Фестивальге қатысуға елордалық жоғары оқу орындарының өкілдері арасынан барлығы 14 команда өтінім берген.
Студенттер 10 номинация бойынша бақ сынасты. Олар өздерінің қабілеттерін би, вокал, поэзия, музыка, бейнелеу және театр өнерінде, сондай-ақ интеллектуалды викторинада көрсетті. Қатысушылардың өнерін өнер және мәдениет қайраткерлері, еліміздің еңбек сіңірген әртістері, кәсіби хореографтар мен видеографтар бағалады.
Фестивальдің салтанатты жабылуында қала әкімінің орынбасары Есет Байкен байқаудың ерекшелігі елорданың барлық жоғары оқу орындарының қатысуында екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде Астананың университеттері мен колледждерінде 62 мыңнан астам студент оқиды, жыл сайын өзге қалалардан келетін талапкерлердің артуы байқалады.
«Бүгінде елорданы елдің әкімшілік-саяси орталығы ғана емес, кәсіпкерлер мен жастар қаласы деп те атауға болады. Негізгі себеп - жастарды қолдайтын мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру және оқу орындарының білім беру сапасы. Жалпы, бұл фестиваль қазіргі уақытта шығармашылық әлеуетті іске асыру, жаңа таныстар табу және жастар арасында мәдени ортаны қалыптастыру үшін толыққанды алаңға айналды», деді әкім орынбасары.
Байқау жеңімпаздарының бірі Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Жантас Еркінұлы болды. Тәуелсіздік тақырыбы оны ерекше шабыттандырыпты. Жас ақын өз өлеңінде Отанға деген сүйіспеншілік туралы айтып, қазақстандықтарды патриотизмге шақырды.
Сондай-ақ, «Тұран» университетінің студенті Карина Миняло байқауға дайындығы туралы естеліктерімен бөлісті.
«Біз «Ұлттық би» номинациясына қатысып, шешен халқының биін дайындадық. Көпшіліктің есінде қалатын өнер көрсеткіміз келді. Менің ойымша, бұл байқау таланттарды ашуға көмектеседі. Әрине екінші орын алғанымызға қатты қуанып отырмыз, деді «Иман» ансамблінің мүшесі Карина Миняйло.