Сайлау • 20 Қараша, 2022

Алматы облысында 606 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр

378 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы Алматы облысында да қарқынды басталды. Дауыс берушілердің алғашқы легі таңғы сағат жетіден аса сайлау учаскелеріне келе бастаған. Аймақта қазір 606 сайлау учаскесі үздіксіз жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы облысында 606 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр

Ал облыс орталығы Қонаев қаласында 33 сайлау учаскесі бар. Таң бозынан есігін айқара  ашқан орынның бірі – №949 сайлау учаскесі. Бұл учаскеде 1737 сайлаушы тіркелген екен. Олардың алғашқы легі дауыс беріп,  өз таңдауын жасап та үлгерді.

Қазыналы қария, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Амангелді Керімбеков ақсақал осы сайлау учаскесіне бірінші келгендердің қатарында болды. Алғашқы болып өз дауысын берді.

ш

- Халқыма бірінші тыныштық болсын дегім келеді. Сонда біздің ұрпақтарымыз қиындық көрмей өмірден өтеді. Кейінгі жастар Қазақстанды әлемге танытсын. Өз дауысымды елімнің тыныштығы үшін бердім. 79 жастамын, Қонаев қаласында екінші рет сайлауға қатысып отырмын», деді Амангелді Керімбеков.

Ал ақсақалға №949 сайлау учаскесінің төрағасы Анар Абышева бірінші болып келгені үшін арнайы сый-сияпат табыс етті. Сондай-ақ осы №949 сайлау учаскесіне келіп, алғаш рет сайлауға қатысу мәртебесіне ие болған жастар да болды. Қонаев қаласының жас тұрғыны Ақнұр Асхатқызы соның бірі екен.

- Ертемен келіп, таңдау жасадым. Бұл менің ең алғашқы дауыс беруім. Қобалжып тұрмын. Жастар сайлауда барынша белсенді болса екен деймін. Биыл 18 жасқа толып, алғаш рет сайлауға қатыстым, дейді Ақнұр Асхатқызы.