1996 жылы Атлантада алауы тұтанған жазғы Олимпия ойындарына Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде алғаш рет қатысқанда, аталған жарыстың ашылу салтанатында көк байрағымызды көтеріп шығу бақытына ие болдым. 2000 жылы Сидней Олимпиадасында да дәл сондай құрметке бөлендім. Сол бәсекелердің екеуінен де олжалы оралдым. АҚШ-та қола медальді мойныма ілсем, Аустралияда алтын тұғырға көтерілдім. Сол кездерде кеудемді мақтаныш сезімі кернеп, өзімді бұл әлемдегі ең бақытты адамдай сезіндім.
Бүгін отбасыммен бірге президент сайлауына қатысу үшін Алматы қаласындағы №361 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауымызды жасадық. Президент – мемлекеттің тұрақтылығы, елдің тыныштығы мен қауіпсіздігінің кепілі, экономикалық және әлеуметтік тұрғыда өсіп-өнуіне, өркендеуіне ең жауапты адам. Сол үшін де біз дұрыс таңдау жасай білуіміз керек. Мен Қазақстанның тұтастығы, бейбітшілік пен жасампаздық, халықтың әл-қуатының артуы және балаларымның болашағы үшін дауыс бердім. Жеке өз басым, Қазақстанның келешегі жарқын болатынына кәміл сенімдімін. Біз әлі барлық сала бойынша әлемнің алдыңғы қатарында келе жатқан алпауыт елдердің қатарына қосыламыз. Сол үшін де барлығымыз ерінбей еңбек етіп, көздеген мақсатымызға жету жолында өжеттік пен табандылық танытуымыз керек. Тек сонда ғана Жаңа Қазақстан құра аламыз.
Ермахан ЫБЫРАЙЫМОВ,
бокстан Олимпиада чемпионы