Қазақстан • 21 Қараша, 2022

Балаларға – рухани базарлық

362 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының тамаша бір сөзі бар: «Балам деген жұрт болмаса – жұртым дейтін бала қайдан шықсын». Дана халқымыз бала тәрбиесіне, ақыл-ойының жетілуіне, болмыс-бітімі мен адами мінез-құлық­тарының қалыптасуына ерекше көңіл бөлген. Күні ертең елім, жерім дейтін жас ұрпақтың болуын қаласақ, балаларға жасынан жол көрсетіп, бағыт-бағдар беруге ұмтылғанымыз жөн. Ежелгі грек философы Платон «Бала тәрбиесі – мемлекеттің маңызды міндеті» десе, Абай да «Адамның бір қызығы бала деген» деп айтып кеткен. Демек баланың патриот азамат болып тәрбиеленуіне мемлекеттің қосар үлесі қашанда зор. Қоғам алдындағы жауапты міндет те осы.

Балаларға – рухани базарлық

Әрбір баланың өз арманы бар. Бала­лардың арманы – біздің арма­нымыз. Ұлы дала ұрпағының мәңгі жасауы үшін алдына қойған мақсаттарына қолдау көрсету қажет екенін бәріміз білеміз. Сол себептен олардың арман-тілектерін орындау еліміздің әр азаматына парыз болып қала бермек. Бабалар салған ізді, салт-дәстүрді, тәлім-тәрбиені қайтадан түлетіп, дара жол салып беру де міндет. Жаңа Қазақстан тарихындағы жаңа дәуір ұрпақтарын адами қасиеттер мен рухани құндылыққа тәрбиелеу, арман-тілектеріне жетулеріне әркез себімізді де тигізгеніміз жөн.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялағаны бекер емес. «Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек», – деген болатын Президент.

Дәл осы «Балалар жылы» аясында «Qazaqconcert» ұжымы көптеген жоба­ны қолға алды. 1 маусым – Халықаралық Балаларды қорғау күніне орай бастау алған «Жазғы кино» жобасы 2 айдан астам уақыт бойы өткізіліп тұрды. Бұл жо­бада көп­балалы, әлеуметтік тұр­ғыдан аз қамтылған отбасылардан шық­қан, ерекше көмекке мұқтаж бала­лар мен жасөспірімдерге Балалар үйіндегі тәрбиеленушілер ша­қырылып, отандық кинотуындылар мен қазақша мультфильмдер тегін көрсетілді. «Жазғы кино» жобасының «Қазақфильм» АҚ, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік ор­­талығы» КеАҚ және Астана қаласы әкім­­дігімен бірлесіп жүзеге асырылғанын айта кету керек. Көптеген ұстаздар мен ата-ана­­лардың өтініштері бойынша жоба «Жас кино­­ман» ретінде өз жалғасын тапты.

Әр фильмнің көрсетілімі алдында бала­ларға арналған мерекелік шоу-бағдарлама, актерлік құраммен кездесу­лер мен мүсінші гиперреалист Айдос Ес­мағамбетов, суретші Гүлмира Телғозие­ва және костюмер-дизайнер Сандуғаш Толымбектің танымдық шеберлік сағат­тары, экскурсиялар мен жеке көр­ме­лері жиі ұйымдастырылып тұрды. Атап айтқанда, Суретшілер одағының мүшесі Шымырбек Мейірімнің «Ғажап әлем» және суретші Сейсенбі Айбар­дың «Big dream books» баспа орталығы­ның көрмелері көрермендер назарына ұсынылды. Сонымен қатар балалар кино көріп қана қоймай «Аstana sazy» фольклорлық ансамблінің өнер­паз­дары, «Astana musical» мем­лекеттік театрының актерлері және «Қазақ­кон­церт» әртістері ұсынған түрлі кон­церттік іс-шараларды тамашалады.

ьт

Жоба аясында ұсынылған отандық туындылардың шығармашылық ұжымы қонақ ретінде келіп, көрермендермен кез­десулер өткізіп отырды. Атап айтсақ, ­­1­ маусым күні балалар назарына ұсыныл­ған «Менің атым Қожа» көркем фильмі­нің көрсетіліміне Қожаның рөлін сомда­ған Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері, актер, сценарист, кинодраматург Нұрлан Санжар, Жанардың рөлін сомдаған Гүл­нар Құрабаева, «Менің атым Қожа» повесін жазған әйгілі жазушы Бердібек Соқпақбаевтың қызы Самал Соқпақбаева және фильм режиссері Абдолла Қар­сақ­баевтың ұлы, режиссер Тоқтар Қар­­сақ­баев өз отбасымен, «Ертөстік», ­«Мұз­балақ» анимациялық фильмдері­нің көрсетіліміне осы туындылардың ре­жиссері Қасиет Сақиолла, «Кенже қыз» анимациялық фильмінің илюстраторы Камила Жакиянова балалармен кездесіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. «Нартай» фильмінде басты рөлдерді сомдаған актер Шарипбек Закиров және актриса Анна Старченко келді. Мемлекеттік ака­демиялық Корей музыкалық комедия театрының музыкалық жетекшісі, фильм композиторы Тен Родион Вячеславович «Нартай» фильмінің саундтрегін кіш­кентай көрермендерімізге орындап берді. «Ұлы Дала Таңы» фильмінде жас Қасым ханның рөлін сомдаған театр және кино актері Данияр Уразаев пен Алтынбике рөлін сомдаған жас актриса Дильназ Ертаева да балалармен жүздесті.

Сондай-ақ «Паралимпиец» фильмі де кішкентай көрермендеріміз үшін бірнеше рет көрсетілді. Режиссер Алдияр Байракимов және сценарист Венера Қайыржанова, басты рөлді сомдаған актер Асқар Илясов, екінші пландағы ак­тер Жалғас Жанғазин, қоюшы режис­сер Азамат Жанабеков және фильм ком­позиторлары Әділжан Толықпаев пен Шырын Базаркұлова да балалармен кездесіп, фильм жайында өз ойларымен бөлісті. Көрсетілім алдында концерттік залдың фойесінде «Saz and Soul» тобы өз репертуарларындағы әндерді және фильм саундтрегін орындап берді. Осы кино туралы бір оқиғаны айтқым келіп отыр. «Паралимпиец» фильмі аяқталған соң, мүгедек арбасында отырған жас көрермен «Мен енді ешқашан мына ар­бада отырмаймын» деп, орнынан тұрып, залдан шығып кете барды. Барлық жұрт әлгі балаға таңқалып, ұзақ қарап тұрды. Көр­діңіздер ме? Осындай мағыналы ки­но­туындылар адамдарға мотивация береді.

«Жазғы кино» көрсетілімінің көрер­мен­дері ретінде елордамыздың мек­теп­терінде ұйымдастырылған «Жаз­ғы лагерь» балалары, Балалар үйінің тәр­биеленушілері, «Мұра» акционер­лік қоғамының және Астана қаласы әкім­­дігінің «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының инклю­зив­ті балалары, «Алтын домбыра» өнер мектебі, «Жаңа белес» мектебі мен «Хас сақ» спорт орталығының балалары, елор­да­мыздың қонақтары және ата-анала­ры өз балаларымен келді. Аталған жоба бо­йынша маусым айынан бері 25 мыңнан астам балаға отандық кинотуындылар мен мультфильмдер тегін көрсетілді. Атал­мыш жоба қыркүйек айында басталып, жыл сайын жалғасын таба бермек.

Сонымен қатар «Қазақконцерт» бала­ларды өнерге баулып, олардың мәде­ни талғамын қалыптастыру мақ­сатында «Балалар филармониясы» атты жаңа жобаны бастады. Жоба аясында бүлдіршіндер үшін 2022 жылдың әр сенбі күні «Қазақконцерттің» айту­лы өнер ұжымдары мен танымал әртіс­тері дәріс-концерттер, шеберлік сабақ­тар, экскурсиялар өткізіп, кәсіби шебер­лік­терінің сырымен бөлісуде.

Дәл осы үрдісті жалғастыра отырып, «Қазақконцерт» ұжымы «Аstana Muzical» мемлекеттік мюзикл театры бала­лар­ға арналған «Алдар көсе» мю­зиклін жел­тоқсан айында кішкентай көрер­мендер назарына ұсынғалы отыр.

Балалар жылы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау мақсатында жақында «Qazaqconcert» мемлекеттік концерттік ұйымы «Арман асулары» фестивалінің гала-концертін де өткізді. Еліміздің болашағы балалардың арман-тілектерін орындау үшін осындай бір жобаны қолға алған жайымыз бар. Фестиваль барысында Қазақстанның барлық аймақтарынан ерекше қажет­тілік­тері бар дарынды балаларды жинап, бір арнада, бір бағытта өнерлерін көрсетулері үшін жағдайларын жасауға тырыстық. Жобаға қатысушы өнерпаздардың «Би өнері», «Вокалдық өнер», «Аспапта орындау», «Әнді ым-ишарамен орындау» және «Ұлттық киім дизайны» жанрлары бойынша көрсеткен өнерлеріне тәнті болдық. Осы іс-шараны өткізгеннен кейін де көптеген балалар мен ата-аналардан және ұстаздардан жақсы пікірлер алдық. Әр жыл сайын өткізіп тұру өтініштерін де айтты. Гала-концертте дарынды балалар Роза Рымбаева, Айжан Нұрмағамбетова, Құрмаш Махан, Азамат Жылтыркөзов, Салтанат Меңдіғалиева, Әлібек Әлмәдиев, Рухия Байдүкенова, Дидар Әбдіхалық, «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «TURAN» фольклорлы-этно­гра­фиялық ансамблі, «Меломен» тобы, «Forte Trio», «Saz&Soul», Әділхан Макин, Гүлдана Акимова (флейта) сынды «Қа­зақ­концерттің» солистері, танымал өнер жұлдыздары мен шығармашылық топ­тарымен бірге сахнаға шықты. Орта Азия­­дағы ең алғашқы «Қанаттылар» инклю­зивті театрының әртістері де өз өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ «Qazaq­stan» Орталық концерт залында жас өнерпаздардың бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер туындылары қойылды.

Фестивальге еліміздің әр өңірлерінен көптеген жас өнерпаздар келді. Атап ай­татын болсақ, Түркістан, Шымкент қала­ларынан, Шығыс Қазақстан, Абай, Қа­ра­ған­ды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыс­тарынан, Астана қаласындағы BINOM мектебі мен «Нұрлы жүрек» мек­теп-интернатынан 150-ге жуық дарынды балалар қатысты. Сонымен қатар гала-кон­цертте XVII «BI Жұлдызай» фести­валінің лауреаты Рузахмет Валиевтің орындауында «Мейірім керек» атты жаңа бейнебаянның тұсаукесері өтті.

Қай заманда болсын, қандай қоғам­да болсын бала тәрбиесі өзекті де маңызды. Ең алғаш шыр етіп дүниеге кел­геннен бастап, өз тілін, дінін, салт-дәс­түрін, руха­ниятын, тарихын бала сана­сында орнықтыруға тырысуымыз керек. Ұлттық тәр­бие, ұрпақ мәдениеті, міне, осыдан басталады.

пр

 

Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА,

«Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» директоры,

композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері