31 Мамыр, 2014

Хат қоржын

326 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
ОҚЫРМАН ...алғыс айтады Емі шипа елгезек жандар Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баев айтқан: «Жастар – елі­міздің болашағы», деген ұлағатты сөзіне нақтылай ісімен жауап беріп келе жатқан «Республикалық балаларды оңалту орталығы» АҚ ұжымына ризашылығымды білдіремін. Осы мекеменің «Қам­қор» бөліміне ұлымды арнайы диагнозымен ем қабылдауға әкел­ген болатынмын. Келген күн­нен бастап бөлім меңгерушісі Гүл­жан Орынбайқызы бастаған ұжым дәрігерлері жылы жүзбен қабыл­дап, емделуге келгендерді нау­қастарына қарай дәрігерлерге бөліп беріп, емдеуді бірден бастап кетті. Менің ұлымды емдеуді дәрігер Гүлдана Хасеноваға тапсырған болатын. Күнделікті жүйелі емдеудің арқасында аз күннің өзінде ұлымның денсаулығында көңілге қонарлықтай оңалу байқалуда. Емделуші балаларға ем қабылдаудан босаған соң күнделікті түрлі мәдени шаралар өткізіліп, балалардың туған күндері аталып, сыйлықтар беріліп, концерттік қойылымдар көрсетіледі. Бұл ретте тәрбиешілердің еңбегі зор. Бұдан басқа Астана қаласындағы жоғары оқу орындары студенттерінің ұйымдастырылуымен қайы­рымдылық концерттері де өткізілді. Осы игі шаралардың ұйым­дас­тырушысы, «Қамқор» бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Искановаға, топ дәрігерлері – Гүлдана Ха­се­нова, Жанат Тұрсынбекова, Ал­магүл Әлімжанова, Жадыра Уақ­баева, Эльмира Жанғозиева, ЛФК дәрігері Азамат Естаев, аға медбике Әлия Аюпова және жалпы бөлім қызметкерлеріне зор алғысымды білдіремін. Уәли ҚАЙЫСОВ. ШЫМКЕНТ. ...ұсынысын жеткізеді Тіл – тұғырымыз Тіл – халықтың жаны, ұлттық болмыстың негізі десек, ол арқылы халықтың дінін, мәдениетін, дәс­түрін танып білуге болады. Қазақ тілі – халқымыздың тарихи шежіресі, бүгіні мен ертеңі, арманы мен үміті. Тіліміз ата-бабамыздың тарихи болмысы болса, бүгінгі және ертеңгі ұрпақтың туған еліне, жеріне деген үміт артар сенімі. Елбасымыз «Қазақ тілі – Қазақстанның болашағы» деп тегін айтпаса керек. Бұл сөздің астарында терең мағына жатыр. Осы ретте мен латын әліпбиіне көшу деген мәселені дұрыстап қол­ға алып қарастырған абзал деп білемін. Себебі, барлық мемлекеттер латын әліпбиін қол­дан­ғандықтан, бірін-бірін оңай әрі тез түсінеді деп ойлаймын. Бұл әліпбиге көшу бірқатар үлкен мүм­кіндіктерге қол жеткізбек. Бірін­шіден, қазақ тілінің орфо­эпиялық және орфографиялық жүйе­сі дұ­рыс­талса, екіншіден, халық­ара­лық ақпараттық жүйеге еркін енуге мүмкіндік тумақ. Сондықтан да, бұл мәселе жіті көңіл бөлуді қажет етеді. Гүлжан ОЗЫҚБАЕВА, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі. Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шытты ауылы. ...өтініш айтады Электр желісіне зәруміз Атырау облысы, Махамбет ауданы, Талдыкөл ауылының тұрғындары шарасыздықтан сіздерге хат жолдауға мәжбүр болып отырмыз. Біз аталған ауылға 2006 жылдан бастап көшіп келген оншақты үй тұрғындары ауылдың бір шетінен заңды түрде жер алып, баспана салып едік. 2011 жылы өз қаражатымызға 600 метр қашықтықтан газ желісін тартып алдық. Ауызсуды құдыққа автокөлікпен құйдырып алып отырмыз. Енді бізге үлкен қиындық тудырып отырғаны – электр қуатын тұтына алмай отырғанымыз. Аудан әкіміне біраз жылдар бойы өтініш жасап, «Нұр Отан» партиясының басшыларына да барып, ақырында 2011 жылы облыс әкімшілігіне хат жазған едік. Нәтижесінде, аудан әкімшілігінен 2011-2013 жылдары электр желісіне қосылады деген жауап алсақ, ал округ әкімі биыл да электр желісіне қосылмайтындығымызды айтып отыр. Газ құбырын да жүргізу мәселесі шешілмеген соң, ақырында несие алып өзіміз шешуге мәжбүр болдық. Ал электр жүйесін өз қаражатымызға жүргізуге жағдайымыз көтермейді. Қаражаттың жетіспеушілігі әкімдерді өз уәделерінен таюға мәжбүрлеп отырғанын түсінеміз, бірақ біздің де жағдайымызды түсінсе екен дейміз. Техника, компьютер дамыған заманда 7 жылдан аса уақыт жарықсыз, майшаммен отырмыз. Тоңазытқыш, теледидар дегендердің игілігін көре алмай отырғанымызға ішіміз ашиды. Уәде берілген 2013 жылды күтіп үміттеніп едік, ол үмітіміз үзіліп, ақыры сіздерге осы хатты жазуды ұйғардық. Сіздерден осы өтінішіміздің орындалуына, яғни биылдан қалдырмай Талдыкөл ауы­лына жаңадан қоныстанған он шақты үйді электр желісіне қосуға ықпал етулеріңізді сұраймыз. Талдыкөл ауылының тұрғындары атынан Ернар ИЗЖАНОВ. Атырау облысы, Махамбет ауданы, Талдыкөл ауылы. ...сақтандырады Агент – алтын уақыт жауы Қазіргі ақпараттың дамыған заманында жасты да, жасамыс­ты да өз ықпалына еріксіз тартып әкететін «агент» дегеннің шыққанынан барлығымыз да хабардармыз. Біз, әсіресе, жастар агентке кірмесек – «асыл затымыз» ұрланғандай күйде боламыз. Расында, сол «асылымыз» ұрланып жатыр. Ол – алтын уақытымыз. Агент біздің азығымыз да, асылымыз да емес. Күніне сол агенттің 1 сағатын биылғы мектеп бітіруші түлектер ҰБТ-ның 10 сұрағын жаттауға арнасақ, өзіміздің болашағымызға жасап жатқан мол үлесіміз болар еді. Еліміздің болашағы біздің яғни жастардың қолында. Қазақ елін өсіретін біздер жастармыз. Қымбатты құрбыларым, бұл ғасыр бәсеке ғасыры. Қазақстан жастары бәсекеге қабілетті, жігерлі болуы үшін де білімге қазірден ден қойған абзал. Айжамал БАТЫРХАН, 11-сынып оқушысы. Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Еңбекші ауылы. ... ризашылық білдіреді Үлкенге ізет, кішіге құрмет «Жас күнімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дейді халық даналығы. Бүгінде жасымыз тоқсаннан асқан қос қарияға осы бақыт бұйырыпты. Астана қаласындағы тиісті мекеме бізге Қостанайдағы «Сосновый бор» шипажайына жолдама беріп, біз мұнда 14 күн бойы ем-дом қабылдап, ерекше серпіліп қайттық. Шипажай қонақтарына ұйымдастыру алқасы барлық жағдайды жасапты. Тіпті арасында көңілдірек болуы үшін облыстық филармония әншілерін шақырып, концерт те қойып берді. Сондай-ақ, тағы бір ерекшелік, он шақты мүмкіндігі шектеулі жандарды да осында кездестірдік. Бұрындары мүгедек жандарды бұл жерден кездестірмеген едім. Оларға жасалған тағы бір жақсылық – арбалары жүретін жолдардың болуы дер едік. Үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуде шипажай басшылары және барлық дәрігерлер мен медбикелерге, аспаздарға жұмыстарына береке, отбасыларына амандық тілейміз. Оларға деген аталық ақ тілегімізді аға басылым «Егемен Қазақстан» арқылы жеткізсек дейміз. Кәметай ТОҚАБАЙ, Сейітжан ЕСІЛОВ, Ұлы Отан соғысының ардагерлері. АСТАНА.