Алайда, қазір аталған зауытта жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соған байланысты газ жеткізу көлемі 35 пайызға қысқарып, 3 785,161 тоннаны құраған. «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-ның мәліметінше, жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде аталған зауыттан тәулігіне 90 тонна газ жеткізілсе, 6 қарашадан бері бұл көрсеткіш – 60 тонна. Бұл автогаз құю стансаларындағы газ тапшылығы қалыптасуының бірден-бір себебіне айналды. Енді зауытта 19-25 қараша аралығында болжамды газ өндірісі тәулігіне 800 тоннаны құрайтын болады.
Кәсіпорынның баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа қарағанда, өнім өндіруге қатысты өндірістік бағдарлама ай сайын жасақталады. Зауытта жүргізіліп жатқан жоспарлы алдын алу, жөндеу жұмыстары ескеріле отырып жасақталған өндірістік бағдарлама бар. Соған сәйкес, 1-8 қараша аралығындағы сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі 427 тоннаны құраған. Ал 9 қарашадағы көрсеткіш бойынша 640 тонна сұйытылған мұнай газы өндіріліп, тұтынушыға жөнелтілген. Бұл – жоспарланған көрсеткіштен 212 тоннаға артық.
«Сұйытылған мұнай газын өндіру көлемін арттыру жөндеу жұмыстары кезінде облыста газ дефицитін болдырмау үшін жасалған. Бұған қосымша облысты сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету үшін 9 қарашадан бастап «ПХСНГ» ЖШС-да қазан айынан бері зауыттың техникалық қажеттіліктері үшін сақтаулы тұрған 270 тонна СМГ жөнелтіле бастады. Қазан-қараша айына жоспарланған газ өндіру көлемі жөнінде «АМӨЗ» ЖШС жөндеу жұмыстары басталмас бұрын Энергетика министрлігі мен Атырау қаласының әкімдігіне ресми түрде хабарлады», деп ақпарат таратты зауыттың баспасөз қызметі.
Әрине, автогаз тапшылығы жергілікті әкімдік пен Энергетика министрлігінің назарынан тыс қалған жоқ. Олар Атырау облысының тұтынушыларына газ жеткізуді тұрақтандыру үшін ұйымдастыру жұмысын жүргізуді қолға алды. Мәселен көршілес Ақтөбе облысындағы «Gas Processing» компаниясынан 400 тонна, «Қазақойл Ақтөбе» компаниясынан 700 тонна газ жеткізу жоспарланып отыр. Энергетика министрлігі Атырау және Батыс Қазақстан облыстарын автогазбен үздіксіз қамтамасыз ету үшін сұйытылған мұнай газының қосымша көлемін бөлу бойынша жұмыс жүргізуді қолға алды.
«Атырау облысына қараша айына «Қазақойл – Ақтөбе» ЖШС, «Gas Processing Company» ЖШС мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ қосымша 2 108 тонна бөлді. Оның ішінде 16 қарашада 521 тоннасы жеткізілді. Батыс Қазақстан облысына қараша айына «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-дан қосымша 504 тонна бөлінді. Орал қаласында орналасқан «Жайықмұнай» ЖШС-мен күн сайын айырбастау негізінде кемінде 60 тонна сұйытылыған мұнай газын тиеп-жөнелте отырып, қосымша 400 тонна бөлу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл Атырау мұнай өңдеу зауыты толық жұмыс режіміне шыққаннан кейін өтелетін болады», деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ Энергетика министрлігі «Теңізшевройл» ЖШС басшыларымен Батыс Қазақстан және Атырау облыстарына 1 600 тоннадан қосымша сұйытылған мұнай газын бөлу туралы келісім жасады. Қазір сұйытылған мұнай газын өткізуші субъектілер Энергетика министрлігі бөлген газ көлеміне жоғарыда аталған зауыттармен келісімшарт жасап жатыр.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ ақпаратына сәйкес, Атырау мұнай өңдеу зауытында ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 7-14 қараша аралығында сұйытылған мұнай газын сақтау паркіне айдауды тоқтатылған. Бұл зауыт толық жұмыс режіміне 28 қарашада шығатыны жоспарланып отыр. Алайда 23 қарашадан бастап қондырғыларды кезең-кезеңімен іске қосу жөнінде қабылданған шаралар тәулігіне 600 тонна сұйытылған мұнай газын өндіруге мүмкіндік береді. Бұл өнім сұйытылған мұнай газының жетіспеушілігін болдырмауға бағытталады.
Атырау облысы