Спорт • 21 Қараша, 2022

Олимпиадаға дайындық талқыланды

111 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен 2024 жылы Франция астанасы – Парижде өтетін жазғы Олимпия ойындарына дайындық мәселелері талқыланды.

Олимпиадаға дайындық талқыланды

Жиында еліміздің спорт саласына жауапты басшылар қазақстандық спорт­шылардың ірі халықаралық жарыс­тардағы аралық нәтижелерін, оларды даярлау жүйесіндегі өзгерістерді, медициналық-био­логиялық қамтамасыз ету және допингке қарсы бағдарламаларды, сондай-ақ өңірлерде олимпиадалық спорт түрле­рінің жай-күйі мен дамуына қатысты мәселелер баяндалды.

Алқалы отырыста сөз алған Дәурен Абаев Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік беретін лицензиялар санына емес, медаль­дардың сапасына назар аудару қажет екенін айтты. Себебі кез келген жарыстың жалпыкомандалық есебі алтын медаль санына қарап жүргізілетіні белгілі. Сондай-ақ министр федерация басшылары мен жаттықтырушыларға бірқатар тапсырма берді. Мәселен, ендігі кезекте құрама командаларға жастарды тарту арқылы жасарту және халықаралық жарыстарға іріктеуді барынша ашық өткізу бойынша жұмысты белсенді жүргізу қажет екенін жеткізді.

«Ел спортын дамыту үшін бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, қолдау көрсе­тілуде. Қажетті жағдайлар жасалып жатыр. Дегенмен министрлік қайы­рымдылықпен айналыспайды. Сондықтан ертең жұмсалған әр тиынның сұрауы болады. Мұны осында отырған әрқайсыңыз есте сақтауға тиіссіздер. Спорттағы жоғары жетістіктер нақты нәтижелерге негізделеді, қалғаны – дене шынықтыру. Сондықтан бізге жаңа жеңістер керек», деді Дәурен Абаев.

Спортты дамыту дирекциясының директоры Оралбай Жақсымбетов Парижде 329 медаль жиынтығы ойналатынын айтты (Токиода 339 медаль жиынтығы ойналған еді). Айта кетейік, еліміздің құрама командалары осы жылдың басынан бері 19 әлем чемпионатына және 20 Азия чемпионатына қатысып, 140 медаль жеңіп алды: оның ішінде 35 алтын, 40 күміс, 65 қола бар.  2022 жылдың соңына дейін біздің спортшылар тағы 3 әлем чемпионатына және 3 Азия чемпионатына қатысады.

Үш жарым сағатқа созылған жиында Спорттық медицина және оңалту орталығының директоры Азамат Нұр­матов, Ұлттық допингке қарсы орталықтың директоры Майра Бақашева, спорт басқармаларының басшылары, спорт түрлері бойынша федерация өкілдері және басқа да жауапты тұлғалар жұмыс нәтижелері туралы баяндады.

«Құрама команда қатарына спортшыларды іріктеу рәсімдерінің ашық өтуі маңызды. Бұл біздің басты назары­мызда болады. Алдағы уақытта министрлік спорт­шылардың барлық жетістігін, жарыстарға қатысу кестесін бақылауға мүмкіндік беретін е-sport жүйесін іске қосады. Әді­лет­тілік пен ашықтық маңызды, спорт жүйесінде саламатты бәсекелестік болуға тиіс», деді Дәурен Абаев.

Министр спорт басқармаларының бас­шыларына олимпиадалық спорт түрле­рінің басымдығын ескере отырып, жоғары спорт шеберлігі мектептерінің жұмыс істеу қағидаттары мен тәсілдерін қайта қарау, федерациялармен бірлесіп спорт резервін дайындаудың бірыңғай стандартын және оқыту бағдарламаларын әзірлеуді тапсырды.