Қазақстан • 21 Қараша, 2022

Су жүйесін басқарудағы қордаланған мәселелер: Президент тапсырмасы қалай орындалып жатыр?

395 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Су ресурстары мәселесі дүние жүзінде өзекті проблемаға айналып отыр. Бұл ретте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 4 қарашасында Үкіметке Су ресурстары комитетінің (СРК) және оның бағынысты ұйымдары мен ғылыми институттарының әлеуетін күшейтуге қатысты тапсырма берген еді. Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің аталған комитет құзырынан «ішкі су саясаты» функциясын ведомствоның орталық аппаратындағы Трансшекаралық өзендер департаментінің құзырына беруді көздеп отыр деген ақпарат бар.

Су жүйесін басқарудағы қордаланған мәселелер: Президент тапсырмасы қалай орындалып жатыр?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Бүгінгі таңда гидротехникалық құры­лыс­тарды пайдалану мен құрылысын салуды «Қазсушар» РММ жүзеге асырады. Бұдан былай трансшекаралық өзендер мәселесімен қоса ішкі су саясатымен де ТӨД айналысатын болса, онда СРК-ның не қажеті бар? Бұл әлеуеті онсыз да төмен СРК-ны жойған­мен бірдей. Су шаруашылығы экономиканың маңызды саласы, ал осындай саланың бағыт­тарын бөлшектеп әртүрлі құрылымдық бө­лім­дерге беру, қойылған міндеттердің сапалы орындалуына кері әсе­рін тигізері анық. Транс­шекаралық өзендер мәселесінде бұл анық көрініс беруде.

Президент СРК әлеуетін күшейтіңдер деп тапсырма береді, ал уәкілетті орган оны әлсі­рету керек деп ұсыныс жасайды, бұл сонда Президенттің тапсырмасын керісін­ше орындау ма? Сонымен қатар Қазақ су ш­а­р­уа­шылығы ғылыми-зерттеу институтын Су ресурстары және су шаруашылығы проблемалары бойынша Ғылыми орталық етіп құрып және оған ғылыми-зерттеу, барлау, жобалау жұмыстарын мемлекеттік тапсырма ретінде орындауына басымдық бермек.

ҚСШҒЗИ «сумен қамтамасыз етуді жақ­­­­сарту», «су үнемдеудің инновация­лық жолдарын қарастыру» бағыттары бо­йынша еліміздегі бірегей институт екенін­де ешкімнің таласы жоқ. Жоғары білікті, тәжі­­рибелі мамандары да жетерлік. Алайда ҚСШҒЗИ «су ресурстары мен оның режі­мін», «сапасын бағалап-болжам­дау», «су ресурстарын кешенді пайдалану мен қорғау», «гидротехникалық құрылыс­тар­ды жобалау» бағытындағы жұмыстар­мен бұрын айналыспаған және білікті сарапшылары да жоқ. Бұрын айналыспа­ған, практика­лық тәжірибесі жеткілік­сіз бағытта зерттеу, жо­­ба­лау жұмыстарын са­палы орындауы кү­мән тудырады. Біз «Еуразия су орталығы» ғы­лыми-өндірістік бірлестігі» АҚ-ны құрудағы сәт­сіздіктің себеп-салдарын ұмытпауы­мыз керек.

Сондай-ақ ғылыми-зерттеу, барлау, жо­­балау жұмыстарын мемлекеттік тап­сыр­­ма ретін­де бір орталыққа беру бірін­ші­ден, 2025 жыл­ға дейінгі Ұлттық даму жос­­­парының негіз­гі қағидаттарына, «Әрта­рап­­тандырылған және инновациялық эко­­­номика құру» 8-жалпы­ұлттық басым­ды­лығының «Саламатты бәсе­ке­лес орта­ны қамтамасыз ету» 4-міндетіне қай­шы. Екін­шіден, мұндай тәсіл көпжылғы тәжірибенің негізінде қалыптасқан ғылыми бағыттардың тоқырауына және ғалымдар орта­сының әлсі­реуіне әкеліп соғуы бек мүм­кін. Кезінде осын­дай сорақы шешімдер­­дің кесі­рінен су бас­қаруда орны ерекше Қазақ гид­роме­теоро­логиялық ғылыми-зерттеу инс­титу­тын жоғалттық. Оның салдары жал­ғыз гидро­метеорология емес, жалпы су басқару сала­­сының тоқырауына әкеліп соғып отыр, бұл бізге ащы сабақ болуға тиіс. Бүгінгі таң­да ең басты мәселе – саладағы жүйелік қате­лік­терді жоюға бағытталған міндеттерді шешу.

1997 жылы қабылданған «Қазақстан-­2030» стратегиялық бағдар­лама­сын іске асыру мақсатында Үкіметтің 2002 жыл­ғы 21 қаң­тар­дағы №71 қаулысымен «Қазақстан Рес­пуб­ликасы экономикасының су секторын дамытудың және су шаруашылы­ғы саясатының 2010 жылға дейінгі Тұжы­рымдамасы» мақұл­данды. Бұл құжатта мем­лекеттік су шаруа­шылығы саясатының таяудағы мақсаты ретін­де су ресурстары мен суды пайдалануды бас­қарудың жүйе­сiн жетiлдiру керектігі айқын­далған. Негiзгi мiндеттер ретінде: су ресурстарын ұтымды әрi кешендi пайдалану; су ресурстарын бас­қару функцияларын шаруашылық пайдалану функцияларынан ажырату қажет деп көрсетілген.

Тұжырымдама-2010 қабылданғаннан ке­йін қысқа мерзімде су ресурстары бойын­ша мемлекеттік бағдарлама қабылдануы қисынды болатын. Алайда су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасы арада 12 жыл өткенде, яғни 2014 жылы ғана қабылданды.

Бұған дейін 2009 жылы Қазақстан Рес­пуб­ликасының су ресурстарын бірігіп бас­қару (СРББ) және су пайдаланудың тиім­ділігін арттырудың 2009-2025 жылдарға арнал­ған Ұлттық жоспары әзірленіп, Үкі­мет­тің қаулысымен мақұлданды. Одан әрі Пре­зидент қаулысының жобасы әзірленіп, СРББ бекіту үшін Президент Әкімшілігіне ұсынылған. Алайда мемлекеттік жоспар­­лау жүйесіндегі кезекті реформаларға байла­­ныс­ты Ұлттық жоспар қабылданбай қалды. ­Бі­рақ Президент Әкімшілігі Үкіметке Ұлт­тық жос­парда көзделген СРББ қағидатта­рын су ресурстарын басқару бойын­ша болашақта әзірленетін мемлекеттік бағ­дарлама аясында қарастыруды тапсырды.

Президенттің 2014 жылғы 4 сәуірдегі №786 Жарлығымен 2014-2020 жылдарға арналған «Қазақстанның су ресурстарын басқару мем­лекеттік бағдарламасы» қа­был­данды. Бағдар­ламаның негізгі мақсаты «Су ресурс­тарын басқарудың тиімділігін арттыру арқылы Қазақстан Республикасының су қауіпсіздігін қамтамасыз ету» болып белгіленді. Жүзеге асырылуға тиіс негізгі мін­деттердің бірі ретінде «су ресурстарын басқару тиімділігін арттыру» және «сулы-экологиялық жүйелердің сақталуын қам­тамасыз ету» болып айқындалды. Бірақ су ресурс­тарын пайдалану және қорғау сала­сындағы уәкілетті органның функцияла­ры Ауыл шаруашылығы министрлігінің құ­зы­рына кезекті рет берілуіне байланысты Президенттің 2017 жылғы 14 ақпандағы №420 Жарлығымен 2017-2021 жылдарға арнал­ған «Қазақстан Республикасының агро­өнеркәсіптік кешенін дамытудың» жаңа мем­лекеттік бағдарламасы (Агро­өнеркәсіптік ­бағ­­дарлама) қабылданды.

Агроөнеркәсіптік бағдарламаның не­гізгі мақсаты ретінде нарықтарда сұ­ра­нысқа ие, бәсекеге қабілетті агро­өнер­кә­сіптік кешен өнімін өндіруді қам­тамасыз ету болып бел­гіленді. Су ресурс­тарына қатысты шешуге тиіс міндет ре­тінде су ре­сурстарын тиімді пайдалану (бас­қару емес) айқындалды.

Бұл жерде Үкіметтің міндеттері (мүд­делері) қарама-қарсы екі үлкен саланы бір бағдар­лама аясында дамытамыз деуі үлкен қателік. Өйткені Агроөнеркәсіптік бағдарламада су ресурстарын басқару тиімділігін арттыру (жетілдіру), экологиялық жүйелердің сақ­талуын қамтамасыз ету мәселелері мүлдем қам­тылмаған. Осының салдарынан елімізде суды үнемді пайдалану проблемаларының күрделеніп кеткенін көріп отырмыз.

Ауыл шаруашылығы мұқтаждығына алы­натын су көлемі жылына 11,7-11,9 млрд текше метрден төмендемей отыр. Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесі де мәз емес. Ауыл шаруашылығы министрлігі­нің мәліметтеріне сәйкес, 2009-2021 жылдар аралығында жаңбырлатып суару технология­сы қолданылатын егістік ауданы 44,2 мың­нан 176,2 мың га дейін ұлғайған. Алайда мәліметтерді облыстарға жіктеп талдасақ, суармалы егіншіліктің негізгі бөлігі орналасқан және су тапшы оңтүстік өңірлерде оның өсімі өте баяу екенін көреміз. Мысалы, жаң­бырлатып суару әдісі қолданылатын егістік аудандары туралы 2018 және 2019 жылдардың мәліметтерін салыстырсақ, Ақмола облысында 20,9 мыңнан 24,1 мың га, Қарағанды облысында 19,3 мыңнан 22,5 мың га, Павлодар облысында 46,3 мыңнан 76,35 мың га, Алматы облысында 5,6 мыңнан 6,6 мың га, Түркістан облысында 500-ден 559 гектарға ұлғайған. Жамбыл облысында керісінше 6,3 мыңнан 6,2 мың гектарға төмендеген. Бұдан жаңбырлатып суарылатын егістік ауданының өсу динамикасы негізінен су ресурстары мол шығыс және су пайдалану көлемі аз орталық және солтүстік өңірлердің есебінен екенін аңғарамыз. Яғни су тапшы оңтүстік өңірлерде су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесінің назардан тыс қалғанын байқаймыз.

Үкіметтің 2021 жылғы 12 қазандағы №731 қаулысымен «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бекітілді. Алайда ұлттық жоба аясында да Агроөнеркәсіптік бағдар­ламадағыдай су ресурстарын басқару тиімділігін арттыру (жетілдіру) міндетін шешу көзделмеген.

Су ресурстарына қатысты әзірленген ең сапалы құжат ретінде Тұжырымдама-2010 бағдарламасын атап өтуге болады. Өкінішке қарай, уәкілетті органдағы стратегиялық бағдарламаларды әзірлеуге жауапты тұлға­лар­дың біліктілігінің жетпеуінен онда көз­делген су ресурстары мен суды пайдала­нуды бас­қарудың жүйесiн жетiлдiру, су ресурстарын басқару функцияларын шаруа­шылық пайдалану функцияларынан ажырату сияқты міндеттерді шешу, сондай-ақ СРББ Ұлттық жоспарында қарастырылған қағидаттардың ешбірі ескерілмеді.

Сонымен қатар бүгінгі таңда СРК өзінің функциясына жатпайтын міндеттерді, суар­малы егіншілікті дамыту, оның ішінде мели­оративті жүйелердің құрылысын салу ­мен қайта құру және су үнемдеу технологияларын енгізумен айналысуда. Осының салдарынан су ресурстарын басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыра алмай отырмыз.

Сондай-ақ түбегейлі жаңа көз­қарасты талап ететін өзекті мәселе – су ресурстарын кешенді пайдалану және қорғау схемасын (СРКПҚС) әзірлеудің бүгінгі заманға сай еместігі. СРКПҚС әзірлеуге бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді және Су кодексіне сәйкес оны бес жыл сайын жаңартып отырады. Ең сорақысы, СРКПҚС-тың ұсыныстарын ешкім орындамайды және СРК оның орындалуын талап етпейді. Осыған байланысты архивте шаң басып жататын СРКПҚС қажеттілігі қанша деген заңды сұрақ туындайды.

Су ресурстары саласының жүйелік проблемаларын шешу үшін бірінші кезекте төмен­дегідей реформаларды жүргізу қажет деп санаймын.

Біріншіден, Тұжырымдама-2010 ұсы­ныл­­ған су ресурстарын ұтымды әрi кешендi пай­далану; су ресурстарын басқару функ­цияларын шаруашылық пайдалану функ­цияларынан ажырату міндетін жүзеге асыру. Бұл бізге гидрологиялық жағдайла­ры ұқсас және су ресурстарын басқару жүйе­сін же­тілдіру арқылы су қауіпсіздігі мәселе­сін оң шешіп отырған Аустралия, Испания және т.б. мемлекеттердің жетістіктеріне жетуге мүмкіндік береді.

Су ресурстарын басқару процесіне СРК-мен қатар, экология саласының, Ауыл ша­­р­­уа­шылығы министрлігінің, жер­гі­лік­ті ат­қарушы органдардың және агро­бір­лес­тік­тер мен шағын шаруа қожалықтары өкіл­­дері қатысып, әрқайсысының міндеттері ­мен жауапкершіліктері айқындалған белгілі ­бір құжат түрінде рәсімделуге тиіс.

СРК су қоймалары мен магистралды каналдарды, оның ішінде трансшекаралық су нысандарын және негізгі су тораптарын басқару, пайдалану және әрбір су шаруашылық учас­кесінде қажетті су көлемін лимитке сай бері­луін, су заңнамаларының сақталуын бақы­лаумен айналасуы керек.

Шаруашылық және шаруашылықара­лық каналдарда суды бөлу, су үнемдеу тех­нологиялары мен суды автоматты есептеу жүйелерін енгізу, суармалы егістік аудандарын ұлғайту мін­деттерін шешу Ауыл ша­руашылығы минис­трлігінің, жергілікті атқарушы орган­дар мен агробірлестіктер мен шаруа қожалықтары­ның құзырында болуы керек.

Екіншіден, кеңес өкіметі тұсындағы жоспарлы экономикаға негізделген СРКПҚС бүгінгі талапқа, нарықтық экономика жағ­дайына сай келмейді. Тұрақты дамуды таң­дасақ, дамыған мемлекеттер сияқты су бас­қарудың Ұлттық және бассейндік іс-әрекет­терінің жоспарын әзірлеуге көшу керек.

Бүгінгі таңда су шаруашылығы сала­сының тізгінін ұстап отырған басшылар жүйелік проблемаларды шешуге бағыт­тал­ған түбегейлі реформаларды жүзеге асы­руға асығуы керек деп санаймын.

 

Мүсілім ЖИЕНБАЕВ,

су шаруашылығы маманы