«Үлкен сұраныс күтілетінін ескере отырып, реакторлар көп мөлшерде салынады деген ойдамыз, Қазатомөнеркәсіп те орнында отырмайды. Біз - соңғы 10 жылдағы ең ірі өндірушіміз. Бізде уран өндірудің ең экологиялық әдісі бар», деді Асқар Батырбаев Сочиде өтіп жатқан «АТОМЭКСПО-2022» халықаралық форумы барысында.
Ол сондай-ақ еліміздің уран қоры жайлы бірқатар ақпарат берді.
«Қазақстан - уран өндіру көлемі бойынша екінші орында. Бізде әлемдік қорлардың 12%-ы бар. Барланған қорлар - 125 мың тоннаны, ал ресурстар - 785 мың тоннаны құрайды», деді Асқар Батырбаев.
Айта кетсек, Қазатомөнеркәсіптің өкілі форумға қашықтан қатысып жатыр.
Сочиде «Сириус» ғылым және өнер паркінде «АТОМЭКСПО-2022» халықаралық форумы – әлемдік атом саласының негізгі конгресс-көрме іс-шараларының бірі жұмысын бастады.
Форум аясында мемлекеттік құрылымдардың басшылары, әлемдік атом индустриясының ірі вендорлары мен компаниялары, қоғамдық ұйымдар мен халықаралық сарапшылар атом технологиялары мен инновациялық дамудың өзекті мәселелерін талқылайды.