Түркістан өңірі тұрғындарының саяси науқанға деген белсенділігі жоғары болды. Облыс бойынша 919 сайлау учаскесі бар. Оның 50-і облыс орталығында орналасқан. Сайлау учаскелерінің 893-і азаматтардың тұрғылықты жері бойынша және 26-сы уақытша болу орындарындағы сайлау учаскесі. Таң сәріден келіп таңдау жасағандардың арасында жастар да, қариялар да аз емес. Мысалы, Сайрам ауданында ең белсенді дауыс берушілердің бірі 100 жастағы Садық Қуатбеков ақсақал №560 сайлау учаскесіне немерелерін ерте келіпті.
«Елімнің болашағына бейжай қарай алмаймын. Сондықтан әрбір сайлаудан қалмай дауыс беріп келемін. Президентті таңдау жарқын болашақты таңдау деп білемін», дейді ғасыр жасаған қария.
Жалпы аудан бойынша 133 065 дауыс беруші бар. Олардың басым бөлігі түске дейін өз таңдауын жасап үлгерді.
Сондай-ақ Кентау қаласында 96 жастағы Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Бадан Төребаев сайлау учаскесіне таң сәріден келген. Қарияның белсенділігі көпшілікті тәнті етті. Ақсақал дауыс берген соң, Алладан елдің амандығын тілеп, бата берді.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласындағы №133 сайлау учаскесіне келіп дауыс берді. Түркістан қаласында 5 сайлау учаскесінде дауыс беру күні тіркеуде жоқ азаматтарды анықтау және тіркеу бойынша қызметтер ұйымдастырылған.
Айта кетелік, сайлау күні облыс бойынша 90 нәресте дүние есігін ашты. Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының хабарлауынша, 46 ер бала, 44 қыз, оның ішінде 2 егіз дүниеге келді. Егіздердің бірі – Қазығұрт ауданында, екіншісі Түлкібас ауданында туған. Дәрігерлердің хабарлауынша, аналар мен сәбилердің денсаулығы жақсы.
Түркістан облысы