Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»
Өкінішке қарай, аталған өзгерістер несібесін осы саладан теріп жүрген ірілі-ұсақты шаруа қожалықтарының шымбайына қаттырақ батып кетті.
Кеңес дәуірінен келе жатқан ортақ қазанға бидай, ет жіберу саясаты кейінгі отыз жылда экспорттық саясаттың қазығына айналғаны белгілі. «Бидайдан алдамыз» деген қатып қалған біржақты көзқарас экспортта ұнның емес, бидайдың бәсін арттырып, ұн өндірушілерді тасада қалдырды. Ұн өндіруішілер кейінгі 3 жылда ұн экспорты 50 пайызға қысқарып, есесіне бидай экспортының көлемі артып кеткенін айтып дабыл қақты.
Қазақстан астық өңдеу одағының басшысы Евгений Ганның айтуынша, «Отандық өндіріс тауарларының экспорты кезінде көлік шығындарының бір бөлігін өтеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрық заңнама талаптарын бұза отырып қабылданған.
Бидай экспорты мен ұн экспорты арасындағы айырмашылықты салыстырсақ, бидайдың бәсі, ұнның бәсекесі жоғары болып тұр. Осының салдарынан 2021 жылы ұн экспорты 1 млн 388 мың тоннаға, 2020 жылы 1 млн 595 тыс тоннаға кеміп кетті.
– Бұйрықтың жаңа нұсқасын дайындауға ауыл шаруашылығы саласы мамандарын қатыстырып, тиімді салалар айқындалуы қажет. Ереже күшінде қалса немесе оған мүдделі топтардың жетегінде кетсе нарықта ұн өндірушілер батып бара жатқан кемеге ұқсайтын болады, – дейді Е.Ган.
Оның айтуынша, тереңдетіп өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын қолдау тетіктері бізде бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын Сауда және интеграция министрлігі индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеудің тетіктерін қолданысқа енгізді. Кәсіпкерлердің пайымдауынша, басқа ережеге бас қатырмай тетікті ұн экспортына қолдануға болады. Бұл шешім тым болмағанда ұн экспортының қазіргі деңгейін сақтап тұруға мүмкіндік берер еді.
Сауда және интеграция министрлігі ұсынған бұйрықтың алғашқы нұсқасында кәсіпкерлерге құрақ қант, үйеңкі қант, консервіленген жержаңғақ, экзотикалық шырындар отандық тауарлар тізіміне еніп кеткені ұнамады. Тіпті бұл тізімде қайықтың желкендері, бамбуктен дайындалған төсеніш-кілемдер де бар болып шықты.
– Мемлекет басшысы қабылдаған шешімдер мен оның алға қойған міндеттерін жүзеге асыру қажеттігін түсінбейтін немесе жүре тыңдайтын адамдар әлі бар секілді. Президент өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды қолдау керектігін жиі айтады. Ал жобалық деңгейдегі ережеде қамтылған жайттар мүлдем керісінше болып отыр, – дейді Е.Ган.
Майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы Ядықар Ибрагимовтің пікіріне ден қойсақ, транспорттық-көлік шығыны субсидия арқылы өтелетін тауарлар тізімін бізде дайындалатын, сыртқы нарықта сұранысқа ие тауарлармен толықтыру қажет. Бұл мүмкіндігімізді пышыратып алмау үшін керек. Ауыл шаруашылығын субсидиялауға миллиардтаған инвестиция салынғаны белгілі. Бірақ нәтиже аз. Көмек діттеген жерге дер кезінде жетпейді немесе Астанадан бөлінген қаржы ауылға жеткенше тиын-тебенге айналады.
– Жағдай осы қалыпта жалғаса берсе, халықты қолжетімді әлеуметтік маңызы бар тауарлармен қамтамасыз ету міндеттерін орындаудың өзі мұңға айналады, – дейді Я.Ибрагимов.
Көрші елдер дайын өнім өндіру үшін шикізатты бізден сатып алатыны осыған дейін де талай рет айтылған. Мұндай жағдайда мал бағып, жер жыртып жүрген ағайынға шикізаттың бәсі басым болары анық. Я.Ибрагимовтің баяндауынша, былтырғы шикізат экспортын шектеу туралы шешім бағаның тұрақтылығына әсер етті. Әлемдік нарықта күнбағыс майының бағасы 59 пайызға өскенде, еліміздегі жағдай тұрақты болды. Тіпті май өңдеу 46 пайызға ұлғайды. Биыл елде шамамен 1 млн тонна күнбағыс дәні жиналды. Біздегі зауыттардың әлеуеті 3 млн тонна күнбағыс майын шығаруға жетеді. Шикізат емес, дайын өнім экспортына көңіл бөліп, транспорттық-көлік шығындарына мемлекеттік қолдау арқылы дем берсек, күнбағыс өсіретін фермерлердің қатары артар еді.
– Тазартылған сұйық майды дайындаудың шығыны тазартылмаған майға қарағанда 4 есе көп. Бізге тазартылған сұйық май өндірісін ұлғайту үшін тек экспорттық қолдау жеткіліксіз. Ішкі нарықта да қолдау көрсетіліп, өндірістік шығын, көлік шығындары ескерілмесе, Ресей өнімдерімен бәсекеге түсе алмаймыз, – дейді Я.Ибрагимов.
Үкіметтің экспорттық саясатында дайын өнімді экспорттауға қатысты Президент қойған міндеттерге сәйкес келе бермейтін тұстар бар. Мәселе тек шикізат экспорты арқылы шешіле берсе, өткенге қайта ораламыз. Ал өткеніміз – шикізатқа бағытталған экономика, Я.Ибрагимовтің айтуынша, еліміздің майлы дақылдарды өңдеу саласының жай-күйі де, экспорттық көрсеткіші де жаман емес. Егер экспорттық нарықта ғана емес, ішкі нарықта да қолдау көрсетілсе, транспорттық-өндірістік шығындарды өтеуге демеу жасаса, қалған мәселені нарықтың өзі реттейді. Бұл мәселе жуырда Парламентте көтерілді. Арада бірер күн өткенде Сауда және интеграция министрлігі агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің алынып тасталған түрлерін көрсетілген тізімге қайтару туралы бұйрық жобасын әзірлегені белгілі болды.
Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Парламентте бұйрықтың жобасы мүдделі мемлекеттік органдарға – Индустрия және инфрақұрылымдық даму және Ауыл шаруашылығы министрліктеріне келісуге жіберілгенін, келісілгеннен кейін E-gov ашық нормативтік-құқықтық актілердің интернет-порталына орналастырылатынын айтты. Вице-премьердің айтуынша, ұн тартатын кәсіпорындардың тауарларын сыртқы нарыққа жеткізу әрі жылжыту бойынша шығындарды өтеуге қатысты барлық өтініш белгіленген тәртіппен қаралады. Сондай-ақ сыртқы нарықтардағы жұмысты күшейту үшін экспорттық бағдарламалар да әзірленбек. Олар бизнесті ынталандыруға, өткізу нарықтарын әртараптандыруға және экспорт көлемін ұлғайтуға ықпал ететін оңтайлы тарифтік мөлшерлемелер мен логистикалық маршруттарды белгілейді.
Сарапшылар бұл шешімді жауапты министрліктердің кері шегінуі немесе нарықтың жеңісі деп қабылдауға болмайтынын айтып отыр. Бұл бұйрық Дүниежүзілік сауда ұйымының заңдарына бейімделіп дайындалды. 2015 жылдың 1 желтоқсанынан бастап 2016 жылдың 1 желтоқсанына дейін 1 397 тауардың мөлшерлемесі төмендетілді. Бұл Дүниежүзілік сауда ұйымының жаңадан мүше болып қабылданған мемлекеттерге беретін алғашқы өтпелі кезеңіндегі жеңілдігі. Жеңілдік мерзімі біткен соң барлық сегментте ұйымның заңымен жүретін боламыз. Бұл ретте Сауда және интегарция министрлігі дайындап, өтпей қалған ережені Дүниежүзілік сауда ұйымының ортақ тәртібі деп қабылдауға болады. Себебі ұйымға дайындықсыз кірдік. Мүше болып қабылданғанымызға биыл – жеті жыл.
Елімізде өндірілген тауарлар алдымен Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің сүзгісінен өтеді. Шетелден тауар импорттауға немесе экспорттауға баж салығы Дүниежүзілік сауда ұйымының айдынында еркін қозғалуға кедергі екенін сарапшылардың бәрі айтып жүр. Себебі ЕАЭО-мен қоса Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше мемлекеттер арасында бекітілетін салықтық жүктемелеріміз тағы бар. Ал оның қайсысы экономикамызға тиімді деген мәселе бөлек тақырып.
Саясаттанушы Замир Қаражановтың пайымдауынша, екінші деңгейлі банктер шағын және орта бизнеске несие беруге ынта танытпай отыр. Ауылды көтеруге бағытталған мемлекеттің демеу-қаржысы ауылдың инвестициялық тартымдылығын көтере алмады. Соның салдарынан импорт пен экспорттың ара-жігінде айқындылық болмады. Экспорттық санатта көрсетілген тауарлардың үштен бірінің бетін тырнап қалса, арғы жағынан реэкспорт шыға келеді. Сауда және интеграция министрлігінің жай ғана бұйрығы ақтаңдақ тұстарымызды айғайлатып жібергеніне тағы да куә болып отырмыз.
З.Қаражановтың пікіріне қарағанда, транспорттық-көлік шығыны субсидия арқылы өтелетін тауарлар тізімінен ұн, кебек және құрама жемнің түсіп қалуын заң шеңберінде деп қабылдауға болар еді. Бидай ғана емес, ұн экспорты да мемлекеттің қолдауынан кенде болған емес. Бірақ түпкі нәтиженің қандай екенін көріп отырмыз. Бидай экспортына ден қойғанымыз соншалық, одан дайын өнім өндіруге болатынын естен шығарып алдық. Мемлекеттің экспортты қолдау және дамыту жүйесінде бидай, ұн экспорты ұстанымы барынша айқын көрсетілуге тиіс. Себебі ұн экспортының саланың іштегі-сырттағы логистикалық шығындарына беретін өтемақыны шектесек, барымыздан айырыламыз. Ұн экспортында ойланатын жайттар бар екені осыған дейін де айтылған. Кейінгі жылдары Өзбекстанға, Түрікменстанға жөнелтілетін ұнның кемігені байқалады. Өзбекстан біздің елмен түйіскен шекараның арғы жағына диірмен кешенін орнатып, бидайды тереңдетіп өңдеп, Ауғанстанға, басқа елдерге экспорттай бастады.
– Эскпорттық қолдау тізімі үнемі жаңартылып тұруға тиіс. Оңтүстіктегі фермерлердің ала жаздай баптаған қауын-қарбызы шіліңгір шілдеде Ресей, одан әрі Еуропа асатыны белгілі. Алма экспорты да бөлек талқыланатын тақырып. Бірақ бізге қажетті тұстар нақтыланбағандықтан экспорттық тауар мен реэскпортты шатастырып аламыз. Импорттаушылар тарифсіз реттеу шараларына басымдық берді. Бұл саладағы жүйесіздікті көбейтіп, мүмкіндігімізді шашыратып жіберді. Министрлік деңгейінде қабылданған ереже енді өтірікпен өмір сүре алмайтынымызды көрсетіп тұр. Алдағы уақытта экспорттық өнімдердің құрамына мемлекеттік деңгейде скринг жүргізілмесе, қант құрағын немесе бамбук кілемшесін өзімізде дайындадық деп есеп беріп, отандық өнімдер тізбегіне қосып жіберетіндердің қатары көбейе береді. Енді ереженің жаңа жобасына тек министрлік өкілдерін емес, осы саланың мамандарын да қатыстыру керек, – дейді З.Қаражанов.
АЛМАТЫ