Елорда • 19 Қараша, 2022

Астанада спорт орталықтары салынады

323 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында спорт нысандарының құрылысы мен сол жағалаудан салынатын тағы бір Оқушылар сарайы туралы мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада спорт орталықтары салынады

- Елордада балалар мен қала тұрғындарына арналған бірқатар спорт және демалыс орталығын салып жатырмыз. Мысалы Алматы ауданында («Қазақстан» спорт сарайы жанында) жеке инвестициялар есебінен көпфункционалды балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт орталығының құрылысы жүріп жатыр. Спорт орталығының базасында футбол алаңдары, сол сияқты үстел теннисіне, дзюдоға, парадзюдоға, хореографияға және т.б. арналған залдар болады, - деп жазды елорда әкімі.

Сондай-ақ аталмыш көпфункционалды спорт орталығының базасында спортшыларды оңалтуға арналған дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері болады.

Анықталғандай, жеке инвестициялар сомасы - 5,5 млрд теңге. Спорт орталығын 2023 жылы ашу жоспарланып отыр.

- Сол сияқты қалада жеке инвестициялар есебінен үстел теннисі орталығын («Алау» мұз сарайының жанында) ашамыз.
Сонымен қатар қаланы аралау барысында жаңа Оқушылар сарайының (Есіл ауданы, Тұран даңғылы) құрылысымен таныстым. Оқушылар сарайының құрылысы да жеке инвестициялар есебінен жүріп жатыр. Оқушылар сарайының жалпы ауданы шамамен 6,5 мың шаршы метрді құрайды. Оның базасында бассейн, сол сияқты гимнастика, спорттық-бал билері залдарын, шахмат, робототехника және IT-бағдарламалау кабинеттерін және т.б. ашу жоспарланып отыр. Оң жағалауда Оқушылар сарайы бар. Қала тұрғындарының өтініші бойынша сол жағалауда Оқушылар сарайына арналған орын бөлінді. 2023 жылы Оқушылар сарайын ашуды жоспарлап отырмыз, - деп жазды Көлгінов.

Қала әкімінің айтуынша,  бокс, жекпе-жек өнері орталықтары, жекпе-жек залы, спортшыларға арналған медициналық орталық ашылды. «Жастар» сарайында, «Толқын» СК және т.б. жөндеу жұмысы жүргізілді. «Қазақстан» спорт кешенінде қайта құру және жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. «Өндіріс» және «Көктал-2» елді мекендерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды. Оларда спорттың 10 түрі бойынша 1 мыңға жуық бала жаттығады.

- Қала тұрғындарының спортпен шұғылданып, бос уақытын пайдалы өткізе алуы үшін спорт және демалыс орталықтарының желісін ары қарай да кеңейтетін боламыз. Спорт орталықтары бұқаралық спортты дамытуға және балалар мен жасөспірімдер спортына қолдау көрсетуге мүмкіндік береді, - деп жазды елорда әкімі.