Экономика • 23 Қараша, 2022

Заманауи цех экспортқа жол ашады

189 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанайдың іргесіндегі алып өндірістік аумақта орналасқан «МТЗ-Қазақстан» серіктестігі бұған дейін Минск зауытынан әкелінген қосалқы бөлшектерден дайын «Беларусь» тракторларын құрастырумен ғана шектеліп келген. Таяуда осы тракторға арналған кабиналарды кәсіпорынның өзі жасап шығара бастады.

Заманауи цех экспортқа жол ашады

2018 жылы іске қосыл­ған кәсіп­орында алғашқы жылы желіден 150 трактор құрас­тыры­лып шығарылса, биыл оның саны 1 200-ге жетіп жығылады. Алдағы меже – сырттан тасымалданатын бірқатар бөлшектерді осы кәсіп­орында дайындау. Бүгінде зауыт жанынан жеке цех салынды. Бұл цехта ка­би­на әйнегі, радиаторлар, капот жә­не трактор кабинасының ішкі-сырт­қы қаптамасы мен түрлі қон­дырғы бөлшектер жасалатын болады.

– Дәл осы күндері өндіріс­ке қажет құрылғыларды орнатып жатырмыз. Жаңа цех іске қосылса, жылына 10 мың кабина жасап шығара аламыз. Кабиналар толықтай осы жерде жасалады. Өзіміздің теміригіш, дәнекерлеу, бояу құрылғылары­мыз болады. Тек металды ғана сатып аламыз да, оны кесіп, пішіп, иіп, дә­не­керлеп, бояп, нөлден бастап дайын­ кабина құрастырып шығарамыз. Қа­зір­ше, біздің тракторларымыз ішкі нарықта ғана саудаланып жатыр. Ал біз жоспарлап отырған жаңа өндіріс орны ең соңғы үлгі­дегі «Беларусь» тракторларын экспортқа шығаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Минск трактор зауытының өзін кабинамен қамтамасыз ету жоспарда бар, – дейді зауыт директорының орынбасары Валентин Дашкевич.

Қазір Қостанай трактор зауы­тындағы өндірістің жер­гі­лік­ті үлесі осы маңайдағы кәсіп­орын­дардан сатып алынатын ұсақ-түйек материалдар мен қол еңбегін қосқанда шамамен 20 пайыздай ғана болады. Ал өзі көздеген межеде кабина жасау­ға көшкен жағдайда, кәсіп­орын­да­ғы жергілікті өндірістің үлесі ­40 пайызға жуықтайды.

Зауытта қазір 75 адам еңбек етеді. Мұндағы жұмысшылар Минск трактор зауытына барып, бір-екі жыл сол жақта жұмыс істеп, біліктілігін арттырып, ше­берлігін ұштап отырады. Оның сыртында, кәсіпорында еңбек адамына қажет жағдайдың бәрі қарастырылған. Мысалы, ұзақ жыл ауылда механизатор болып еңбек еткен Боранбай Шәйкен қа­лаға көшіп келген соң, еңбек жағдайы қолайсыз болғандықтан бір жерге тұрақтап жұмыс істей алмаған. Трактор зауыты ашыла салысымен осында орналасқан Боранбай төрт жылдан бері тапжылмай бір орында жұмыс істеп келеді.

– Бұған дейін «Тазалық» серік­тестігінде трактор жүргіздім. Одан соң құрылыста да жұмыс істедім. Осы зауытқа кіргенше, бірталай жұмыстың басын шалдық қой. Нағыз тұрақтаған жерім – осы зауыт. Жұмысым жаныма жақын. Жалақым да тұрақты, уақытын­да беріледі. Бес күнгі жұмыстан кейін екі күнгі демалысымыз бар. Жылы, жайлы жерде еңбек етеміз. Құрал-сайманың сай. Білмегеніңді оқытып, үйретіп отырады, – дейді Б.Шәйкен.

Кәсіпорын болашақта керек кадрларды даярлау қамында тех­никалық мамандарды оқытатын Қостанай автожол колледжімен де тығыз байланыс орнатқан. Биыл зауыт басшыларының ұсы­нысы­мен аталған колледжде трак­тор жасау саласына қатысты бірнеше мамандық ашылған. Мұнда оқып жатқан студенттер екі жылдан ке­йін трактор зауытына келіп, слесарь, станок бас­қарушы болып жұмысқа кіріседі.

«Беларусь» тракторы кабиналарын жасау цехы іске қосыл­ған соң, зауыт тағы 100 адамды жұмысқа алмақ.

 

Қостанай облысы