Аймақтар • 18 Қараша, 2022

«Жедел жәрдем» көлігі берілді

801 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Алматы облысында денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 4,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Осы қолдаудың нәтижесінде медицина мекемелерінің жабдықталуы 91 пайызға жетіп отыр. Ал жақында өңірдің жедел жәрдем қызметіне жаңа көліктер берілді.

«Жедел жәрдем» көлігі берілді

Қонаев қалалық ауруханасы­ның аумағында медицина қызметкерлеріне 35 жаңа авто­кө­ліктің кілтін тапсыру рәсімі өтті. Іс-шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қа­тысты. Құттықтау сөзінде ол өңірде медицина саласына көп көңіл бөлінетінін атап өтті.

– Уақтылы шұғыл көмек көрсе­ту үшін бригадаларды көбейтіп, санитарлық көлікті жаңартып жатырмыз. Облысқа лизинг бо­йынша 35 машина бөлінді, оның  жетеуі Қонаев қаласына тиесілі. Бұл дәрігерлердің жұмыс істеуін біршама жеңілдетеді. Өйткені жаңа «жедел жәрдем» көлігі заманауи техникамен жабдықталған, – деді М.Сұлтанғазиев.

Жалпы, жергілікті бюджет есебінен Hyundai H-350 және JAC Sunray маркалы санитарлық көліктің 35 бірлігі сатып алынған екен. Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбековтің айтуынша, барлық автокөлік қажетті жабдықтармен жабдықталған. Бұл сапалы және шұғыл көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

– Жедел және шұғыл медици­на­лық көмекті 142 бригада көр­се­теді. Санитарлық автокөлік паркін толықтыру есебінен жедел және шұғыл медициналық кө­мек бригадаларының санын 8-ге ұлғайту және ауылдық елді мекендердің медициналық ұйым­дарының алыстығын ес­кере отырып, олардың санын 150-ге дейін жеткізу жоспарланды.­ Бұл автопаркті жаңартуға және­ толықтыруға мүмкіндік бере­ді. Мұның бәрі облыс халқы үшін жедел және шұғыл меди­ци­налық көмекті уақтылы көр­се­туге мүмкіндік береді, – деді Ө.Ниязбеков.

Ал жаңадан берілген «Жедел жәрдем» көліктері Жамбыл, Балқаш, Кеген, Райымбек, Ұйғыр, Талғар, Қарасай аудандарының, сондай-ақ Боралдай мен Қонаев қалаларынан түсетін шақыр­туларға қызмет көрсетуге бөлінді.

 

Алматы облысы