Саясат • 23 Қараша, 2022

Халық таңдауы – сенімді көшбасшы

455 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауы­ның түпкілікті қорытындысын жариялады. Сайлаушылардың 81,31 пайызы Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдап дауыс бер­ген. Сәйкесінше, Орталық сайлау комиссиясы халық сай­лаған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті ретінде тіркеді. Жаңадан сайланған Мемлекет басшысы Президент ретінде 26 қарашада ант береді.

Халық таңдауы – сенімді көшбасшы

Орталық сайлау комис­сия­сы­ның төрағасы Нұрлан Әбді­ровтің мәлі­метінше, Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 млн 456 мың 392 сайлаушы дауыс берген. «Бәріне қарсымын» бағанын 460 484 (5,8%) сайлаушы таңдаған. Жигули Дайрабаевқа – 271 641 (3,42 пайыз), Қарақат Әбденге – 206 мың 206 (2,6 пайыз), Мейрам Қажыкенге – 200 907 (2,53 пайыз), Нұрлан Әуесбаевқа – 176 116 (2,22 пайыз) және Салтанат Тұр­сынбековаға 168 731 (2,12 пайыз) дауыс берілген.

«Сайлаудың алдын ала қо­ры­тындылары ресми келіп түс­кен хаттамалармен расталды. Қазақстан Республикасының сайлау туралы Конституциялық заңының 9-бабы 1-тармағына, 65-бабына сәйкес, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 50 пайыздан астамының дауысын ал­ған кандидат республика пре­зи­денті болып саналады. Осы­лайша, 2022 жылғы 20 қара­шадағы кезектен тыс сайлауда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды», деді Нұрлан Әбдіров.

Әу баста сайлаушылар саны 11 млн 953 мың 465 адамды құра­ғаны белгілі. Десе де 8 млн 300 мың 46 адам немесе 69,44 пайызы дауыс беруге арнал­ған бюллетеньдерді толтыр­ған. Дауыс беру күні президент­тікке кандидаттардың 11 мың­нан аса сенім білдірген адам­дары, шетелдік халықаралық ұйым­дардың 641 байқаушысы, саяси пар­тиялардың 15,5 мыңнан аса бай­қаушысы, қоғамдық бірлестік­терден 30 мыңнан аса байқау­шы сайлауды бақылаған. Сайлау учас­келерінде 1 225 қазақстан­дық БАҚ өкілі, 23 елдің 41 ше­телдік БАҚ-тың аккредиттелген журналисі ақпарат таратқан.

Нұрлан Әбдіров президент сайлауы ұлттық заңнама мен халық­аралық міндеттемелерге сай жүзеге асырылғанын айтты.

«Сайлауды әзірлеу мен өткі­зуді ұйымдастыру Қазақстан Рес­публикасының ұлттық заңна­масына және халықаралық міндеттемелеріне, ашықтық және айқындық қағи­даттарына сәйкес жүзеге асырылды. Учаскелерде мү­гедектігі бар аза­маттардың дауыс беруі үшін ыңғайлы жағ­дай жасалды. Көру қабілеті на­шар азаматтар үшін алғаш рет сайлау бюллетеньдеріне Брайль қарпімен трафареттер жасалып, онымен барлық сайлау учаскелері қамтамасыз етілді», деді Н.Әбдіров.

Дауыс беру күні сайлау рәсімдерін кандидаттардың 11 мыңнан астам сенім білдірген адамы, 45 мыңнан астам ұлттық және халықаралық байқаушы бақылады. «Олардың қызметі сайлаушылар мен сайлау про­цесіне қатысушылардың құқық­тарын қамтамасыз етуге оң ық­пал етті. Байқаушылар мен сарап­шылар сайлаушылардың өз аза­маттық ұстанымы мен электо­раттық белсенділігін таны­тып қана қоймай елдің мүд­десі мен болашағы жолын­да саяси жауапкершілік таныт­қанын, сондай-ақ саяси науқан­ның жоғары деңгейде ұйымдас­тырылғанын, сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби даярлығын, технологиялық жаңалықтардың енгізілгенін және сайлау учаскелерінің тиісінше қамтылғанын ерекше атап көрсетті», деді Нұрлан Әбдіров.