Елорда • 18 Қараша, 2022

Елордада көмір қоры жеткілікті

342 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір елімізде көмір сатылатын 300-ге жуық теміржол тұйығы бар. Оның ішінде қатты отын саудаланатын 14 нүктесі қарастырылған 11 қойма (теміржол тұйығы) бас шаһарда орналасқан. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері астанадағы көмір сатылатын теміржол тұйық­тарына барып, қатты отынның бар-жоғын бағамдап қайтты.

Елордада көмір қоры жеткілікті

Мәселен, кейінгі 7 айда, яғни осы жылдың 1 мамырынан бастап 15 қара­шаға дейін Астанаға 259,2 мың тонна көмір жеткізілген. Қазір еліміздегі темір­жол тұйықтарындағы қатты отынның көлемі 317,8 мың тоннадан асады. Оның ішінде бас қаладағы теміржол тұйықтарында көмір қоры шамамен 19,2 мың тоннаға тең. Ақмола облысында – 58 мың тонна. Бұл пункттер тиісті инфрақұрылыммен, оның ішінде тиеп-түсіру техникасымен толық жабдықталған.

Астанадағы теміржол тұйықтарынан көмір Ақмола облысының таяу маңдағы елді мекендеріне (Жібек жолы, Талапкер, Қосшы және Аршалы және тағы басқалары) сатылады.

Индустриялық даму комитеті төраға­сының орынбасары Тұрар Жалмағам­бетовтың айтуынша, халықты қатты отынмен қамтамасыз ету жұмыстары Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің тұрақты бақы­лауында. Биыл жылыту маусымына дайын­дық наурыз айында басталды. Осыған байланысты қазір күнделікті мониторинг жүргізіліп келеді.

– Министрлік тұрақты негізде жергі­лік­ті атқарушы органдар, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы және көмір разрездерімен қатты отынмен қамтамасыз етуге байланысты, сондай-ақ өңірлерде дүрбелеңді болдырмау үшін күнделікті кеңес өткізіп келеді. Бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында тамызда барлық компания бағаны бекіту туралы меморандумға қол қойды. Көмірдің орташа бағасы былтырғы деңгейде сақталып отыр, – дейді Т.Жолмағамбетов.

Оның айтуынша, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, көмірді жеткізу және бөлу мәселелерін ерекше назарда ұстап отыр. Халықты қатты отынмен қамтамасыз ету үшін жауапты ведомство бірқатар шара қабыл­дады. Оның ішінде алдағы жылыту маусымында қатты отын тапшылығын болдырмау үшін құзырлы орган жылыту маусымы кезеңінде автокөлікпен көмірді әкетуді 6 айға шектеу туралы бұй­рықты қабылдады. Аталған ше­шім көмір разрездері және өңірлік әкім­діктермен бірлесіп әзірленді.

– Қазір қандай да бір дүрбелең жоқ. Мүмкін бұл адамдардың көмір қорын алдын ала жинақтап алуымен байланыс­ты шығар. Сондай-ақ қаланың көгілдір отынға көшіріліп жатқанын ескеру қажет. Қазір халықтың едәуір бөлігі көмірді сатып алған. Вагондарды жіберу мен оларды тазалауға қатысты мәселе туындап отырған жоқ, – деді көмір қоймасының меңгерушісі Алтынбек Есжанов.

Бұл ретте көмірдің қоры, бағасы және бар-жоқтығын анықтау туралы сұрақтардың жауабын 109 сенім телефон нөміріне хабарласу арқылы алуға болады. Теміржол тұйықтарындағы көмірдің бағасы, оның ішінде Астанадағы қатты отынның құны туралы айтсақ, Майкөбе көмі­рінің тоннасы – 13 200 теңге, Шұбар­көл көмірінің бағасы – 13 900 теңге, Қаражыра көмірінің құны – 14 600 теңге.

Сонымен қатар Halyk Market платформасына өңірлік операторларды қосу жұмыстары жалғасып жатыр. Осы орайда заманауи шешімдердің қатты отынды тікелей теміржол тұйықтарынан кезексіз сатып алуда септігі мол екенін айта кеткен абзал. Бұл өз кезегінде халықты жылыту маусымына уақтылы дайындауға мүмкіндік береді. Аталған қанатқақты жобаға Қызылорда, Жамбыл, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары мен Алматы қаласы қосылды.