Сайлау • 20 Қараша, 2022

Қостанай облысы тұрғындарының жартысына жуығы дауыс берді

156 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясының ресми мәліметі бойынша, Қостанай облысы тұрғындарының жартысына жуығы сағат 12:05-ке дейін дауыс беріп үлгерген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанай облысы тұрғындарының жартысына жуығы дауыс берді

Мысалы, Қостанай қаласындағы «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының ғимаратында орналасқан №11 сайлау учаскесіне 2622 адам тіркелген. Сайлау учаскесі таңғы сағат 7:00-ден бері жұмыс істеп жатыр.

«Таңертең Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін тыңдап болған соң, бірден жұмысымызды бастап кеттік. Енді ел үшін бұл да бір үлкен мереке ғой, сондықтан дауыс беруге бірінші болып келген 20 шақты адамға шағын тарту-таралғымызды үлестіріп бердік. Қазірге дейін мыңнан астам тұрғын өз үміткерлеріне дауыс беріп үлгерді. Сағат 12:00-ге дейін біз қандай да бір себептермен сайлау учаскесіне келіп дауыс бере алмайтын 11 азаматтан өтініш қабылдадық. Олардың ішінде 80-нен асқан зейнеткер қариялар, өздігінен жүріп-тұра алмайтын мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Ол кісілердің әрқайсымен жеке-жеке хабарласып, сөйлестік.  Көлігіміз дайын тұр, қазір сол кісілердің үйлерін аралаймыз», дейді сайлау учаскесінің төрайымы Гүлбану Сұлтанғазина.  

Сайлау учаскесіне келген тұрғындармен сөйлесіп көрдік. Әулиекөл өңіріндегі Қазанбасы ауылында дүниеге келген 73 жастағы Дәуренбек Мұхаметжанұлы 40 жылдан бері Қостанайда тұрып жатыр екен.

«Дауыс беруден ешқашан бас тартып көрген емеспін. Сайлау учаскесі үйге жақын, жұбайым екеуміз аяңдап жаяу келдік. Мен өзім сенетін үмікерге дауыс бердім. Менің Президентім, ең бастысы, іргеміздің бүтіндігін, ел ішінің ынтымағы мен бүтіндігін ұстап тұра алатын мықты тұлға деген сенімдемін. Жалпы, Президент сайлауы сияқты ел мүддесіне келіп тірелетін аса маңызды шараға атсалысу әрбір отаншыл азаматтың қасиетті парызы. Бұл демократияның, халық билігінің бір көрінісі. Қазір жаман тұрып жатырмыз ба? Бәрі де бар, осы ынтымақ-берекеміз орнында тұрса, аспас асу, алынбас қамал болмайды», дейді зейнеткер.