30 Мамыр, 2014

«Болашақ үшін еске сақтау» жобасы таныстырылды

279 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан халқы Ассамблея­сы өкілдерінің қатысуымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған брифинг болып өтті. Брифингте алғашқы болып сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық кеңесiнiң хатшысы Наталья Калашникова тәуелсіздіктен кейін Елбасының алғашқы қол қойған Жарлықтардың бірі – 31 мамырды Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп жариялауы мен репрессияға ұшырағандарды ақтау туралы болғанын айта келіп: «Елімізде тарихи жадты сақтау үшін орасан зор жұмыстар атқарылды. Иә, шынында 2010 жылы ҚХА, менің ойымша, өте бір маңызы бар жобаны қолға алды. Ол – «Болашақ үшiн еске сақтау» жобасы». Енді осы күнге орай Семей қаласында «Болашақ үшiн еске сақтау» халықаралық форумы өткізілмек», деген Н.Калашникова осы күнге дейін жоба аясында Қ­азақ­стан халқы Ассамблеясы ат­қар­ған iс-шараларды тiлге тиек еттi. Оның iшiнде Кеңестер Одағы­нан шыққан елдер ішінде алғаш рет елімізде тарихшылар форумы өткендiгiн, ал оған жер-жерден жиналған ғалымдардың сол дәуірдің қиындығын бағалау тұрғысынан өздерінің нақты ғылыми тұжы­рым­дарымен бөліскенінің қаншалықты маңызды болғанын атап көрсетті. Сондай-ақ, ол саяси қуғын-сүргiнге ұшырағандарға арналған бiрқатар деректi фильмдер түсiрілгенiн, Алаш қайраткерлерiн ұлықтау мақсатында бiрқатар зерттеу жұмыстары жүргiзiлiп жатқандығын жеткiздi. ҚХА өкілі қазақ жерінде 1937-1957 жылдар ішінде өте көп репрессияға ұшыраушылардың жазасын өтегендеріне тоқталып, бұл жерде олардың қанша екені туралы цифрды әдейі айтпай тұрмын, өйткені, зерттеушілер ол жайында түрлі цифрларды келтіреді, қалай болғанда да, жазықсыз жапа шеккендердің саны өте көп дегенінің шырылдаған шындық екеніне қосылмауға болмайды. Адам тағдыры ойыншықтан бетер тәркіге түсіп, ерлер атылып, жарлары жастан тұншығып, түрме азабын тартқан сол жылдардың қасіреті айтылғанда, 1937 жылы атылып кеткен өзімнің екі атам мен олардың жылаудан көзінен айырылған жарлары – екі әжем есіме түсті. Бәлкім, осы тақырыпты зерттеуді қолына алып, оны 2010 жылға дейін-ақ атқарып жүрген заң ғылымдарының докторы Нұрлан Дулатбековтің де зарлы тарихты ақтаруына да өзіндік бір себептер бар шығар. Қалай болғанда да, шерлі шежіренің сырын ақтарғысы келетін шетелдік ғалымдардың өзі қазақ жеріне келсе, құр қайтпайтыны анық. Бұл жайында өз сөзінде Нұрлан Орынбасарұлы да айтты. Соңғы 10 жылдың ішінде 15-ке жуық монография мен көр­кем шығармалар, көсемсөздік жарияланымдар оқырмандарға жол тартты. Олардың біразының алыс-жақын шетелдерде тұсаукесерлері өткізіліп, дүниежүзінің 28 үлкен кітапханасында сақталып отыр. Зерттеу барысында біз Ресей, Украина, Венгрия, Жапония, Молдавия, Румыния ғалымдарымен қоян-қолтық жұмыс жасадық. Олардың барлығы үлкен тарихи, саяси және мәдени мәні бар дүниелер деп есептеймін. Өйткені, бұл тек өткен күн үшін ғана емес, болашақ үшін де қажетті байланыстар мен тарихи жад деген ғалымнан соң сөз тізгіні қолына тиген қоғамдық ұйым өкілі, Тамара Лавриненко: «АЛЖИР-дегі» құжаттармен, тарихпен танысқанда қолдарымен қасықтан басқа ауыр зат көтермеген арулардың басынан кешкендерін жан тебіренбей, толқымай танысу мүмкін емес, деп сөзін бастаған ол өздерінің осы іспен айналысуға тілек білдіргенін айтты. 5 жыл бойына ҚХА-мен бірлесе көптеген жұмыстар атқарып, шаралар ұйымдастырдық. Меніңше, өткенді ұмыту адамгершілікке жатпайды, оны еске сақтап, құрбандарға деген құрметіңді жасағанда ғана ертеңгі күнде жасампаздыққа орын бар. Талдықорғанға барған сапарымызда Қиыр Шығыстан жер аударылған корейлерді «төккен» орынға тоқтадық. Осы жерде тамағымызға тас тығылып, ешкім сөйлей алмай қалды. Көздеріңізге елестетіңіздерші, қар түскен суық күз, айналада бір елдімекен, я бір үй жоқ. Арып-ашып, балаларын суықтан қалай қорғаймыз деп шарасыз күйге түскен жадау өңді адамдар. Ал осындай жандарға қазақ халқы қысылғанда қолұшын созды. Оның сөзін сабақтап кеткен Наталья Калашникова қоғамдық ұйымдардың бастамасымен «Қазақ халқына мың алғыс» атты ескерткіш тақта қойылғанын, сонау Германияда тұратын, кезінде Қазақстанда айдауда болған әйелдің «Құрт – өмір сыйлаушы тас» атты дастан жазғанын айтты. Осы дастаннан қазақ халқының «халық жауы» деген қарғыс таңбасы тағылған адамдарға жасаған жақсылығын танисың. Жазаланушылар аштықтан әлсірегенде сырттан жергілікті тұрғындар ақ тас лақтыратын. Ол жәй тас емес, аштықтан құтқаратын құрт екен деп жазылған дастан негізінде спектакль де сахналанды. Осындай жан толқытар мейірім қазақ халқының ділінде жатыр, деген брифингке қатысушылар журналистер тарапынан қойылған сауалдарға да тұщымды жауаптарын берді. Айта кетейiк, «Болашақ үшiн еске сақтау» жобасының мақсаты – жалпыұлттық тарихи сананы қалыптастыру, ұлттық бiрлiктi нығайту, тарихи жадымызды сақтау және өскелең ұрпаққа тарихи тәжiрибенi беру үшiн азаматтық қоғам мен мемлекеттi бiрiктiру. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».