31 Мамыр, 2014

Айнымас асыл

516 рет
көрсетілді
35 мин
оқу үшін
0001-235Апта басында Алматыға жол түсті. Дәл осы күндердегі аса маңызды оқиғаның қарсаңы болғандықтан, асығыс жүрдік те таңғы ұшақпен барып, кешкі ұшақпен қайттық. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалым Мұтановтың шақыруымен «Егемен Қазақстан – ел газеті» деп аталған іс-шараға қатысқанбыз. Бас басылымның 95 жылдық тойын университеттің 80 жылдық мерекесімен астастырып өткізген азаматтардың көңіліне разы болдық. Альма-матер деп аялай айтатын, дәл осы күндерде сексеннің сеңгіріне шыққан торқалы тойы дүрілдеп өтіп жатқан ұшқан ұямыздың әбден кемеліне келген кезі екен. Оған көзіміз жетіп, көңіліміз сенді. Іштей қысылып та қалғандаймыз. Оқу орнының торқалы тойы тұсында өзгелер сияқты меценаттық көмек көрсете алмай жатқанымызға ғана емес. Ұстаздарымыз жайында жаза алмай жүргенімізге. Университет тойына тез орайластырылған мына дүние шәкірттік парызымыздың бір өтеуіне жарап жатса жақсы. Бұл мақаланың арқауына университетте ректор да, проректор да, декан да, тіпті кафедра меңгерушісі де болмаған, ауыз толтырып айтатындай ғылыми атақ та алмаған, қатардағы оқытушылардың бірі күйінде бас-аяғы жарты ғасырдай ұстаздық еткен адам әдейі алынып отыр. Сырттай қарағанда оқу орнының сексен жылдық тарихында осында еңбек еткен жүздеген профессордың біріндей ғана көріне тұра ақырын жүріп анық басып-ақ баршаның құрметіне бөленген, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына өмірінің соңғы жылдарында ие болған кейіпкердің айнымас асылдығын ашуға, ұлағатын ұлықтауға арналған осы мақала арқылы біз жалпы ұстаздарымыздың қадір-қасиетін айшықтауды, түптеп келгенде университеттің бәсін биіктетуді мақсат тұтатынымызды айтпақпыз. 28-1 Музыкалық аспапта орындауын алғаш рет тыңдап отырған жас адамның жақын жылдарда жұлдызы жарқырап жанатынын бірден дәл айта алу мүмкін бе? Мүмкін. Егер тыңдаушының есту қабілеті елден ерекше болса. Орындаушының өнерін алғаш рет тыңдап, сол сәтте-ақ оның келешекте халықаралық конкурстардың лауреаты атанатынын дәл айта алу мүмкін бе? Мүмкін. Егер тыңдаушының өзі музыканың маманы болса. Пианинода (фортепьянода емес, рояльда емес) ойнаушы кәсіби музыкант та емес, консерватория студенті де емес, мектептің жетінші класс оқушысы ғана болса, онда да осыны дәл болжай алу мүмкін бе? Қиын-ау. Дегенмен, бұл да мүмкін. Егер тыңдаушы классикалық музыканың маманы ғана емес, нағыз білгірі болса. Ал егер тыңдаушының өзі жиырмадан жаңа асқан студент болса, оның үстіне болашақ мамандығының музыкаға қатысы жоқ болса, оның үстіне өзі ешқандай музыкалық аспапта ойнамаса, онда да осыны дәл болжай алу мүмкін бе? Дәл осы мүмкін емес шығар дейсіз... Дұрыс айтасыз. Бірақ, сол мүмкін еместей жағдай мүмкін болып еді бір кезде. Бәрін басынан бастайын. Универ­ситеттің журналистика факультетіне жаңа түскен бетте бір таңдау алдан шығатын. Ол – қай шет тілін оқу. Ағылшын, неміс, араб тілдерінің біреуін таңдау керек. Біздің таңдау араб тіліне түскен. Ондағы бір ойымыз – революциядан бұрынғы, одан кейінгі, латын жазуына көшкенге дейінгі араб қарпімен, төте жазумен шыққан кітаптарды, газет-журналдарды оқи алатындай болу. Бұл шешімге қозғау салған тағы бір жай білетіндерден сұрастырып жүріп, университетте кімдердің қандай тілді оқығанын анықтағанымыз еді. Солардың ішінде студент кезінде Әбіш Кекілбаевтың араб тілін оқытатын топта болғаны біз үшін артықшылығы айқын, аса салмақты аргументке айналды. Бір қызығы, Әбіш Кекілбаев есімі алғашқы лекцияда-ақ алдымыздан шықты. Оқытушымыз – Мәрзия Мәженова. Ленинград университетінің шығыстану факультетін бітірген. Қараторы өңді, толықша денелі, дөңгелек жүзді апайымыздың шуақты көздерінен нұр төгіліп тұрғандай. Студенттерге мейірлене қарайды. Мәрзия Нұрмағамбетқызы кіріспе лекциясында араб әлемі, араб мәдениеті, араб тілі туралы әңгімелей келіп, бұл тілдің қиындығын, арабшаны үйренуге адам бар ынты-шынтысын салуы керектігін айтып, сабаққа ден қоя кіріспеудің қандай салдары болатынына тосын мысал келтірді. «Әбіш Кекілбаевты білесіңдер ғой?» дейді апайымыз. «Білеміз, әрине». «Білсеңдер, сол Әбіш менде оқыған». «Оны да білеміз». «Оны да білсеңдер, сол Әбіш сабаққа бірде қатысып, бірде қатыспайтын. Қандай керемет қабілеттің иесі! Есте сақтауы тіпті ғаламат! Мұғалімдердің өзі таң қалатын. Қайтерсің, арабшаны дұрыстап оқымады. Үлкен ғалым болатын мүмкіндігі бар еді, қазірдің өзінде ғылым докторы болып кетер еді...», дейді апайымыз. «Ол кісі қазірдің өзінде үлкен жазушы болды ғой». «Жазушылыққа ғалымдықтың не зияны бар? Әбділда Тәжібаев қандай үлкен ақын. Әрі ғылым докторы...». Содан алғашқы сабақ біткеннен кейін «Үлкен жазушы болу үшін араб тілін жеңіл-желпі оқу керек екен ғой» деп өзара әзілдесіп жатқанымыз есте. Әбіш ағаға еліктегендіктен де емес, «Бұл тілдің соңына сонша түскенде не шығады, ескі кітаптарды, газеттерді оқи алатындай болсақ жетпей ме?» дегендіктен болар, әйтеуір, екінші курстан бастап-ақ арабшаны үйренуге құлқым кеми берді. Бір жағынан апайдың қатаң талабы шаршатып жіберетіні де рас еді. Тап бір бізден араб тілінен көркем шығарма аудармашыларын дайындайтындай қинайтын кейде. Құрдасым Тұрсын Жұртбайдың өз курстасы Асқар Егеубаев туралы «Сырты – сыпайы, іші толған намыс еді» деген эссесінде: «Университетте араб тілі тобында бірге болдық. Нағыз әріптеп оқитын әліптанушылармыз. Әлемдегі грамматикасы да, оқылуы да, дыбысталуы да қиын екінші тіл. Ұстазымыз Мәрзия Мәженова апай бізді ұстараның жүзінде қылпылдатып ұстады» деп жазғаны бар. Сөйтіп жүргенде үшінші курстың соңында ыңғайсыз жағдайға түскенім. Араб тілінен сынақ тапсыратын күнді шатастырып алғанмын ба, біле тұра бір жағдаймен бара алмадым ба, нақты себебі дәл қазір есімде жоқ, әйтеуір, Мәрзия апайдың емтиханына қатыспай, сабағынан «зачетсыз» қалу қаупі төнді. Қазіргідей емес, студенттерге талаптың қатаң кезі. «Зачетсыз» қалу стипендиядан қағылу деген сөз. Емтихан күндері бітіп, жұрттың бәрі ауыл-ауылына тарағалы жатыр. Не істеу керек? Қысылғаннан амалсыз ұстазымыз Абдулхамит Мархабаевқа өтініш айттым. Біздің топтың кураторы болатын. Хамаң студенттермен ежіл-қожыл араласып, тіпті әзілдесіп-қалжыңдасып жүре беретін. «Сен қысылма, үй телефонын да беремін, үйінің адресін де айтамын, «Апай, осылай да осылай болып қалды, айып етпеңіз, сынақты үйіңізге барып тапсыруға рұқсат сұраймын» деп айт, ол кісі сырттай қатаң болып көрінгенімен, жүрегі кең адам, меніңше, бетіңді қайтара қоймайды», деді. Сонда да үйге хабарласуға жүрегім дауаламай бірер күн жүрдім. Уақыт өтіп барады. Сессия қорытындысы әне-міне шыққалы тұр. Ақыры апайдың үй маңына барып, телефон-автоматтан хабарластым. Курстастарым «Апай саған қатты ренжіді» деп еді, ондай ештеңе сездірген жоқ, тек менің сынақты үйге барып тапсырмақ болғаныма сәл таңырқап тұрып қалды да, «Қашан келмексің?» деді. «Қазір. Үйіңіздің жанында тұрмын»... Сол күн менің өмірімдегі ерекше есте қалған күндердің бірі. Сол күні алдымнан бөлек бір әлем ашылғандай еді. Ол шынайы мәдениеттіліктің, пайымды парасаттылықтың, нағыз зиялылықтың, кінәратсыз кісіліктің, кісіліктің көркін ашар кішіліктің әлемі болатын. «Әнеу күні емтиханға неге келмедің? Жұртпен бірге неге тапсырмайсың? Сенен емтиханды неге жеке алуға тиіспін? Бұлай етуге қалай батылың жетті? Үйде емтихан алған дегенді қайдан шығарып жүрсің? Үйдің телефонын кім беріп жүр саған?» деген сияқты ұсақ әңгіменің ұштығы да жоқ. Қайта ауыл баласының осындай еркіндігіне түсіне қарау, тіпті сүйсіну де бар сияқты, жайдары жүзбен жымиып қояды. Кабинетке кірген соң «Сен осында отыра тұр, шай қойып жіберейін» деді де шығып кетті. Менің бірден назар аударғаным соншама көп кітаптың тақырыптық сипаты болды. Апайдың жолдасы университет проректоры Яхия Әубәкіров екенін білеміз, ол кісінің экономика ғылымдарының докторы, профессор екенін де білеміз, апайдың өзі араб тілінің маманы. Ал кабинеттегі кітаптардың барлығы дерлік әдебиетке, өнерге қатысты. Экономика, лингвистика жөніндегі кітаптар, сөздіктер онша мол емес. Әсіресе, көлемді-көлемді көркемсурет альбомдарының көптігі бірден көзге түседі. Біразы журналдық үстелдің үстінде. Бұл олардың қолға жиі алынатынын көрсетеді. Шетінен қарап жатырмын. Бірінен бірі өтеді. Ол кездегі Алматының кітап дүкендері тұрмақ, кітапханаларынан да таптыра бермейтін небір ғажап альбомдар бар. Біразы шетелде шыққандар. Мәскеуде, Ленинградта басылған альбомдардың репродукцияларынан сапасы кәдімгідей бөлекше болады екен. Әлгі альбомдарға есім кеткені сондай, апайдың есік ашып, шайға шақырған дауысын да естімеппін. Бір қарасам, Мәрзия апай дәл жанымда тұр. «Живописьті жақсы көресің-ау деймін?», дейді. «Иә». «Суретшілерден кімдерді ұнатасың?», дейді. «Көп қой олар». «Көп болғанда қалай? Кімдерді білесің?». Айтып жатырмын. «Тағы кімдерді?». Айтып жатырмын. «Кімдерді ерекше жақсы көресің?». Айтып жатырмын. Байқаймын, апай менен мұны тіпті де күтпеген. Сөздің ыңғайы келіп тұрғаннан кейін ол кезде жекелеген шығармалары республикалық көрмелерге қойыла бастаған, кейіннен елге танымал суретшіге айналған қылқалам шебері Амангелді Тұрсыновтың менің жақын ағам болатынын, көрші тұратынымызды, ағамның әуелде Ташкенттегі көркемсурет училищесінде, одан кейін Островский атындағы театр-көркемсурет институтында оқығанын, жексенбі сайын үйге келгенінде талай альбомдар көрсеткенін, кейбіреуін маған сыйлағанын, біраз шығармасының көз алдымда жазылғанын, сурет техникасынан хабардар екенімді, ағам мені ауыл іргесіне тиіп тұрған, аудан орталығы Абайдан небәрі 40 шақырымдай жердегі Ташкентте талай сурет көрмесіне апарғанын, ағамның жанына еріп бір жолы атақты суретші Орал Таңсықбаевтың үйіне барғанымды, бірақ жеме-жемге келгенде үйге кіруге ұялып, сыртта қалып қойғанымды, ағаммен бірге аулаға шыққанында ол кісіні алыстан, дарбаза жақтан көріп қалғанымды, дене келбеті, бет-жүзі Сәбит Мұқановқа ұқсас екенін айтып та тастадым. Шіркін, парасаттылықтың жөні бөлек қой, апай бірден өзгеріп сала берді. Қайнатып, демдеген шайы да ұмыт қалды. Менімен кәдімгідей етене сөйлесе бастады. Сабақ сұрауды ойына да алатын емес. Мәрзия апайдың әңгімесі маған қатты әсер етті. Бала күнінде оны үйдің ересегі ретінде жол-жөнекей өтіп бара жатқан пойыздарға жібереді екен. Майданға аттанған жауынгерлерге азын-аулақ ас-дәм беру үшін. «Өздері үйден енді ғана шыққан, ата-анасының құшағынан жаңа босанған, қан майданға аттанып бара жатқан жап-жас солдаттардың маған жанарларына жас үйіріле қараған кездері әлі көз алдымда», дейді апай. Әкесі Түрксибті өз қолымен төсеп шыққан атақты теміржолшы болған екен. «Бүкілодақтық староста» Калининнің өзі қол қойған орден алған екен. Орден болғанда «Еңбек Қызыл Ту» ордені. Социалистік Еңбек Ері атағы 1938 жылы белгіленген ғой, оған дейінгі еңбек үшін тағайындалған орденнің үлкені осы. Ол кезде құрметті теміржолшылардың өздеріне ғана емес, балаларына да Кеңес Одағының кез келген жеріне барып-қайтуға жылына бір рет тегін билет беріледі екен. Сол билетпен Ленинградқа барып, университеттің шығыстану факультетіне оқуға түсіпті. Алыс түкпірдегі қазақ ауылындағы мектепті алтын медальмен бітіргенін де сонда білдім. Оны бізге сабақ кезінде еш айтқан емес. Әкесінің ерен еңбегін де ауызға алмаған. Содан апай Ленинград университетіне қалай оқуға түскенін, Нева бойындағы сұлу шаһардың биік мәдениетін қызықтыра сөйлеп кетті. Живописьті жанындай жақсы көретінін, мүмкіндік таба қалған сәтте Эрмитажға жетуге асығатынын, сондағы полотноларды, мүсіндерді сағаттар бойы сүйсіне тамашалайтынын, студент бола жүріп стипендия­дан тиын-тебен үнемдеп, қаладағы театрлардың жаңа қойылымдарынан қалмауға тырысатынын сондайлық толқыныспен айтып жатты. Бұл әңгімелерден шет жағалай хабардармыз. Сабақтың ара-арасында сөзіне орысша қосып сөйлейтін әдетімен «Один Эрмитаж чего стоит!» деп сол ұлы музей жайында тамсана, тамсандыра толғап тастайтын. Университетте жүргенінде архивтен Махамбеттің хатын тауып, жариялағанынан, ғылыми айналымға алғаш қосқанынан хабардар болатынмын, оның да жай-жапсарын сол жолы өз аузынан естідім. Бұл жайында академик Рымғали Нұрғали кейіннен Ғабит Мүсірепов туралы эссесінде жазған еді. «Қилы заман» қандай туынды?» деген мақаласын «Қазақ әдебиетінің» басшылығы редакция алқасының мүшесі ретінде Ғабеңе оқытып, келісімін алуды тапсырады да, аспирант Рымғали жазушының үйіне барады. Қаламгер араб жазуымен басылған кітапты мақала авторының өзі оқып шыққанына күмәндана қарайды. «– Жастар түгіл, қырықтағылардың өзі арабшаға суқараңғы, өзің оқып шықтың ба, әлде біреу көзілдірік болды ма? – деді. «Көзілдіріктің» астарында не жатқанын ұққам жоқ. Ғабең суық жымиды: – Өзің меңіреу адам секілді мың­қиып, ішімдегіні тап деп үндемейсің ғой. Өзің таратып оқи алатын қауқарың бар ма, жоқ, әлде ескіше танитын бі­реу­ге оқытып, тыңдадың ба деп сұрап тұрмын. Осы кезде ғана оянған болсам керек, жауап қолма-қол айтылды: – Жарты қарыс кітапты маған кім оқып береді? Митыңмен жүріп, аяғына шықтым. Университетте Мәрзия Мәженова есімді Ленинградтан араб бөлімін бітіріп келген қарындасыңыз оқытқан. Ғабеңнің түсі енді ғана жылыды: – Е, е... Ол анау Махамбеттің патша өкіметіне баламды оқуға ал деп жазған хатын тауып, соны ажыратып оқып берген Мәженова болды ғой». Иә, біздің Мәрзия апай – еңбегін Ғабеңнің өзі бағалаған сол Мәженова. Мәрзия Нұрмағамбетқызының алпыс жылдан астам уақыт бойы Қазақ университетінде дәріс оқып, алдынан мыңдаған шәкірттер өткізген еңбегі бір төбе де, Жанар, Қанат, Жәния сынды тамаша перзенттер өсірген еңбегі бір төбе. Академик Көпжасар Нәрібаевтың: «Ағамыздың өміріндегі тағы бір тиянақты бақыттың тұғыры өзінің отбасы болатын. Әубәкіровтер отбасы бақ пен берекенің, ырыс пен ынтымақтың, жылы шуақ пен жақсылықтың ордасы еді. Ол кісі осы ордаға бас ие, қамқоршы бола білді. Сүйікті жар, сүйкімді әке, аяу­лы ата болды. Жеңгеміз Мәрзия Нұрмағамбетқызы үлкен ғалым, ұлағатты ұстаз ғана емес, ағамыздың ақылшысы, жанашыры, қамқоршысы, берекелі дастарқанның иесі, қасиетті шаңырақтың киесі болды. Ағамыз екеуі алтындай ұл-қыздар, немерелер өсіріп тәрбиеледі», деп еске алатыны содан. Естелікті Мәрзия апай туралы жазып отырғанымызбен, Яхия ағаны қайта-қайта айтпай тұра алмаймыз. Ол кісілердің ішкі мәдениеті өте бір өрелі өнеге. Академик Серік Қирабаев Яхаң өмірден өткенде «Оның өзі де, ұстанымы да, сөзі де үлкен тәрбие еді» деген қоштасу сөзін жазып, соның бір тұсында: «Өзін мақтау, мадақтау дегенді жек көретін кішіпейіл Яхаң балаларының атына да мақтау айтқанды мақұлдай бермейтін. «Жаман бала ғой, оны айта берудің керегі жоқ» дейтін. Әсіресе халықаралық көлемде кең танымал болған Жәнияның атына жылы лебіздер көп айтылады ғой. Соған да Яхаң әке боп мақтанған кісі емес. Қазақтың «көз тиеді» деген наным-сеніміне ұйыған ол ішкі сезімін сыртқа шығармайтын» деп әдемі келтірген еді. Жалпы, қазақ зиялыларының аға буынының қай-қайсысы да бұл отбасы жайында ет жүректі елжіретерліктей етіп жазады. Солардың бәрінде де Мәрзия апайдың еңбегі Яхаңмен қатар аталады. Мақалада сілтеме сөз көбейіп бара жатқанын өзіміз де байқап отырмыз, бірақ солай екен деп, мысалы, академик Жабайхан Әбділдиннің: «Яхия Әубәкірұлы өзінің жары Мәрзия Нұрмағамбетқызымен тамаша отбасын құрды. Ол араб тілінің білгір маманы, университет профессоры, монографиялар мен оқулықтардың авторы. Олардың отбасында таң қаларлықтай үйлесім келісім тауып тұратын. Бәлкім, Мәрзия Нұрмағамбетқызының болмыс-бітімі анағұрлым іскер әрі белсендірек болған шығар, ал мінезі анағұрлым батыл да күшті еді. Яхия Әубәкірұлының мінез сипатымен үйлесе келгенде мұның өзі адамдық қарым-қатынастардың, махаббаттың, қайырымдылықтың тиісті үйлесімін жасайтын. Олар тамаша перзенттер өсірді. Бұл отбасының басты байлығы – таң қаларлықтай рухани аралас-құраластығы. Бүгінде талайлар жақсы әрі дұрыс сөздерді айта алады, бірақ балалардың тәрбиесі үшін бұл жеткіліксіз. Тек жеке бастың үлгісі, пайымдалған өмірлік ұстаным ғана біздің қоғамымыздың лайықты мүшелерін тәрбиелеуге мүмкіндік береді» деген сөзін қалай дәйекке келтірмей тұра аламыз? Осыдан біраз жыл бұрын Жәния қарындасымыз өз талантының тағы бір қырын танытты. «Егемен Қа­зақ­станның» бетінде Қорғанбек Аманжол «Перзенттік махаббат толғауы» деп бағалаған (2010 жыл, 12 наурыз) «Әке туралы сөз. Страницы памяти» атты кітабында Жәния ата-анасының жүрек жылуы, жан жомарттығы жайында елжірей еске алады. «...Бізден жұмысқа қатты бе­рі­ліп кетпеуді талап ететін. «Адам өзі­нің денсаулығын сақтауы керек, интел­лектуалдық және энергетикалық әлеуетін оңды-солды жұмсай бермеуі керек» дейтін. Қандай да бір уақытша табыс үшін бар күшіңді сарқа жұмсауға болмайтынын сөзбен түсіндіріп қана қоймай, ісімен де үлгі болатын. Беймезгіл уақытта сабақ оқығанымызды, түннің жарымына дейін кітаптың қызығына түсуімізді онша қаламайтын. Музыкалық аспапта да белгілі бір уақытта ғана ойнайтынбыз. Ата-анамыз біздің денсаулығымызды қатты ойлайтын. Әлі есімде, он жасқа келгенге дейін түсте ұйықтауды талап ететін. Ол кезде түсте ұйықтау біз үшін бір азап сияқты болатын, қазір ойлап отырсам, соның бәрі біздің болашағымыз үшін екен...». «...Әкем ұдайы таңертең телефон соғатын. Ертеңгілік уақыты бол­май қалса, кешке хабарласып, хал-жағдайымызды сұрайтын. Әкем отбасының ұйытқысы еді. Бізден де соны талап ететін. Көп уақытты үйде, бала-шағаның ортасында өткізгенімізді қалайтын. Немесе төрт көзіміз түгел үлкен үйге баруға тиіс едік. Ал кездесулер мен концерттерге, іссапарлар мен жолсапарларға әкем әншейін нәрсе деп қарайтын. Ондайды онша ұната да бермейтін. Әсіресе, шетелге кеткенімді әкемнің қаламайтыны анық аңғарылатын. «Не бар? Қайтесің?» деуші еді. Өзі де қатты шаршап жүргендіктен бе екен, соңғы жылдары «шаршайсың ғой» дейтін, «шаршадың ғой» дегенді көп айтатын болып еді. «Ой, әке, уайымдай бер­меңізші. Бала емеспіз ғой. Зейнетке шы­ғуға жақын қалдық», дейтінмін қал­жыңдап. «Сендерді ойламағанда, кімді ойлаймын?!» деуші еді жылы жымиып. Біз жолда жүргенде әкем байыз тауып отыра алмайтын. Тіпті, бірде сұхбат беріп отырып, осы ойын жайып салыпты: «Ұдайы жолда жүреді. Қайда барады? Ол жақта кім күтіп отыр? Неғылған бітпейтін көп серіктес? Осынша жобаға ақшаны қайдан тауып жүр?..». Соңғы жылдары жан-жаққа емін-еркін баруға мүмкіндік алғанымыз бір жағынан әкемді қуантатын. Ал екінші жағынан мазасын кетіруші еді...». Бұл екі үзіндіге түсіндірме жасап жату артық болар. Ана жылы Яхия ағай дүниеден өткенде Алматыға барып, апайға, Жәнияға көңіл айтып едім. Сонда бұл отбасының бөлек бітіміне тағы бір таң қалып қайтқанмын. Әубәкіровтер әлі сол үйде тұрады екен. Мен үшінші курстың студенті кезімдегі, 1973 жылғы, осыдан қырық жыл бұрынғы үйде. Ештеңе өзгермеген десе де болады. Тіпті менің бала көңілімде, көз алдымда қалып қойған сәнді қоңыр мебель гарнитуры да сол күйде. Одан бері Яхия ағай академик те болды, Жәния ректор да болды, Жанар ғылым докторы да болды, Қанат бизнесмен де болды, тек Әубәкіровтер әулетінде қалайда жұртпен жарысып қалу, дүние-мүлік жолында алысып қалу, байлыққа жабысып қалу болған жоқ. Өйткені, қаланың қақ ортасындағы орташа көлемді төрт бөлмелі пәтерді екі адамға азсынатын астамшылдық болған жоқ. Бұл отбасының байлығы басқада. Жәниямен талай жылдан бері жақын араласып-құраласып келеміз. Сонда ол мамасы туралы да небір жан толқытарлық жайларды айтады. Солардың бірін қайта әңгімелеп берейін. Жәния былай дейді: «1999 жылы Англияда скрипкашы Марат Бисенғалиевпен бірлескен концерттеріміз және репетицияларымыз туралы фильм түсірілді. Біздің отбасымызға, мамама, Жанар мен жолдасым Ғалымға Лондондағы концертке бару мүмкіндігі туды, онда біз атақты «ағылшын камералық ор­кестрімен» бірге ойнайтын едік. Ма­мамның қызымның маңызды шетелдік концертіне қатыссам деген көптен бергі арманы жүзеге асатын болды. Өкінішке орай, дәл жол жүрердің алдында мамамның тізесінің ауруы күшейіп кетті. Алыс жолға жүруді аса ауырсынатын болды. Тізесі ісіп, папам мазасызданып, жол жүруден бас тартуды ұсынды. Бұл кезде мен Лондонға жетіп те қалған едім, денсаулығының жағдайын дәл біле алмадым, аяқ астынан шыққан мәселені тек телефоннан естідім. Мамам өзінің Лондондағы концертке бара алмайтынына тіпті де көнгісі келмеді, сөйтіп келісілген күні жақын адамдарымен бірге тұманды Альбионның шекарасын шешімді күйде аттады. Мен оны алаң көңілмен, жаным қинала қарсы алдым, қолымнан келгенше жайлы жағдайдың бәрін жасауға тырыстым. Сөйтіп жүрсем мамам аяғының ауырғанын атымен ұмытып, келген күні-ақ түсіру тобымен бірге Лондонның Сохо деген жеріне түнгі экскурсияға баруға бекінгені. Келесі күндері жүрісті тіпті көбейтті. Бірде бір жаяу экскурсиядан, тарихи орындарды тамашалаудан бас тартқан жоқ. Британ музейінде бірнеше сағат болды, ағылшын Пар­ла­ментінің жоғары қабатына көтерілді, Вестминстер аббаттығына таң-тамаша қалды – қай жерде де блокнотын қо­лынан тастамай, бәрін жазумен жүрді. «Мама, аяғыңның ауырғаны қайда қалды?!» – деп сұраймын мен. «Ештеңе етпейді, ауырғанына қарап жатқаным жоқ...». «Бәрін неге жазып жүрсің?» десем, «Бәрін есімде сақтағым келеді. Енді бұл жерге қайтып орала аламын ба, кім біледі...», дейді. Менің мамам тың әсерлерді өте жақсы көретін – мұндайда оның бойына қандай шабыт қайнары құйы­ла­тынына, қиындықтар мен кедергілердің ешқайсысына да қарамай кететініне біз өмір бойы куә болғанбыз...». Солай. Ерге қызмет ету – елге қызмет ету. Мәрзия Нұрмағамбетқызы осы қасиетті қағиданы ерте бастан ұстан­ған жан. Яхия Әубәкірұлының қарым-қабілетін қастер тұтқаны, оның ғылымға шын берілген бүтін болмысын биік бағалағаны, білім­ділігін, шешендігін қадірлегені аза­матының бар мүмкіндігін қай салада да жарқырата ашуға мүмкіндік берді. Жастайынан өнерге құштар болып өскені, әлемдік өркениеттің ең өрелі үлгілерін өмір бойы өлшем етіп ұстанғаны перзентінің бүкіл ұлттың мақтанышына айналуына жағдай жасады. Бұл – баянды бақыт. Әйел бақыты. Ана бақыты. Адам бақыты. Ал енді әңгіменің басында айтқан жайға оралайық. Музыкалық аспапта ойнап отырған жас адамның жақын жылдарда жұлдызы жарқырап жанатынын өзінің жасы жиырмадан жаңа асқан, оның үстіне болашақ мамандығы музыкаға тікелей қатысы жоқ, оның үстіне өзі ешқандай музыкалық аспапта ойнай алмайтын студенттің бірден дәл болжай алуы мүмкін бе? Дәл осы мүмкін емес шығар дейсіз... Дұрыс айтасыз. Бірақ, сол мүмкін емес жағдай мүмкін болып еді бір кезде дегенбіз. Сөз түйінінде соны түсіндірейін. Сөйтіп, апайдың үйіндегі әңгімеміз әбден қызды, ұзаққа созылды. Неше түрлі альбомдарды бірінен кейін бірін алып, сан түрлі суретшілер туралы сөйлестік. «Апай, «зачетқа» қашан кірісеміз?» десем, апайым қолын сілтеп күледі, «Мынандай әңгімеге басқа тақырыпты араластырмашы» дегендей. Шай үстінде Яхия ағай туралы, балалары туралы ақтарыла айтты. Бір кезде: «Саған қазір біздің Жәния пианино тартып береді» деді де, бөлмеге жасы 14-15 шамасындағы оқушы қыз бала кіріп келді. Академиктің қызы дейтіндей емес, сондай қарапайым, мамасының көңілі үшін, ұяла-ұяла пианиноға отырды. Содан пианино сөйлеп бір кетті дейсіз. Кабинет ішін кернеп, ағыл-тегіл құйылып келіп жатқан кілең бір әуезді әуендер. Соның алдындағы әсемдік әлемін кезген әдемі әңгіменің әсері ме, бір мен үшін орындалған жеке концерттей болып шыққан жарты сағаттай бойғы сырлы саздың сиқыры ма, бір кезде: «Керемет!» деп қалдым. «Рас айтасың ба, саған ұнады ғой, ә?» деп жатыр апай. Сол арада, аузыма қалай түскенін қайдам, «Апай, шынында керемет. Қызыңыз әлі лауреат международных конкурсов болады» деп жібергенім. Дәл осылай, тіліме оратылған күйінде орысша тіркес араластырып айтқаным әлі есімде. Бөлмеде тыныштық орнай қалды. Жәния да, мамасы да аң-таң күйде. Тап сол сөзді араб тілінен сынақтан өту үшін айтпағаныма құдай куә. Дәл солай етіп неге айта қалғанымды өзім де түсінер емеспін. Жәнияның орындау шеберлігін дәл олай бағалауға да, оның болашағын дәл олай болжауға да шамамның жетпейтінін ғана түсінемін. Бірақ, дәл солай айтылды. Арада бірнеше жыл өтті. Мен үйіне баратында К.Байсейітова атындағы музыка мектебінде оқып жүрген Жәния П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясын, кейіннен оның аспирантурасын бітірді. Әр жер-әр жердегі концерттерде орындаған жеке нөмірлерін тыңдап қалып, Яхия ағайдың, Мәрзия апайдың қызы ғой деп қуанып қоятынбыз. Сөйтіп жүрген күндердің бір күнінде Жәния айды аспаннан шығарды. 1983 жылы сонау Франциядан, әлемнің өнер астанасы деп ардақталатын Парижден жақсы хабар жеткізді елге. Маргарет Лонг пен Жак Тибоның халықаралық конкурсында 2-ші Гран-приге және «Осы заманғы француз композиторларының шығармаларын үздік орындау үшін» арнаулы жүл­де­сіне ие болды. Сол хабардың дүр­мегімен жүрген күндердің бірінде «Социалистік Қазақстанның» қа­был­дау бөлмесіндегі Халида апай бөлмеме келіп тұр. «Сені Мәрзия Мәженова деген кісі іздеп жатыр. Университеттен. Менің оқушым еді, үйге хабарласса деп телефонын берді», дейді. Дереу хабарластым, қуана құттықтап, Жәнияны мақтап жатырмын. «Тоқта, тоқтай тұр», дейді апай. «Осы сен баяғыда қызыңыз халықаралық конкурстардың лауреаты болады деп едің ғой, есіңде ме?». «Есімде». «Сонда сен сол сөзді қалай айттың?». Өзімше әзілдеп жатырмын: «Әлкей ағамыздың сөзін білесіз ғой, білеміз, білгеннен кейін айтамыз деген... Тыңдадық та таныдық, таныдық та айттық қой» деп. «Сонда да?» дейді апай. Не айтуға болады? «Апай, көріпкелдігім жоқ, музыкалық сауатым тағы жоқ, «зачет» алу үшін мақтайтын ойым да болған жоқ...». «Сонда да қалай болды өзі?» деп апай тағы сұрайды. Толқып тұр. Мен де толқып кеттім. «Қайдан білейін, аузыма құдай салған шығар сол сөзді», дедім. Яхия ағай мен Мәрзия апайды содан бір жылдай өткеннен кейін, 1984 жылы Республика сарайында кездестіріп қалдым. Ол бәріміздің ұшқан ұямыз Қазақ мемлекеттік университетінің құрылғанына 50 жыл толуына арналған салтанатты жиналыс еді. Фойеде амандассам, апай қолымды босатпайды. Жанындағы төрт-бес кісіні тоқтатып, шақырып, мені таныстырып жатыр. Шәкіртім деп мақтап жатыр. Мақтауының көкесі «Бұл жігіт Жәнияның халықаралық конкурс лауреаты болатынын мектепте жүргенінде-ақ айтқан» деген сөзі болды. Ана кісілер «Бұл қайдан шыққан көріпкел?» дегендей бетіме таңдана қарайды... Кейін Жәния да: «Мамам Сауытбек ағаң солай айтқан деп сізді еске алып қоятын» деп жүрді. Жақында Жәния хабарласқан. «Аға, мамам туралы естеліктер кітабын құрастырып жатырмын. Сізді жақсы көруші еді ғой, естелік жазып бермейсіз бе?» деп. Сол тілекті орындауды сөз басында айтылған Алматыға іссапардың әдемі әсері тездетіп жіберді. Оның үстіне алдыңғы күні, Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қоюдың салтанатты рәсімі кезінде Тәуелсіздік сарайында Жәниямен қатар отырып қалғанда тағы бір жақсы жаңалық естідік: дәл бүгін, 31 мамырда оқу орнының 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар аясында университетте Мәрзия Мәженова аудиториясы ашылады екен. Университет басшылығының бұл да бір білгендігі болған. Содан жастық шақтың жан жадыратар жарқын күндерін еске түсіріп жедеғабыл мақала жаздық. Мына өмірде Алаштың ардақты азаматы, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, көрнекті экономист-ғалым, адамдықтың, адалдықтың үйренерлік үздік үлгісін қалдырған тамаша тұлға Яхия Әубәкіровтің сүйікті жары, қазаққа бүкіл ұлттың мақтанышына айналған Жәния Әубәкіровадай аяу­лы қыз сыйлаған ардақты ана, алдынан қазақ әдебиетінің, ұлттық журналистиканың талай-талай тарландары тәрбие алған ұлағатты ұстаз Мәрзия Нұрмағамбетқызы Мәже­новадай, біздің сүйікті ұстазымыздай ай­нымас асыл адам болғанын оқыр­ман­дардың аға буыны есіне түсірсін деп, жаңа буыны біле жүрсін деп. Сауытбек АБДРАХМАНОВ.