Жыр додасын облыстық Мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров ашып, іс-шараның маңыздылығына тоқтады. Осындай сайыстарды ұйымдастыру арқылы жас талант иелері анықталатынын жеткізіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Қазақ өнерінің жетістіктерін насихаттап, оның өркендеуіне ықпал жасау, балалар арасындағы терме өнерін дамыту, жас дарынды термешілерді анықтап, оларға қолдау көрсету, сонымен қатар, оңтүстік өңірде қалыптасқан өзіндік дәстүрлі өнер мектебін көпшілікке насихаттау мақсатындағы «Бабадан қалған асыл сөз» облыстық жас термешілер байқауына 8-16 жас аралығындағы 14 үміткер қатысып, өнер көрсетті. Қатысушылар ереже бойынша екі шығарма, яғни оңтүстіктің мақамынан бір терме және еркін тақырыпта бір терме орындады.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Түркістан қаласының өнерпазы Бердалы Орынбасарға бұйырды. Ал Отырар ауданынан Жолдыбай Ерзат І орын иегері, Сайрам ауданынан Нышанбай Сұлтанмұхамед пен Төлеби ауданынан Мұрат Нұрғиса ІІ орын иегері, Арыс қаласынан Абдрахман Арман мен Түркістан қаласынан Инабат Оспан ІІІ орын иегері атанса, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының арнайы жүлдесі Түркістан қаласынан Әсел Арабдинге, Майлықожа Сұлтанқожа атындағы арнайы жүлде түркістандық Асылзат Мералыға бұйырды. Жеңімпаздарға арнайы статуэтка мен диплом және қаржылай сыйлық табыс етілді.
ТҮРКІСТАН