Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Реза ТАБРИЗИ,
Ұлыбритания парламенті Қауымдар палатасының жоғары саяси кеңесшісі:
– Қазақстанға алғаш рет келіп отырған жоқпын. 2019 жылғы сайлауға шетелдік байқаушы ретінде қатысқан едім. Сол жолы мұндағы сайлау процесінің ашықтығына көз жеткізгенбіз. Бұл жолы да бәрі ойдағыдай өтті. Сондықтан ел тұрғындарын ашық әрі әділ сайлаумен құттықтағым келеді. Бұл – Қазақстан үшін тарихи күн.
Сайлау күні Астанадағы бірнеше учаскеге бардым. Сайлаушылардың белсенділігі жақсы. Ұйымдастыру жұмыстары да ойдағыдай жүргізілген. Мәселен, сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға жақсы жағдай жасалғаны қуантты. Әйтпесе, мынадай суық пен қарда олардың жүріп-тұруы қиын ғой. Осының бәрі ескерілген екен. Дегенмен сайлау күні түске дейін біз барған учаскелерде жастардың белсенділігі төмен болғанын атап өтуге тиіспіз. Жастар – елдің болашағы. Сол себепті оларды елдің тағдыры шешілер мұндай маңызды іс-шараларға барынша тарту керек.
Чжан МИН,
ШЫҰ Бас хатшысы:
– Қазақстандағы сайлаудан үш негізгі мәселені байқадым. Біріншіден, сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Өзім барған учаскелердегі байқаушылардан да, комиссия мүшелерінен де «заңсыздық тіркелді ме?», деп сұрадым. Бәрінен «жоқ» деген жауап алдым.
Екіншіден, комиссия мүшелері де, байқаушылар да процеске айрықша жауапкершілікпен қарады. Мен барған сайлау учаскелерінің бәрінде өкілдер өздерін кәсіби ұстады. Дауыс берушілерді тіркеу ресімін бақылап көрдім. Байқаушылардың бәрі жіті қадағалап отырды.
Үшіншіден, дауыс берушілер белсенділік танытты. Мәселен, Ақмола облысында сағат 11:00-ге дейін сайлаушылардың 60 пайызға жуығы дауыс беріп қойды. Астана қаласының кей учаскелерінде бірқатар сайлаушының кішкентай балаларын көтеріп келгенін көрдім. Олар балаларына сайлау процесін бастан аяқ көрсетіп жүрді. Демек, тұрғындар балаларын жауапты азамат етіп тәрбиелегісі келеді. Меніңше, сайлаушылардың отбасымен бірге келуі Отанының болашағына деген сенімін көрсетеді.
Дмитрий КОБУЦКИЙ,
ТМД Парламентаралық Ассамблеясы кеңесі хатшылығының басшысы – бас хатшы:
– Демократиялық сайлаудың өзіндік стандарттары бар. Парламентаралық Ассамблея деңгейінде тиісті құжаттар қабылданған. Олар аса көп те емес. Дегенмен олардың өз ерекшеліктері бар. Біз көрген дүниемізді бірден тіркеп, ол туралы жедел түрде мәлімдейміз. Сарапшыларымыз сайлау процесін реттейтін Қазақстандағы барлық заңнаманы қарап шықты. Ешқандай бұзушылық анықталған жоқ. Ұйымның құқықтық қорытындысын Парламенттің қос палатасына және Орталық сайлау комиссиясына бердік. Сайлауды реттеуге қатысты дүниелердің бәрі Қазақстанның заңнамасында көрініс тапқан.
Жалпы, біздің ұйым 1994 жылдан бері сайлауды қадағалап келеді және Парламентаралық Ассамблея қадағалаған алғашқы сайлау дәл осы Қазақстанда өткен болатын. Биыл бұл елге екінші мәрте келіп тұрмыз. Жаздағы бүкілхалықтық референдумның барысын қадағаласақ, осы жолы президент сайлауын бақыладық. Бұл жолы ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 67 байқаушысы елдегі сайлауды бастан-аяқ қадағалады. Ұйымдастыру жұмыстары ойдағыдай жүргізілгені көрініп тұр. Сондай-ақ халықтың белсенділігі де көзге шалынды.
Виктор ОУ,
Канада сенаторы, Қазақстан-Канада парламентаралық ынтымақтастық тобының тең төрағасы:
– Саяси дода кезінде сайлау туралы заң нормалары мұқият сақталды. Бәрі ойдағыдай өтті деп айта аламыз. Жалпы, бұл елдегі сайлау жүйесі жақсы. Сайлаушылар құпиялылықты барынша сақтауға тырысады. Бұл халықтың саяси көзқарасының қалыптасқандығының белгісі. Аңғарғаным, Қазақстан мен Канаданың сайлау жүйесі ұқсас.
Қазақстан-Канада парламентаралық ынтымақтастық тобының тең төрағасы болғандықтан, бұл елдегі сайлаудың ойдағыдай өтуіне мүдделіміз. Өйткені екі ел арасындағы 30 жылдық қарым-қатынасты одан әрі дамытып, жаңа деңгейге шығарғымыз келеді. Әсіресе бизнес, экономикалық даму бағытындағы байланыстарды бекемдеуге ниеттіміз.
Сергей ПОСПЕЛОВ,
ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы Хатшылығының басшысы – жауапты хатшысы:
– Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Парламенттік Ассамблеясы Қазақстандағы бүкілхалықтық референдум кезінде де жұмыс істеген болатын. Осы жолы біздің топ Астана қаласында, Ақмола облысында сайлау барысын қадағалады. Сайлаушылардың белсенді болғанын атап өтуге тиіспіз. Учаскелер ашылмай тұрып, кезек қалыптасқанын көзіміз көрді. Ешқандай бұзушылықты байқамадық. Сайлау учаскелері жабылғанша жұмыс істеп, байқаушыларымыз дауыс санауға да қатысты.
Біз саяси дода басталмас бұрын сайлауға түсіп жатқан кандидаттардың штабтарында болдық. Түрлі құрылымдардың өкілдерімен кездестік. Ұйымдастыру жұмыстарының жоғары деңгейде екенін атап өтуге тиіспіз. Процесті мұқият қадағаладық. Сайлау қорытындысы Қазақстан тұрғындарын біріктіре түседі деген ойдамын.
Ахмед САРИР,
Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Бас хатшылығы Азия істері департаментінің директоры, миссия басшысы:
– Біздің халықаралық ұйымға 57 мемлекет мүше. Ұйым ислам мемлекеттерінің ұжымдық дауысын білдіреді. Біз демократия, мемлекеттік басқару мәселесіне жіті назар аударамыз. Сондықтан біздің делегацияны Қазақстандағы президент сайлауын қадағалауға шақырды. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы атынан Қазақстанға келгенімізге қуаныштымыз.
Қазақстанға алғаш рет келіп отырған жоқпыз. Осы жазда өткен бүкілхалықтық референдум кезінде де Қазақстанда жұмыс істедік. 2019 жылғы президент сайлауында да осы жерден табылдық. Бұған дейінгі саяси науқандар секілді осы жолғы сайлау да ойдағыдай ұйымдастырылды. Ашық әрі әділ сайлауға куә болдық. Тиісті талаптар мен нормалар қатаң сақталды.
Ласло ВАША,
Мажарстан Сыртқы істер және сауда институтының аға ғылыми қызметкері, бас кеңесші:
– Қазақстан президент сайлауы арқылы өзінің саяси жүйесін қазіргі сын-тегеуріндерге бейімдеу үшін маңызды қадам жасады. Қай елде болса да қазіргідей турбулентті кезеңде мықты көшбасшы керек-ақ. Қазақстандықтардың осыны жете түсінгендері қуантты. Оны сайлауға қатысқан халықтың ниеті мен тілегінен аңғардық. Қазақстан Орталық Азияда ғана емес, Қиыр Шығыс пен Еуропа елдерімен қарым-қатынаста маңызды орын алады. Әлемнің жетекші елдері бұл аймақтағы оқиғаларға қызығушылықпен көз тігеді. Олар бұл аймақтың қаншалықты маңызды екенін түсініп отыр. Сондықтан сайлаудан кейін түрлі бағдарлама мен жобаның іске қосылатынына сенімдімін.
Президент сайлауы кезінде бірнеше учаскеге бардым. Біз секілді шетелден келген өзге де халықаралық байқаушылармен пікірлестік. Саяси дода бәрімізге жағымды әсер қалдырды. Сайлау барынша ашық әрі әділ өтті. Халықаралық стандарттардың бәрі сақталды. Халықтың сайлау күнгі көңіл күйі, таңдау жасауға деген ынтасы қуантты. Олардың бәрі жарқын болашақ үшін дауыс бергені анық. Сондықтан олар өте маңызды шешім қабылдады деп санаймын.
Тиберио ГРАЦИАНИ,
Италиядағы «Vision & Global Trends» халықаралық жаһандық талдау институтының төрағасы:
– Қазақстан – жас мемлекет. Тарихи тұрғыдан алғанда, жаңа мемлекеттің құрылысына бірқатар маңызды қадам қажет. Бірінші қадам – орталықтандырылған билікке ие саяси институттар. Алғашқы 20 жылда Қазақстанда көп дүниені істеу керек болды. Біз экономикалық талдау жүргіздік және экономикалық өсуді байқадық. Бұл қоғамдағы өзгерістерге жол ашты. Қазір жоғары деңгейлі демократияны қамтамасыз ету маңызды. Міне, тағы бір тарихи сәтке куә болдық.
2019 жылғы сайлауға да халықаралық байқаушы ретінде қатысқан едім. Бұл жолы да сол міндетімді атқардым. Бірнеше сайлау учаскесіне бардым. Демалыс күні болса да, сайлаушылардың дауыс беруге ерте барғанына таңғалдым. Италияда олай болған емес. Әдетте дауыс беру процесі түстен кейін қызып жатады.
Қазақстан Әділетті қоғам құру жолында маңызды қадамдарының бірін жасады. Осы күнге дейін қол жеткізген жетістіктердің базасында жаңа республика құру – жауапты міндет. Жаңа президент бұл міндетті ойдағыдай еңсереді деп сенемін.
Даворко ВИДОВИЧ,
Хорватия Республикасы Парламенті төрағасының орынбасары:
– Қазақстандағы президент сайлауына халықаралық байқаушы ретінде қатысқаныма қуаныштымын. Сайлау күні бірнеше учаскені аралап, ұйымдастыру жұмыстарының ойдағыдай жүргізілгеніне куә болдық. Халық та барынша белсенді болды. Бұл тұрғындардың сайлау процесіне атүсті қарамайтындығының дәлелі. Қазақстан президент сайлауын өткізу арқылы маңызды демократиялық қадам жасады. Саяси дода барысында бұзушылықтар тіркелген жоқ.
Алғаш рет дауыс берген жастардың жүзіндегі қуаныш пен толқынысты көрдік. Отбасылармен бірге келіп, маңызды күнді тарихи сәтке айналдырып жатқандарға куә болдық. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев та азаматтық борышын өтеп, дауыс берді. Осы уақытқа дейін Германиядағы, Молдовадағы, Украинадағы сайлауларға байқаушы ретінде қатыстық. Қазақстандағы сайлау жоғары деңгейде өтті деп айтуға болады.
Монтасыр АБУЗЕЙД,
Палестина мемлекетінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
– Халықаралық байқаушы ретінде учаскелердегі ұйымдастыру жұмыстарына жоғары баға беремін. Ешқандай бұзушылық байқалмады. Сайлаушылар өте белсенді болды. Мәжбүрлеп дауыс бергізу белгілері байқалған жоқ.
Жергілікті байқаушылармен де пікірлестік. Олар да саяси доданың ойдағыдай өткенін айтты. Алты кандидаттың мүддесін қорғаған жергілікті байқаушылар жақсы жұмыс істеді.
Осымен Қазақстандағы төртінші сайлауға халықаралық байқаушы ретінде қатыстым. Бұған дейін елдегі президент және Парламент сайлауларына қатысқан едім. Сондай-ақ осы жазда бүкілхалықтық референдумның барысын қадағаладым.
Қазақстан халқын экономикалық және саяси реформалардың ойдағыдай жүзеге асырылуымен құттықтаймын. Тұрақтылық пен табыс тілеймін.
Януш ПЕХОЧИНСКИЙ,
«Польша-Азия» сауда өнеркәсіп палатасының төрағасы, Поляк халық партиясының мүшесі:
– Сайлау – демократия мерекесі. Сондықтан бұл күні қазақстандық сайлаушылардың көңіл күйі көтеріңкі болды. Олар болашақ үшін дауыс берді. Енді жеңіске жеткен кандидат халыққа берген уәдесін ойдағыдай орындауға тиіс. Қазақстан – Польша үшін маңызды серіктес. Бүгінде Қазақстанның Польша бағытындағы тауарлар мен қызметтер экспорты 30 пайызға артты. Бұл біздің елдің тарапынан қазақстандық тауарлар мен қызметтерге деген сұраныстың жоғары екендігінің көрінісі.
Қазір әлем түрлі мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан бұл сайлауға Қазақстанға қатысты жаңа болжамдар жасауға мүмкіндік беретін ерекше жағдай ретінде қараймыз. Қазақстандық байқаушылар біздің елде өткен кейінгі сайлауға келіп қатысты. Сол себепті екі елдің саяси додаға деген талаптары ұқсас деп айта аламын. Қазақстан Польшаның Орталық Азиядағы маңызды саяси әрі экономикалық серіктесі болып қала береді. Сондықтан біз бұл елде әдеттегідей тыныштық пен тұрақтылық салтанат құруына тілектеспіз.
Дайындаған
Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»