Айта кетейік, осы кезге дейін бұл 2022 жылғы Ақ Олимпиаданы өткізуге 19 қала құштарлық танытып, арнайы тіркелген болатын. Бірақ уақыт өте келе, сол саптан өз еркімен шығып қалушылар қатары көбейе берді. Қазірге дейін осылайша 14 қала бұл бәсекені жалғастырудан бас тартып үлгеріпті. Мұны тәуелсіз сарапшылар соңғы кездері Олимпиада өткізуден ешкімнің пайда таба алмай келе жатқанымен байланыстырады.
Ал Алматыны осы шараға қосып отырған жауапты тұлғалар бұл пікірмен келісіп отырған жоқ. Дегенмен, 4 жылда бір келіп, айдай әлемді ақар-шақар ететін аламан жарыс өткен елдің қағанағы қарқ болып қалады деген ұғым шынында біртіндеп келмеске кетіп бара жатыр. Мұны биыл өткен Сочи Олимпиадасының қорытындысы тіпті, айқын көрсетіп берді. Қазір ірі жарыстар, керісінше, қазынаның қоржынын ортайтып кетеді деген ұғым қалыптасуда.
Қазір Алматыны қосқанда, жоғарыдағы тізімде 5 қала ғана қалды. Ал біздің Олимпиада комитеті 2022 жылы Алматы қысқы доданы өткізсе, 50 мың жұмыс орны ашылатынын, тіптен, қазір қала Олимпиадаға 62 пайызға дайын екенін мәлімдеп отыр. Бұл көрсеткіш 2017 жылғы Универсиададан соң 80 пайызға жетеді екен.
Алматыда өтуі мүмкін ақ Олимпиаданың бюджеті де осал емес. Бірақ Ұлттық Олимпиада комитеті еш нәрседен қысылып отырған жоқ. Бар-жоғы екі спорт кешенін салсақ, ХХІV Қысқы ойындарды өткізуге сақадай саймыз дейді олар. Енді 8 жылдан кейін өтуге тиіс осы дүбірлі доданың мекені келесі жылы жазда Малайзияда шешіледі.
Руслан ИГІЛІК.