Дүбірге толы дүние
Қазіргі заманды жаһандану заманы дейміз. Елдердің қауымдасуы күшейді. Содан да оған көзқарас та өзгерген. Еуропарламент сайлауынан да осындай өзгерістің табын аңғарасың. Өткен жексенбідегі сайлауда бұл айқын көрінді. Әсіресе, соңғы кездегі экономикалық дағдарыс халық арасында әртүрлі пікір тудырып отыр. Біреулер оған төтеп берудің жолын қауымдасып күресуден іздесе, екіншілері әркімнің өз күнін өздері көргенін қалайды, біреу үшін шығынданып, оның ауыртпалығын көтерудің қажеті жоқ дегенді айтады. Сол соңғылары жетекші елдерде көбірек. Еуропарламент сайлауында әсіреұлтшылдардың, еурокүмәншілердің (еуроскептиктердің) біршама көбірек дауыс алуы да содан. Ішкіелдік сайлау мен Еуропарламент сайлауының арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Халықтың, сайлаушылардың ішкі және сыртқы мәселелерге көзқарастары әртүрлі. Жұрт ішкі мәселелерде елдегі бір партияның саясатын қолдаса, сыртқы мәселеде, нақтырақ айтқанда, Еуроодақтың қызметін бағалауда екінші партияны қолдауы әбден мүмкін. Еуропарламент сайлауынан соны аңғардық. Ұлыбританияда алма-кезек билік тізгінін ұстап келе жатқан екі партия бар: консервативтік және лейбористік. Ішкі саясатта халық негізінен осы екі партияның біреуіне құлақ асады. Еуропарламент сайлауында жұрт елдің Еуроодақ ұйымынан шығуын ұрандап жүрген Тәуелсіздік партиясына 29 пайыз дауысын берді. Халықтың үштен біріне таяуының Еуроодаққа құлқы жоқ. Еуропарламентте өз мүддесін қорғасын деп оған өкілдерін көбірек ұсынды. Ал биліктегі консерваторлық партияға сайлаушылардың төрттен бірі ғана дауыс берді. Франциядағы жағдай да осыған ұқсас. Әдетте ішкі сайлауда он пайыз төңірегінде дауыс жинайтын әсіреоңшыл «Ұлттық майдан» партиясы 25 пайызға ие болды. Оның көсемі Марин Ле Пеннің беделі шарықтау биікке көтерілді. Оған Халық қозғалысын қолдаушы оңшыл одақтың 20 пайызын қосса, бұлардың ықпалында сайлаушылардың жартысына жуығы бар деген сөз. Қазіргі биліктегі Франсуа Олландтың Социалистік партиясының 14 пайызбен шектелуін сарапшылар ойсыраған жеңіліске қосып отыр. Еуроодақтың саясатына да, экономикасына да тірек болып отырған Германияда канцлер Ангела Меркельдің блогы 36 пайызбен өз орнын сақтап қалғанымен, «Германия үшін балама» партиясы 6,5 пайыз жинап, Еуропарламентке өз өкілін жіберуге мүмкіндік алғаны – еурокүмәншілдердің барлық жерде бас көтергеніне айғақ. Еуропарламенттің құрамы 751 депутаттан тұрады. Жаңа құрамда біраз өзгешелік бар. Әсіреоңшылдар мен еурокүмәншілдер қатары біраз артқаны анық. Бірақ олар еуроодақтық саясатқа шешуші ықпал ететіндей дәрежеде емес. Дегенмен де, мұны үрдіс деп қабылдауға болады. Қазір Еуропарламенттегі депутаттардың 16-17 пайыздайы ғана еуропалық интеграцияға қарсы. Бұрын өзекті мәселелерді шешкенде, әдетте оңшылцентристер мен солшылцентристер арасындағы тіл табысу қажет болса, енді центристер мен радикалды партиялардың тіл табысуы қажеттігі туатын түрі бар. Сонымен бірге, барған сайын радикалдардың қатары өсіп келе жатқаны да шындық. Таиланд: қарсыластарды су бөліп тұр Міне, бір аптадан асты – Таиланд әскерилердің қолында. «Заңдылық пен тәртіпті сақтау үшін» әскери төңкеріс жасаған олар өз тәртібін орнатты. Өмір сабасына түсті деу де қиын. Телеарналар әскерилер мен халықтың қақтығысын көрсетіп жатыр. Бұл төңкерістің басталуы да қызық болды. Алдында әскерилер өз қадамдарын тәртіп орнықтыру үшін жасалған шара, әсте де төңкеріс емес деп жариялады. Бұл сөз армия қолбасшысы генерал Прают Чан-Очаның аузынан шыққан соң, бірқатар ақпарат құралдары өз хабарларын «Бұл төңкеріс емес» деген тақырыппен де берді. Ақпарат таратуға жауапты полковник Вин Тай Сувари әскерилердің әрекеті үкіметпен келісілгенін, олар өз қызметін атқара беретінін де мәлімдеген. Бірақ жағдай мүлде басқаша болып шықты. Генерал Прают Чан-Оча бар билікті өз қолына алғанын, өзін премьер-министр етіп тағайындағанын да мәлімдеді, барлық телеканалдар бақылауға алынып, цензура енгізілді, шерулер, митингілерге тыйым салу өз алдына, бес адамнан артық жиналуға да рұқсат етілмейтін болды. Коменданттық сағатты бұзғандарға қатаң шара қолданылатыны ескертілді. Осыдан кейін ғана әскерилер өз әрекеттерін ел королі Пумипон Адульядеттің қолдайтынын мәлімдеді. Бұл ел – конституциялық монархия, мемлекет басшысы – король. Сонымен бірге, ол – бас қолбасшы. Елдің конституциясы бойынша атқарушы билікті парламент тағайындайды. Содан да корольдің билігі ресми ғана көрінеді. Бірақ билікке таласқанда оны пайдалануға да болады. Бұл елдегі билік пен оппозиция арасындағы күрестің барысын бұрын да жазғанбыз. Ол өзі жағымсыздау сипатта өрбіп келеді. Уәжге тоқтау, демократиялық сайлауда жеңгенді мойындау бұл елде болмайтындай. Бұрынғылары өз алдына, өткен жылдың аяғынан бері ел астанасы Бангкокта саяси шайқастан басқа өмір жоқтай көрінген. Сөз ұғудан қалған тобыр билік кетсін деген ұраннан басқаны білмейтіндей. Йинглак Чинаваттың заңды сайланған үкіметінің уәжін олар тыңдағысы келмейді. Бүкіл халық екіге жарылып, бір жақ екіншісін ғайбаттаудан басқаны ұмытқандай. Осындай жағдайда әскерилердің араға жүргені, қарсыластарды ұлттық ұғысуға жетелегені жөндей көрінген. Алғашқы апта бұл үмітті ақтай қойған жоқ. Әскерилердің ел үкіметімен келіссөздері де бұлыңғыр, жұмбақ. Олар белгілі дәрежеде оппозицияның сөзін сөйлеп, билікте болғандарды жазалауға бейімдігі аңғарылғандай. Бұл жерде елде билікті жақтайтындардың да аз еместігін есепке алған жөн. Қарсыластар демекші, олар әлі де ажыратыла қойған жоқ. Бір жақсылығы десе де болар – олар Бангкокты жарып өтетін Чао Прайя өзенінің екі жағында. Арасын су бөліп тұр. Сол су болмаса, олар ұстаса кететіндей. Әскерилер оларды ажыратуға шамалары келмесін аңғарғаннан да болар, екі жақты өз орындарынан кетпеуге шақырып отыр. Сірә, қарсыластарды күшпен ажырату мүмкін де емес шығар. Оларды қарсыласудан ажырататын, қайтадан біріктіретін күш – ұлттық табысу. Ол әскерилердің қолынан келе ме, жоқ па, бұл белгісіз. Көптеген елдер, БҰҰ-ның өзі бұл елдегі әскери төңкерісті айыптап отыр. Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».«AMANAT»-та «Ұлы дала» әдеби байқауы қорытындыланды
Руханият • Кеше
Деректер журналистикасы бойынша оқу курсының таныстырылымы өтті
Аймақтар • Кеше
«Egemen» де, домбыра да сыйлады
Руханият • Кеше
Қасым-Жомарт Тоқаев «Жетісу» волейбол клубының жай-күйімен танысты
Президент • Кеше