Қазақстан • 20 Қараша, 2022

Бүгін кезектен тыс президент сайлауы өтеді

379 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтеді. 11 миллионнан астам қазақстандық сайлауда дауыс беруге құқылы, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бүгін кезектен тыс президент сайлауы өтеді

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында кезектен тыс президенттік сайлау өткізуді ұсынды. 21 қыркүйекте осы жылдың 20 қарашасына Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойылды.

Еліміздің сайлау учаскелерінің негізгі бөлігінде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Сондай-ақ 86 сайлау учаскесінде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 06:00-де басталады.

Алдағы президенттік сайлауға еліміз бойынша барлығы 10 101 учаске тартылады, ал 53 елде 68 сайлау учаскесі құрылады.

Сайлаушылар тізіміне 11 950 485 азамат енгізілген. 4 қарашадан бастап Азаматтарға тізімдерде өздерін тексеруге мүмкіндік берілді. Дауыс берушілер өз сайлау учакесін «ЖСН бойынша сайлау учаскесін іздеу» ақпараттық сервисі арқылы таба алады немесе «1414», «109» call-орталығына хабарласып білуге болады. Сонымен қатар Smart Astana мобильді қосымшасы мен smartastana_bot Telegram-боты жұмыс істеп тұр.

Айта кетейік, сайлау учаскесіне жеке куәлікті алып бару қажет. Сондай-ақ eGov, Kaspi қосымшасындағы цифрлық жеке куәлікті көрсетуге болады. 

21 қазан күні сағат 18:00-де Қазақстан Президенттігіне кандидаттарды тіркеу аяқталды. ОСК күнтізбелік жоспарына сәйкес Президенттікке кандидаттарды ұсыну 23 қыркүйек пен 11 қазан аралығында өтті. Алты адам президенттікке үміткер ретінде тіркелді.

Президенттікке кандидаттардың сайлау науқаны 21 қазанда сағат 18.00-де басталып, сайлау күнінің алдындағы күні 00.00-де аяқталды. 19 қарашада сағат 00:00-де кезектен тыс президенттік сайлау алдында тыныштық күні басталды.

Үнсіздік күні сайлауға байланысты кез-келген үгіт-насихат жұмыстарына тыйым салынады. Дауыстарды санау дауыс беру аяқталғаннан кейін бірден жүзеге асырылады. Оны санау ұзақтығы 12 сағаттан аспауы тиіс. Дауыстарды санау аяқталғаннан кейін бірден хаттама жасалады.

Айта кетейік, 35 шет мемлекеттен сайлауға 641 халықаралық байқаушы аккредиттелген.