын арттыру үшін екпе шөп егіп көрген.

– Біздің шаруашылыққа тиесілі тоқым­дай жеріміз мың жарым жылқы жайылған соң жарты айдың ішінде ту тақырға айналады, – дейді шаруашылық басшысы, – негізі күтпеген, баптамаған жер тозады. Ендігі амал – жайылымның құнарын арттыру үшін көпжылдық дақылдар егу.

Жер жүдесе ырыстың да азаятыны бел­гілі. Сондықтан, бұл мәселеге жүрдім-бардым қарауға болмайды. Ең бастысы, ғылымның бұл орайдағы жетістігін пайдалану, сондай-ақ Жер-анаға деген перзенттік парыз пешенемізге жазылса деңіз.

 

Ақмола облысы