Саясат • 18 Қараша, 2022

Байқаушылар дайын

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында президент сайлауына дайындық қызу жүріп жатыр. Сайлау учаскелерінің әзірлігі бір бөлек, байқаушылар да сайлаудың әділ өтуіне атсалысуға дайын.

Байқаушылар дайын

Орал қаласында «Партиялық емес байқау орталығы» республика­лық қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалының ұйымдастыруымен маңызды саяси науқанға байқау жүргізу барысы сөз болған брифинг өтті. Филиал сайлау туралы құқықтық талаптарға сәйкес ақпарат беру, сайлаушылар мен бақылаушылардың міндеттерін құқық­тық негізде түсіндіру, жергі­лік­ті сайлау комиссиясымен өзара бір­лескен іс-қимылдар жасауға мүдделі. Яғни орталық бөлімшесі сайлау үдерісіне қоғамдық байқау жүргізу мақсатында құрылған болатын. Бұл – әділ әрі ашық сайлауға мүдделі Қазақстан азаматтарының тәуелсіз, ерікті бірлестігі. Оның құрамына қоғамдық ұйымдардың өкілдері, БАҚ өкілдері, жастар, сарапшылар, азаматтық белсенділер кірді.

«Партиялық емес байқау орта­лығы» республикалық қоғам­дық бірлес­тігінің Батыс Қазақстан облыс­тық аймақтық өкілі Асхат Өкше­баев­тың айтуынша, филиал 21 қыркүйектен бастап 40-тан астам іс-шара өткізген. Атап айтсақ, Орал қаласы мен 12 аудан­дағы байқаушыларға оқыту семи­нар-тренингі, бірінші рет сайлауға қатысатын жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша семинар, өңірдің зиялы қауым өкіл­дері мен үкіметтік емес ұйым­дарымен кездесу, байқау­шы­ларға арналған тренингтер, аймақ­тық сайлау комиссиялары жұмыс­тары­мен танысу, сайлауға түсуші кан­дидат­тардың теңдігін байқау бойынша іс-шаралар ұйымдастырылған.

Облыстық филиал сайлау күні 505 сайлау участкесінде 901 байқау­шы жұмысын ұйымдастырады. Өкілдікте облыстың 18 координаторы: Орал қаласында – 6, аудандарда – 12 және 54 мобильді капитан, заңгер, БАҚ және әлеуметтік желілерде сараптама жүргізетін еріктілер жұмылдырылмақ.