Қоғам • 22 Қараша, 2022

«Өнердің шынайылығы осы» деп, кейіпкерлерге былапыт сөз айтқыза береміз бе?..

442 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жуырда Парламент Мәжілісінің Мақпал Тәжмағамбетова бастаған бір топ депутаты Бас прокурор Берік Асылов пен Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың атына депутаттық сауал жолдап, кинотуындыларда, театрларда және әлеуметтік желілерде былапыт сөз айтуды тыю мәселесін көтерді.

«Өнердің шынайылығы осы» деп, кейіпкерлерге былапыт сөз айтқыза береміз бе?..

«Сахнаға шыққан әнші мас боп сөйледі, боқауыз да айтты, құтылды. Ұлттық құндылықтарды аяқасты еткендер тек кешірім сұраумен сытылды. Ал боқтық сөз насихатқа айналды. «Хит TV» телеарнасындағы «Qaz Stand Up» хабары – сөзіміздің дәлелі. Кейінгі кезде мазмұны, контексі боқауыз сөздерге толы сериалдар қаптап барады. Кинодағы мұндай көріністер барлық әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Осыдан екі жыл бұрын «Қайрат болма, адам бол» деген сериалда қазақтың рухты есімін жерге таптағанын көрдік. Мұндай веб сериалдардың бірі енді толықметражды фильм ретінде кинотеатрларға шықты. Бұған дәлел – дәл қазір Қазақстанның барлық кинотеатрында көрсетіліп жатқан «Пацанские истории» фильмі.

Әрине, 18+, 21+ жас санатына арналған мұндай фильмдерге ешқандай шектеу жоқ. Бірақ бұл әрекеттер біртұтас ұлттың тағдырына, қоғамға, идеологиямызға, мемлекеттік саясатқа кереғар әсер етіп жатқанын түсініп отырмыз ба?

«Кинематография туралы» Заңның 8-бабының 3-тармағында «Қазақстан Республикасының аума­ғында «21 жастан бастап» жас санаты бар фильмді кинозалдар мен осы мақсаттарға арналған өзге де орындарда жергілікті уақытпен сағат 22-ден кейін таңғы сағат 06-ға дейін прокаттауға жол беріледі» деп нақты көрсетілген. Ал бұл фильмдер кинотеатрларда кешкі сағат 18-ден бастап көрсетіліп жүр. Оң-солын танымаған жастар, ата-анасынан кешкі уақытқа сұранып шыққан жасөспірімдер емін-еркін көруде. Сонда бұл заңды білмеу ме, әлде көпе-көрінеу заңды белден басу ма? Жаңа Қазақстанда заң үстемдігін орнатуға күш салып жатқанда мұндай сорақылыққа кім және не үшін жол беріп отыр? Прокаттауға рұқсат беретін Мәдениет министрлігі бұған не дейді?

Жалпы, белең алып бара жатқан мұндай арзан күлкі, бейпіл сөз, белден төмен әңгімелерге толы бейнеконтенттер, фильмдер, сериалдар өз алдына, енді бейәдеп сахналар, сайқымазаққа айналған халықтық шығармалар театр­ларда көрсетіле бастады. Оның бір мысалы – Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық театрда сахналанған Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» шығармасы. Көрдік. Қатты сасқанбыз, бетті басқанбыз. Сөйтіп, қоғамның сұранысы деген желеумен ұлттық шығар­маларды да былғай бастадық. Мұндай әрекеттер қоғамға, өскелең ұрпақтың дүниетанымы мен санасына, тіпті әрірек айтсақ, мемлекетіміздің тұтастығы мен ұлттық ұстанымымызға кереғар екенін қо­ғам жанашырлары шырылдап айтып та жүр. Дамитын елде мәдениет қоғамдағы былықтың айнасы емес, ұлт руханиятына қызмет ететін құндылық болуға тиіс.

Жоғарыда айтылғандарды ескере оты­рып, мынандай ұсыныстарды жолдай­мыз: біріншіден, аталған киноның кинотеатрларда көрсетілу барысында заң талаптарының бұзылуына жол берген тиісті мекемелер прокуратура тарапынан тексеріліп, тез арада жауапқа тартылуға тиіс. Екіншіден, бұдан былай мұндай сорақылыққа жол бермеу үшін кино саласы жіті қадағалауға алынуы қажет. Бейінді министрлік прокат куәлігін берерде прокатқа шығатын фильмдерге қоғамдық пікір мен мемлекеттік саясат тұрғысынан талапты күшейтуге тиіс. Бұған қоса, әлеуметтік желідегі жария­ланымдарда, театрларда және басқа қоғамдық орындарда көпшілік қауымға арналған қойылымдарда сахна әдебі сақталуға тиіс», деген екен мәжілісмендер аталған депутаттық сауалда.

Жөн-ақ. Депутаттардың Бас прокурор мен Мәдениет және спорт министріне жолдаған ұсыныстары қазір әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, көпшілік тарапынан қолдау тауып отыр. Осы орайда Парламент Мәжілісінде бұдан бірнеше жыл бұрын да мәдениет пен кинематография туралы заң жобаларын қарау барысында кинофильмдер мен телесериалдарда былапыт сөздерді қолдануға тыйым салу мәселесі көтерілгені ойға оралады. Оны талқылауға Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты қызмет­керлерімен қатар, елімізге танымал өнер қайраткерлері мен кинорежиссерлер де қатыстырылып, қызу пікірталас өрбігені жадымызда. Нақты айтсақ, мәдениет саласының шенеуніктері Қазақстанда былапыт сөздер тізбесі жасалмағанын, оған көп уақыт керектігін айтып, кино­туындыларда боқтық айтуға тыйым салу­ға қарсылық білдірген. Оларға қос қолда­рын бірдей көтеріп қолдау көрсеткен өнер қайраткерлері мен кинорежиссерлер: «Егер көркем фильмдер мен телесериалдарда боқауыз сөздерді қолдануға тыйым салынатын болса, онда кейбір кейіпкерлердің образы толық ашылмай, кинотуындыға шынайылық жетіспей қалады», деген уәж келтірген. Ақырында, өкінішке қарай, сол кездегі мәжілісмендер енгізген кинофильмдер мен телесериалдарда былапыт сөздерді қолдануға ты­йым салу жөніндегі түзету жеткілікті қол­дау таппай, кейінге қалдырылған-ды. Соның салдарынан да болар, соңғы кезде отандық киноларда былапыт сөздерді қолдану тіпті жиілей түскен тәрізді. Бұған мәжілісмендер келтірген мысалдар айғақ.

Киноның адам санасына тигізетін ора­сан зор әсері хақында неміс философы Теодор Адорно: «Экран кейіпкеріне жа­сал­­ған озбырлықты көріп рақаттану кейін көрерменнің өзіне жасалатын озбырлыққа айналады», деген екен. Бұл сөз, әсіресе жас ұрпақ тәрбиесі үшін өте маңызды.

Шынтуайтында, қазақстандық қоғам­да мәдениетті, иманды адамға жараспайтын көргенсіздік болып саналатын былапыт сөзді айтушыларды жақтырмайтын көзқарас бұрыннан қалыптасқан. Сол себепті Әкімшілік құқық бұзушылық­тар туралы кодекстің 434-бабында қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу ұсақ бұзақы­лық болып танылып, оған жол берген кінәлі адамға 5 айлық есептiк көрсет­кiш мөлшерiнде айыппұл салу немесе 10 тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алу қарастырылған. Егер осындай әрекет бір жыл ішінде қайталанса, онда 15 тәулікке дейінгі мерзімге қамақ­­қа алу жазасы қолданылуға тиіс. Әйтсе де, осы заң нормасының іс жүзінде қолда­нылуы көңіл көншітпейтіні анық. Өйт­кені көшеде және қоғамдық орындарда боқ­тық сөзден ауызы босамайтын бейпіл­ауыз пенделер қатары көбеймесе, азаяр түрі көрінбейді.

Пайымдап қарасақ, біз сөз етіп отырған 434-бап толықтырылып, ол әлеуметтік желілерде «аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып» жататын боқтампаздарға да қол­данылса, ықпалы әлдеқайда пәрменді болар еді. Себебі көше мен қоғамдық орын­­дарға қарағанда әлеуметтік желіде жазыл­ған немесе айтылған былапыт сөзді дәлелдеу әлдеқайда оңай.

Түйіндей айтқанда, қолданыстағы заңнамаға әлеуметтік желілердегі бейпіл­ауыздыққа қатысты шара қолдану бойын­ша түзету енгізу және кинофильмдер мен телесериалдардағы былапыт сөздерге тыйым салу мәселесін шешу – Мәжілістің қазіргі депутаттарының еншісінде.