ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚ ЕЛ ЕРТЕҢІН ЕҢСЕЛЕНДІРЕДІ
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылардың қарсаңында Астанаға келген Еуразиялық экономикалық комиссияның Интеграция және макроэкономиканың негізгі бағыттары жөніндегі алқасының мүшесі (министр), экономика ғылымдарының докторы, Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Қаржы академиясының «Халықаралық экономикалық қатынастар» кафедрасының профессоры Татьяна ВАЛОВАЯДАН шағын сұхбат алудың сәті түскен еді. Төменде соны ұсынып отырмыз. – Құрметті Татьяна Дмитриевна, посткеңестік кеңістіктегі басты интегратор деген атақ алған біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жуырда үш елдің сарапшылары өте күрделі де ауқымды жұмыстарды еңсеріп, ЕАЭО туралы шартты дайын етті деп сіздердің жұмыстарыңызға үлкен баға берді. Айтыңызшы, қандай келіспеушіліктер болды және оларды қалай еңсердіңіздер? – Әрине, Нұрсұлтан Әбішұлының барлық интеграциялық үдерістердің бастамашысы болып жүргені шындық. Оның бастамалары жалғыз Қазақстан ғана емес, әріптес елдерге де үлкен пайда әкеліп жатыр. Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясын да ол осыдан 20 жыл бұрын көтергенін білеміз. Мұның өзекті мәселе екендігін өмірдің өзі көрсетіп, ақыры экономикалық одақ құруға қол жеткізіп отырмыз. Ал енді біздің арамыздағы келіспеушіліктер туралы айтар болсам, еңсеруге болмайтындай ешқандай талас мәселе алдымыздан шыққан жоқ. Біз қандай да бір мәселе бойынша антогонистік позицияда таласқан емеспіз, тек Одақ жұмысының сәтті болуын көздеген қызу пікір алысулар ғана орын алды. Пікірталастар барысында Одаққа ең тиімді деген ұсыныстар қабылданып отырды. Әрине, әрбір елдің мүддесіне сәйкес кереғарлықтар да көрініс бермей қалған жоқ. Мәселен, қызмет көрсету саласы бойынша осындай кедергілер болды. Сондай-ақ, кейбір тауарлар рыногы бойынша да кереғар пікірлер кездесті. Соның ішінде автомобильдер, мұнай және мұнай өнімдері, газ, алкоголь, темекі өнімдері рыноктары бойынша қайшылықты пікірталастар көп болды. Ал бизнеске оңтайлы ахуал тудыру үшін біз осы тауарларға деген жалпыламалық тәртіптер орнатуды қалап отырмыз. Осы мәселелер бойынша үлкен дискуссиялар болып, ақыры 2025 жылға дейін аталған тауарларға жалпыға ортақ тәртіп орнатылып, рыноктар арасындағы айырмашылықтарды алып тастау келісілді. – ЕАЭО жаһандық тұрақсыздықтың келеңсіз салдарларын азайтуға қаншалықты ықпал ете алады деп ойлайсыз? – Оны біз іс жүзінде көріп отырмыз. ЕАЭО алғашқы баспалдақтары болып табылатын Кеден одағы, Біртұтас экономикалық кеңістіктің өзі жаһандық тұрақсыздықтың салдарларын біршама азайтуға ықпалды болып отыр. Өйткені, интеграция экономикалық дамудың нақтылы драйвері болып табылады. Нақты айтатын болсақ, сауда-экономикалық ынтымақтастық біздің елдерімізде анағұрлым серпінді дамып келеді. 2012 және 2013 жылдардың қорытындыларына қарайтын болсақ, біздің интеграциялық құрылымдардағы елдердің өзара ынтымақтастығы құрылымға енбейтін елдермен салыстырғанда анағұрлым жоғары қарқынмен дамуда. Осының өзі интеграциялық құрылымның озықтығын, оның әлемдік дағдарыстың салдарларын еңсеруге ықпалдылығын көрсетпей ме? Жаһандық дағдарыстың кесірінен алып рыноктар кішірейіп, көптеген тауарлардың бағасы түсіп жатқанда біздің ішкі рыногымыз дамудың негізі болып отыр. Біздегі сауданың құрылымдары да жақсара түсуде. Соның ішінде Қазақстанды алып қарайтын болсақ, қазір бұл елдің сыртқы сауда құрылымының сапасы жақсарып келе жатқанын көруге болады. Мәселен, бұрын оның сыртқы саудасында тек шикізат қана басымды орында болса, соңғы кездері қазақстандық экспорттың арасында өңделген өнімдер көлемі артып отыр. Соның ішінде Қазақстанда, интеграциялық құрылымдардың игі ықпалының арқасында, бұрын ешқашан болмаған автомобиль құрастыру саласы қатты дамып келеді. Міне, мұны интеграцияның нақты, игілікті нәтижесі деп атаған жөн. Және мұндай істер Одақтың құрылуымен арта берері сөзсіз. – Мамандардың айтуына қарағанда, Еуразиялық экономикалық одақ еркін сауда аймағы, Кеден одағы, Біртұтас экономикалық кеңістік, Еуразиялық экономикалық одақ және абсолютті экономикалық интеграция сияқты бес кезеңнен тұрады екен. Соның ішінде абсолютті интеграция деген не? – Шынымды айтсам, мен де мұндай терминді білмейді екенмін. Менің білетінім, аймақтық экономикалық интеграция. Біз құрып жатқан экономикалық одақ – ол нарықтық интеграцияның барлық талаптарына жауап беретін интеграция. Сондықтан оны абсолютті интеграция деп атауға болатын шығар. Оны құру жолында біз еуропалық интеграцияның барлық қырларын зерттедік. Соның ішінде олардың жіберген қателіктерінен сақ болуға да үлкен көңіл аудардық. Мұндай қателіктер біздің экономикаларымызды күтпеген тәуекелдерге ұшыратуы мүмкін. Сондықтан сақ болу жағын қатты ескердік. Біздің экономикалық одаққа сатылап, кезең-кезеңмен өтуіміздің өзі осы сақтықты қатты сақтағанымызды білдіреді деп айтуға болады. Әрине, біздің қаншалықты оң нәтижеге жеткенімізді уақыт көрсетеді. Біз, әйтеуір, өз елдеріміздің арасындағы тауар, капитал, жұмыс күші және қызметтің еркін айналымын қатты қадағалап, оған кедергі келтіретін нәрселерді жоюға тырыстық. – Сол кезеңдердің ішінде Кеден одағынан өткеніміз үлкен тәжірибе болған шығар? – Әлбетте. Мен сізге мынадай мысал келтірейін. Біздің елдеріміздің Кеден одағына енгеннен кейінгі өзара тауар айналым көлемі екі есеге жуық өсті. Соның ішінде Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымы, тіпті, жоғары қарқынмен дамыды. Ал бұл Беларусь пен Ресей және Ресей мен Қазақстан арасындағы кедендік кедергілердің алынып тастағандығының жемісі екені даусыз. Егер бұрынғыдай ортада кедергі болып ресейлік кеден қызметтері жатса, Қазақстан мен Беларусь бүгінгі сауда айналымының көлеміне жете алмаған болар еді. Соның игілігін көргендердің арасында қазақстандық астық та бар. Ол қазір Беларусь рыногына еш кедергісіз жеткізіледі. Транзиттік кедергілер мен кедендік процедуралардың бәрі алынып тасталған соң тек жол шығындары ғана қалып, қазақстандық астықтың Беларусь рыногы ғана емес, үшінші елдерге де еркін жетуіне жол ашылды. Қазір астық қана емес, қазақстандық басқа да тауарлардың Ресей мен Беларусь арқылы Еуропа елдеріне шығуы артып келеді. Міне, Кеден одағының осындай артықшылықтары бар. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».Болашақ бейнесі
Күні кеше ғана еліміздің жүрегі Астанада ұлы тарихи оқиғаның куәсі болғанымды мақтан тұтамын. Иә, бұл шынында да көптен күткен сәт еді. Қазақстан, Ресей және Беларусь басшылары Экономикалық одақ туралы шартқа қол қойды. Менің жеке пайымдауымша, экономикалық күш-қуаттардың бірігуі әрқашан берекеге бастайды, ел игілігіне айналады. Осы төңіректегі жауапсыздықпен айтылған жол-жөнекей сөздердің ешқандай негізі жоқ. Ішкі және сыртқы әлеуеттері өте жоғары үш елдің экономикасының ұштасуы біздің мемлекеттеріміздің, әсіресе, Қазақстанның барлық халықтары үшін тек қана ырыс кеніші болмақ. Әлбетте, осы елеулі оқиғаның - Еуразиялық экономикалық одақ құрудың бастамашысы біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев болып табылады. Ол кісінің адамдарға деген қамқорлығы, бүгінгі күніміз ғана емес, Қазақстанның болашақтағы дамуын ойлаған, келешек ұрпақтарымыздың қалай жұмыс істеп, қалай өмір сүруін осы бастан қамдаған көрегендігі осынау алысты болжаған игілікшіл идеяны жүзеге асыруға мүмкіндік берді. 29 мамыр тарихта біздің мемлекетіміздің және Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы барлық елдердің дамуындағы жаңа бетбұрыс ретінде алтын әріптермен жазылып қалады деп есептеймін. Өз басым жаңа одақтың құрылуын балаларым мен немерелерімнің болашағымен байланыстырамын. Біздің алдымыздан қаншама ұлан-ғайыр кеңістіктер ашылып отыр десеңізші! Біз Қазақстанда, Ресейде немесе Беларусьте емін-еркін, алаңсыз оқып, жұмыс істей аламыз. Азаматтарымыздың өз білімдерін, күш-жігері мен қабілеттерін қолдануға шексіз мүмкіндіктер ашылуда. Сондықтан шартқа қол қойылуы бәріміз үшін аса маңызды, нышанды оқиға болды деп білемін. Любовь НИ, Мемлекеттік республикалық корей театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.Идеяның іске асуы – тарихи күн
Орал қаласында Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі шартқа қол қойылу рәсімі құрметіне орай Демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» Батыс Қазақстан облыстық коалициясының дөңгелек үстел мәжілісі өткізілді. Нұр Отан партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының бастамасымен ұйымдастырылған үлкен басқосуды филиал төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен жүргізіп отырды. Мұнда алғашқылардың бірі болып сөз алған коалиция мүшесі, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Бауыржан Тұманов бұдан жиырма жыл бұрын айтылған идеяның нақты іске асқан күні – тарихи күн қатарына кіре алатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, ол жаңа құрылған еуразиялық одақ интеграция, инвестиция және инновация ұғымдарының бірлігін қамтамасыз ететінін айтты. Ал Жалпы ұлттық социал-демократиялық партиясы республикалық қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облыстық филиалының басшысы Қадиша Мұқанова жаңа интеграциялық экономикалық одақ талаптары толық іске асу үшін ең бірінші кезекте нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу қажеттігіне тоқталды. Әрі саяси партия өкілі интеграциялық бірлестік бұған дейін Қазақстанға ағылып келген бағасы мен сапасы төмен Қытай тауарларына тосқауыл бола алса, бұл қарапайым адамдар үшін де жасалған оң қадам бола алатынын жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының өңірдегі өкілі Қайыржан Идиятов еуразиялық одақ құрамына кіруге Түркия, Малайзия, Индия және Вьетнам секілді елдердің де ниет қойып отырғаны оның бұрынғы одақтың ізі деген үстірт пікірдің тас-талқанын шығаратынын айтты.Бұл оның таза экономикалық бағыттағы одақ екенін тағы бір дәлелдей түседі, деді ол. Бұдан кейін сөз алған Бірлік саяси партиясы облыстық филиалының басшысы Мұхит Бейсенғалиев рухани кеңістік пен білім саласындағы Еуразиялық ықпалдастықтың баға жетпес рөліне тоқталды. Айталық одаққа мүше елдер үкіметтері мойындайтын жоғары білім жөніндегі дипломдар елдер арасындағы рухани жақындықты тереңдете түседі, деді шешен. Дөңгелек үстел мәжілісін Серік Сүлеймен қорытындылап, Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуын қазақстандықтардың тоқсан бес пайызы қолдағанын айта келіп, 29 мамыр Еуразиялық интеграцияның дүниеге келген күні ретінде халықаралық күнтізбеге кіре алатыны жөнінде түйін жасады. Қорыта айтқанда, Президент Н.Ә.Назарбаев Еуразиялық одақ тек экономикалық болуы керек деп баса айтты. Еліміздің өркендеуі мен көкжиегі, мүмкіндіктері кеңінен дамуын ойласақ, бізге үлкен нарық керек екені сөзсіз. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ.Лебіздер легі
Тайыр МАНСҰРОВ, ЕурАзЭҚ-тың бас хатшысы: – Қазақстан, Ресей және Беларусьтің Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуын посткеңестік кеңістіктегі ғаламат оқиға деп санаймын. Бұл, шын мәнінде, жан-жақты ой елегінен өткізетін елеулі оқиға. Қазақстан Президентінің 1994 жылы М.В.Ломоносов атындағы ММУ қабырғасында жария еткен еуразиялық идеясынан бері 20 жылдық жолдан өттік. Бұл аралықта осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарылды. 2000 жылдың 10 желтоқсанында Алматыда ЕурАзЭҚ халықаралық экономикалық ұйымы құрылса, 2010 жылы Кеден одағы қалыптастырылды, сәл кейін Біртұтас экономикалық кеңістік өмірге келді. Енді, міне, үстіміздегі жылдың 29 мамырында ЕАЭО туралы шартқа қол қойылып отыр. Аталған бағытта айтарлықтай жұмыс атқарылды. Оның барлығы кешегі тарихи маңызды оқиғаға байланысты жүргізілді. ЕАЭО болашақта біздің елдеріміз үшін ғана емес, бүкіл посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер үшін, тіпті, бүкіл әлемдік қоғамдастықтағы елдер үшін күш біріктіріп қана экономикалық табыстарға жетуге болатынын айғақтайтын белгі іспетті болды. Бұл Одақтың ғұмыры ұзақ болатынына сенімім мол. Қысқасы, еуразиялық интеграция іс жүзіне асты. Сәттілік тілейік. Әбілғазы ҚҰСАЙЫНОВ, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы: – Кез келген ел үшін ең басты мәселе – жаңа жұмыс орындарын құру. Қазіргі кезде Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 5 пайыздан сәл асады. Елімізде осы көкейкесті әлеуметтік проблеманы шешу үшін көп жұмыстар атқарылу үстінде. Бірақ еңбек рыногының өрісі тар болғандықтан, бұл мәселені бір демде шешіп тастау да мүмкін емес екені түсінікті. Ал Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуымен біз 170 миллион адамдық рынокқа шығып қана қоймай, сол елдердің аумағы мен ресурстарына да ие боламыз. Табиғи ресурстардың 25 пайызы осы ЕАЭО мемлекеттері аумағында орналасқан. Осы жайт инвестициялар мен жаңа технологиялар тартуға, осының есебінен жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Қазір адамға не қажет? Жұмыс орны мен жоғары өмір сапасын қамтамасыз ететін жақсы еңбекақы қажет. Осы тұрғыдан келгенде, экономикалық одақ, әрине, кім-кім үшін де игілік. Үш мемлекет басшысы, шын мәнінде, тарихи құжатқа қол қойды. Бұл арада басқа пікірдегілердің де бар екені түсінікті. Бірақ аз сөйлеп, көп іс тындыру керек. Бұған Қазақстанның, Ресей мен Беларусьтің басшылары үндеп отыр. Бүгінгі нәтижеге ұзақ та күрделі жанкешті еңбек жеткізгенін де ұмытпауға тиістіміз. Қазақстан өзінің алдына әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарынан көріну туралы стратегиялық міндет қойды. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрініс тапқан. Сондықтан технологиялық жағынан дамып, сапалы жұмыс орындарын құруымыз қажет. Одақтың құрылуымен, міне, осы мәселелер шешілетін болады. Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ, Олимпиада чемпионы, кәсіпкер: – Заман қажет етіп отырған экономикалық интеграция үдерістері еліміздің дамуына қомақты үлес қосатыны анық. Оған Кеден одағы жұмыс істегеннен бергі аралықта осы үш мемлекеттің өзара тауар айналымы көрсеткішінің едәуір артқаны нақты дәлел болады. Келесі жылдың қаңтарынан үш мемлекет – Қазақстан, Ресей және Беларусь басшылары қол қойған Еуразиялық экономикалық одақ жұмыс істей бастайды. Бұл Одақтың біздің еліміз үшін тиімділігі қандай? Ол қатысушы мемлекеттердің экономикасын нығайтады, олардың рыноктағы мүмкіндігін кеңейтеді. Осыған дейін еліміз кәсіпкерлерінің алдынан жиі шығатын кедергілердің барлығы алынып тасталады. Олардың үш ел аумағында өздерінің бизнесін дамытуға жол ашады. Арасында мал шаруашылығымен айналысып жүрген біз де бармыз. Интеграциялық байланыстар отандық өнімдерді біртұтас рынокқа сатудың қолжетімділігін арттырады. Мысалы, еліміздің 2009-2013 жылдары Кеден одағы аясындағы экспорты 62,7 пайызға өскен екен. Болашақта Қазақстан тауарлары мен өнімдерінің экспорт көлемі еселеп артады деген сенімдеміз. Әрине, ол үшін біздің өнімдеріміз бәсекелестікке қабілетті болуы тиіс. Біртұтас рынок, сондай-ақ, Одаққа мүше елдердің инвестициялық тартымдылығын көтереді. Өз кезегінде бұл елімізде бірлескен кәсіпорындар құруға ықпал етеді, ол жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына жағдай туғызады. Ал жұмысы бар адамның тұрмысы нашар болмайтыны белгілі. Еуразиялық экономикалық одақтың тиімділігі осында жатыр. Роза РЫМБАЕВА, Қазақстанның халық артисі: – Асырып артық айтты деп ешкім айта алмас, бұрнағы күні бәріміз де Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылған тарихи оқиғаның куәгерлеріне айналдық. Сол ғажаптың ішінде жүрдік. Бұдан алған әсеріміз тіптен керемет. Осынау тамаша оқиғаға арналған салтанатты концертке қатысуым өмір-бақи жадымда жатталып қалары да сөзсіз. Қазақстанның, Ресейдің, Беларусьтің, Армения мен Қырғызстанның өнер және мәдениет майталмандары бір сахнада тоғысып бас қосты. Әрине, осы күні Астана Опера төрінде өнер көрсеткен барлығымыз үшін өз өнеріміз бен шығармашылығымызды бірнеше ел президенттерінің алдында айқара паш ету әрі құрмет бола тұра, сонымен бірге толқулы күй кешіргені де құпия емес. Еліміздің барша азаматтары сияқты, мен де болашаққа соншалықты үмітпен қараймын. Бұл одақтың біздің елімізге даму үшін, алға өрлеу үшін мол мүмкіндіктер ашатынына кәміл сенемін. Бұл дегеніңіз жаңа жұмыс орындарын құру, сондай-ақ, өнеркәсіп пен өндірісті дамыту, тағы басқалары болмақ. Күшті экономика үш ел азаматтары әл-ауқатының кепілі боларына да көзіміз жетеді. Осы жылдарда біздің арамыздағы мәдени байланыстардың үзілмегені де бір ғанибет жай. Мен бұрынғысынша Ресей мен Беларуське гастрольдік сапарлармен жиі шығып тұрамын. Алдыңғы күні де өзімнің бұрынғы әріптестеріммен және достарыммен сахнаға бірге шығу бақытына бөлендім. Сол үшін де қуаныштымын. Енді біз бір-бірімізге жиірек барып, біздің халықтар арасындағы достықты одан әрі нығайта түссек, соған керемет мүмкіндіктер туып жатса, қуанбай тұра аламыз ба? Шығармашылық адамдары мәдениеттер арасындағы алтын көпір екендігі осындайда білінеді ғой. Алтын асықтай екі ұлдың анасы – мен үшін, Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, осынау одақтың жастарға ғаламат көкжиектер ашуының да мәні зор. Ол жастар ең алдымен өз салаларында жақсы маман болып шығып, содан кейін осынау ұлан-ғайыр кеңістікте өз қабілеттерін жүзеге асыруы керек. АЛМАТЫ. Талғатбек АБАЙДІЛДИН, Парламент Сенатының депутаты: – Осыдан 20 жыл бұрын жария етілген идеядан Еуразиялық экономикалық одаққа дейінгі аралықтағы Елбасының ерен еңбегін ерекше атап кеткен жөн. О баста Нұрсұлтан Әбішұлының аузынан шыққан еуразияшылық идеясы араға біршама уақыт салып, өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Бұл Президентіміздің көреген саясаткер екенін тағы бір дәлелдеді. Негізінен, Еуразиялық экономикалық одақ аты айтып тұрғандай, экономикалық қарым-қатынастарға негізделетін аймақтағы ең бір белді ұйымдардың біріне айналғалы отыр. Қазірдің өзінде Кеден одағының еркін сауда аймағына қосылғысы келетін Түркия, Үндістан, Вьетнам сияқты елдердің қатары жеткілікті. Осының өзі ЕАЭО жақын болашақта тағы да бірнеше елмен толығуы мүмкіндігін көрсетсе керек. Бұл өз кезегінде еліміздің сауда айналымын жақсартып, инвестиция мен жаңа технологиялардың келуіне негіз қалайтын болады. Оның үстіне соңғы жылдары Қазақстаннан экспортқа жөнелтіліп жатқан тауарлар көлемі артып келеді. Басқасын айтпағанда, кондитер өнімдері мен аккумуляторларымыздың экспорты 4 есеге, трансформатор – 11 есеге, ал автокөліктер 16 есеге дейін артыпты. Одақ аясында оның көлемін әрі қарай да айтарлықтай қол жеткізуге болады. Бұл ретте арзан саналатын теңіз тасымалына жол ашылып отырғандығын ескерсек, тауар тасымалына үлкен мүмкіндіктер туып отыр. Қазірдің өзінде оған барлық алғышарттар жасалып жатқанын айта кеткен жөн. Тағы бір айта кетерлігі, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылмас бұрын одан барлық саяси мәселелер алынып тасталды. Сондықтан да біздің болашаққа үлкен сеніммен қарап, соған лайық әрекет ететініміз анық.