31 Мамыр, 2014

Күн күлсін! Күнмен күлсін бүлдіршін!

449 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

* 1 маусым – Балаларды қорғаудың халықаралық күні

ERA_6331

Әрбір сәтіміз баланы қорғауға арналсын «Бала – адамның бауыр еті» деп жатамыз. Тіпті, дүние жүзі болып сәбилердің мерекесін атап өтіп, балақан­дарға қуаныш сыйлауға асығамыз. Өміріміздің жалғасы һәм мемлекетіміздің келешегі – балалары­мыз­­ға не қажет дегенде әуелі ойға келетіні денсаулық. Осы ретте еліміздегі педиатрия саласының жай-күйінен сыр тартпақ ниетпен отандық балалар хирургиясының атасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Камал Ормантаевпен әңгімелескен едік. – Камал аға, балалар­дың халықаралық мере­кесіне орай әңгімеңізді бала ден­сау­лығына қатысты мәсе­леден бастасаңыз. – Әлемде балаларды қорғай­тын және балалардың мәселесі­мен терең айналысатын БҰҰ-ның арнайы бағдарламасымен жұ­мыс істейтін ЮНИСЕФ дейтін ұйым бар. Оның бергі жағында 1996 жылы біздің елімізде қабылданған «Балалар құқығы туралы» Заң да бар. Бүкіләлемдік ұйымдар­дың әрекеті өз алдына, өзімізде қабылданған заң қандай деңгейде жұмыс істеп тұр деген сұрақ әрқайсымыздың көкейімізде тұр. 1959 жылы Алматы медици­налық инсти­тутының педиатрия факультетін бітіргеннен бас­тап балалар денсаулығымен тұ­рақты айналысып келемін. Еге­мен ел болдық деп бұған дейін қолданылған озық тәжірибелерден бас тарту қаншалықты ақылға қонымды? Кеңес дәуіріндегі медицинада жақсы дәстүр мен шипалы тәсілдер де болды. Ең бастысы, ол кездің өмір тәжірибесінде маман даярлау, шәкірт тәрбиелеу деген секілді мемлекеттің нығаюына қызмет ететін жақсы жүйе бар еді, қазір сол бағыттан ажырап қалдық. Оған дәлел ретінде осыдан 7-8 жыл бұрын еліміздің медицина мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарында педиатрия факультетінің қысқарып кетуін айтар едім. Педиатр маман даярлайтын факультеттер ТМД көлеміндегі барлық респуб­ликаларда бар. Әлемнің іргелі елдері де, тіп­ті, медицина­сы шарықтап дамып кет­­кен­ мемлекеттер де бұл саладан бас тарт­қан­ жоқ. Мәселен, сәби өмір­ге келген соң­ жылайды, мазасызданады. Қай жері ауыратынын айтуға тіл жоқ. Оның мазасыздану себебін анықтайтын сол сала­ның дәрігері керек. Одан кейін нәрестенің хал-ахуа­лын анықтайтын арнайы аппаратура керек. Ме­ди­циналық құрал-жабдық күннен-күнге көбейіп келе жатқанымен, медицина мамандарының білім деңгейі әлі төмен деген ойдамын. – Қазір теледидардағы жа­ңалықтар арасында нәрестенің шетінегенін де көрсетіп жатады. Дәрігер білімсіз бе, ата-ана дімкәс пе әлде журналист дау­кес пе деген сауалдан бұ­рын осындай жаңалықтарға көз­қа­расыңыз қандай? – Телеарналардан «бір сәби шетінеді» деп хабар таратады. Әлгі баланың ата-анасы жылайды, соттасады. Сәби өлімінің себебі қандай? Біріншіден, нәрестеге диагностика дұрыс жасалмаған. Екіншіден, қате қойылған диаг­ноздың кесірінен емдеуі де дұрыс жүргізілмейді. Үшіншіден, емдеу аппараттары жоқ немесе ондай құрылғыны пайдалана алмайтын мамандар бар. Түптеп келгенде, көп жағдайда журналистер бірден дабыл қаға жөнелмей, сәби өлімінің себебін зерттеп, оқиғаның ақ-қарасын анықтауы керек қой. Мәселен, қазір іштен туабітті науқастар көп, экологияның, ата-аналардағы аурулардың тұқымқуалаушылығы секілді түрлі себептермен өмірге денсаулығы нашар болып келетін нәрестелер кездеседі. Ондай сәбилердің көбіне тіпті ем қонбайды да. Қазақшалап айтқанда, өмір сүретін бала – сүреді, шетінейтін сәби – шеті­нейді. Амал бар ма?! Құдайдың басқа салған шарасына төзімділік танытып, сабыр қылғаннан басқа амал жоқ. Рас, кейбір сәбидің өлімі дәрігерлердің қателігінен болады. Міне, соны анықтап алып барып көпке жария ету керек. Меніңше, нәресте тағдырына қа­тысты ақпаратты таратпас бұрын оны әбден зерттеп, себебі мен салдарын саралап барып мағлұмат берген жөн. Арзан сенса­ция үшін дау қуып, өзгелерді де әуреге са­­­лып, ел ішін дүрліктіруге ұмтылмаған абзал. – Елімізде балалар дәрігері жеткілікті ме, жетіспесе оған не себеп? – Қазір балалар дәрігерін да­йындау үшін медициналық оқу орындарында небәрі 2 жыл бө­лін­ген. Бұл дұрыс емес. Жалпы адам баласында 14 мың ауру түрі кездеседі дейтін зерттелген мәлі­мет бар. Соның бәріне диагнозды дұрыс қою үшін терең білім мен нақты тәжірибе керек. Ал жоғарыда айтып өткеніміздей, тілі жоқ сәбидің дертін анықтау үшін қандай талап, нендей біліктің керек екенін түсіне беріңіз. Сон­­­­дық­тан да 2 жылдық интернатура­­да дұрыс маман даярлау мүмкін емес. Балалар дәрігерінің өзі сала­лық ерек­шеліктері бойынша 21 түрлі болады. Интер­натураны тәмамдағаннан кейін ұзақ жылғы ізденістердің аяғы, яғни оқудың 7-8-ші жылдары резидентурамен жалға­сады. Бұл кезде көптеген қыз балалар тұр­мыс құрып, өздері бала сүйіп, оны жал­ғас­тыра да алмай қалады. Содан медицина мамандарының сапасы төмендеп, елімізде дәрігер жетіспеушілігі байқалып отыр. Дәрігер неге жетіспейді? Өйткені, дәрі­гердің алатын жала­қысы төмен. Пәлен жыл оқып, жұмыс істегенде алатын айлығы мардымсыз. Бірді-екілі баласы бар жас отбасы үшін болымсыз ақшамен күн көруге бола ма. Амал жоқ, ел медицинасына керек­­ті жас мамандар дипломдарын алған соң фар­ма­­цевтикалық компанияларға, жекеменшік кли­никаларға, дәріханаларға немесе жеке биз­неске кетеді. Ал дамыған елдерде олай емес. Шетелдерде заңгерлер мен дәрі­гер­лер­дің жағдайы жақсы, олар тек өз саласын зерттеп, білімі мен тәжірибесін ұштай түседі. – Қайтсек отандық медицинаны дамытамыз? – Отандық медицинаны дамыту үшін медицина ғылымымен айналысу керек. Дәрігерлердің өздері. Шетелдік ғылыми кеңес­терге, конференциялар мен сим­по­зиумдарға қатысуы керек. Ғы­лыми жұмыстарын әлемдік ортада талқыға салып, үнемі басқа елдердің тәжірибелерімен тығыз байланыста болуы қажет. Мәселен, мен сұхбат берген­де Ресейдің тәжірибесін, ме­ди­циналық амалдары мен дәрі-дәрмекті қолдану үлгісін айтсам әркім әр саққа жүгірте жөнеледі. Ресей алып мемлекет қой. Оларда халық та көп, халық ішінде білімді ғалымдары да жетерлік. Мына интеграция дегенді пайдаланып неге біз солардың озық тәжірибесі мен айтулы үлгісін өзімізге сіңірмейміз?! Бір ғана мысал, 2011 жылы Ресейде өткен І Халықаралық медицина конференциясына бірде бір қазақстандық дәрігер маман қатыспаған. Көршілес рес­публикалардан, мынау тұрған Өзбекстаннан 32, Армениядан 38, Вьетнамнан 19, Қырғызстаннан 26 адам, ал Моңғолиядан 23, сонау Никарагуадан 26 адам келіп қатысады, ал Қазақстан тізімде жоқ. 2012 жылы ІІ Халықаралық медицина конференциясы тағы өтеді де, Армения, Өзбекстан, Қырғызстандар қатысып, бізден жан баласы бармаған. Бұдан кейін отандық медицина қалай өркендемек?! Міне, осы орайда интеграция­ны неге мемлекет мүддесі үшін тиімді пайда­лан­басқа? Шет­елдермен мәдени қарым-қаты­насымыз жақсы екен, соны ел мүддесіне орайлы қолдана білсек те жарар еді. – Ұрпақ азбасын, зәуза­ты­мыз мықты болсын десек не істеуіміз керек? – Ұрпағымыз азбасын десек, болашақ ата-ананың денсаулығын дұрыстауымыз керек. Сәбилерге құнарлы, таза, сапалы ас беріп, бала жастан спортпен айналысуына, жүзу, жүгіру секілді дене қимылдарын көбірек жасауға көңіл бөлген абзал. Әрине, балаларымыз аман-сау өссін десек – бала дәрігерінің білімді бо­луы­­на, қаптап кеткен дәрі-дәр­мекті қолданбайтын амалын қарас­ты­руға күш салуымыз қажет. Және балаларды қорғауды бүкіл әлем болып бір-ақ күнде атап өтпей, әрбір күніміз соларды сақтауға, қорғауға арналуы тиіс деп есептеймін. Әңгімелескен Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. IMG_4368

Талантымен танылған Еділ

Баладан асқан бақыт бар ма?! Дүниені жаңартқан алыптар да, ғұламалар да, мемлекет қай­раткерлері де сол балалық дәуірді бастан кешірген. Баланы бақытты етіп өсірген елдің келешегі кемел, өрісі кең, бақыты баянды болады. Атам қазақ: «жетім жыласа жер жылайды» деген. Бұл ақиқат сөз. Өмір есігін шыр етіп ашқан бейкүнә сәбидің бәрі бірдей. Өсе келе өзгереді. Олар жақсы қамқорлықты, үлгілі сөзді, өнегелі істі, адамдардың арасындағы рия­сыз сыйластықты, мейірім мен шапағатты, азаматтық пен адам­дықты, кісілік пен кішілікті көріп өссе жаңылмайды, жаман болып өспейді. Кейде біз өз бойы­мыздағы жұға қалатын жат қы­лықтарымызды ескермей, бала­лардың бойындағы үйлесімсіз қасиет­тер көрініп қалса, соған ренжіп, тәрбиесіз дейтініміз бар. Шын­дығына келгенде сол тәрбие­нің де, тәлімнің де алдыңғы толқын­ның мойнында екенін ұмыта­тынымыз өкінішті-ақ. Еділ ТұрсыновОсы күндері қамқорлықсыз қалған жетімге, қараусыз қалған балаларға қамқорлық жасау жөнінде елде алуан түрлі пікірлер бар. Бұл қиын түйін мәселеге оң көз­қарас танытып, игілікті істерге ұйытқы болып жүрген бір меке­менің жанашырлық жұмы­сына тоқталып, өзгеге үлгі етуді жөн көрдік. Ол – «Әскери­лендірілген темір жол күзеті» (ӘТЖК) акционерлік қоғамы еді. Қоғам соңғы кездері тағдыр тәлке­гімен балалар үйінде тәрбиеленіп жат­қан бейкүнә ұл-қызды қамқор­лықтарына алып, барлық жағ­дайды жасау үстінде. Бұл туралы біз басылымның бұрынғы нөмірлерінде де айтқан едік. Осы жолы «ӘТЖК» АҚ Дос­тық стансасындағы фи­лиалы «Айналайын балалар үйі» мем­лекеттік мекемесінің тәрбие­ле­нушісі Еділ Тұрсынұлы Үсеновті патронаттық қамқорлыққа алған. Еділ 2004 жылы мамырда Алматы облысы Үшарал қала­сын­да туған. Анасы 2012 жылдың сәуірінде қайтыс болғаннан кейін, оны Талдықорған қаласындағы «Айналайын» балалар үйі өз қамқорлығына алған. Әкесі заңды түрде жоқ. Еділге тәрбиелі, ашық, талантты, көпшіл, жүрегі жұмсақ бала деп мінездеме беруге болады. Ол футбол ойынын өте жақсы көреді. Өзін жақсы ойыншы ретінде көр­сетіп жүр. Футбол үйірмесіне қатысады. Бүгінгі таңда доп ойнау техникасын жақсы меңгерген. Оның спортпен шұғылдануы өзге пәндерді, нақтылай түссек: мате­матика, еңбек, сурет секілді сабақ­тарды жақсы оқуына, жоғары баға алуына ешқандай да кедергі келтірмейді. Еділ сурет сабағынан кілең бес алатын үлгілі оқушылар қатарында екен. Талант­ты бала өзінің суретіне арқау етіп, қазақ жазушыларының әңгі­мелері мен халық ертегілерінің кейіп­керлерін алуды жақсы әдетке айналдырған. Мектепте әртүрлі тақырыпта өтетін сурет салу конкурстарына қатысып, жүлдегер атанған. Еділ салған суреттердің көбі мектептің қабырға газетінде жарық көріп келеді. Ол мектепте өтетін барлық шараларға бел­сенді түрде қатысып, өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен де танылуда. Әсіресе, оның шығар­­ма­­шылық талантын ерекше атап өтуге болады. Спортты серік етіп, су­­рет­шілік өнерді өмір жолына ба­лаған жастың денсаулығы өте жақ­сы екен. Мұны балалар үйі­нің дәрігері Г.Әукенова да рас­тайды. «ӘТЖК» АҚ-тың әрбір қыз­мет­кері жылына Еділге бір рет 500 теңгеден әлеуметтік көмек көр­сетуді өздерінің азаматтық парызы санайды. Жиналған қаражат Еділдің білім алуы үшін оның есеп шотына ағымдағы жылдың мау­сым айында аударылады. Жал­пы алғанда, бүгінгі таңда атал­мыш қоғам ұжымы 16 баланы пат­­ро­наттық қамқорлықтарына алғанын да айта кетуді парыз санаймыз. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан». Астана.