Елорда • 19 Қараша, 2022

Елордада бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті

245 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада «Жастар» сарайында жұмыссыз азаматтарға, пробация қызметінің есебінде тұрған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға арналған жалпықалалық бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге 50-ден астам жұмыс беруші қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті

Жәрмеңке жұмысына 55 жұмыс беруші қатысып, 1400-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Елордалық ұйымдар арасында құрылысшыларға, инженерлерге сұраныс жоғары. Мұғалімдер де сұранысқа ие.

«Мұндай жәрмеңке биыл тоғызыншы рет өтті. Қазіргі уақытта құрылыс, денсаулық сақтау, өндіріс, тамақ өндірісі саласындағы кадрларға қажеттілік бар. Сондықтан біз бос жұмыс орындары бар жұмыс берушілерді шақырдық. Жыл соңына дейін жастар үшін тағы бір жәрмеңке өткізуді жоспарлап отырмыз», деді Астана қаласының халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Бақыт Рақышева.

Өтініш берушілердің пікірінше, мұндай іс-шаралардың басты құндылығы - бір күнде бірнеше жұмыс берушімен бір нысанның ішінде сұхбаттасу мүмкіндігі.

«Егер жақсы жұмыс іздесеңіз, іздеу әдісінің барлық түрін қолдануыңыз керек, өйткені кейбір компаниялар бос жұмыс орнын интернетке жарияламайды. Сонымен қатар қойылатын талаптарды оқығанда, түсінбеген жерлері болуы мүмкін. Ал мұндай жәрмеңкелерде барлық мәліметті бірден нақтылауға болады», деп атап өтті ізденуші Гүлжан Әбдіразақова.

Жұмыс берушілерді Астана қаласының халықты жұмыспен қамту орталығы өткізетін бағдарламалар қызықтырады. Олар: NEET санатындағы азаматтарды, халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерін және зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдарды жұмысқа орналастыруға бағытталған жобалар. Осы жобалар аясында мемлекет жоғарыда аталған санаттағы қызметкерлер үшін жалақының 35%-дан 50%-ға дейін төлейді.

«Қаладағы бос жұмыс орындарына арналған жәрмеңкелерге үнемі қатысамыз. Біздің компания құрылыспен айналысады, тиісінше мамандарға үнемі мұқтажбыз. Сондықтан біз жұмыс тәжірибесі жоқ түлектерді қабылдауға және оларды өз бетінше оқытуға дайынбыз. Мемлекет бізге қызметкердің тағылымдамасы кезінде жалақының бір бөлігін төлеу арқылы көмектеседі», деді «Үміт» компаниясының кадрлар бөлімінің басшысы Наталья Кагирманова.

Бұл жәрмеңкеде жұмыс берушілер ұсынатын орташа жалақы 150-ден 400 мың теңгеге дейін болды.

Айта кетейік, жыл соңына дейін Астанада 28 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Бос орындар жәрмеңкесінің мақсаты - азаматтарды жұмысқа орналастыру. Бүгінгі жалпықалалық жәрмеңкеге 400-ден астам жұмыс іздеуші қатысты.